Ақпараттық портал

Ауданда теміржол депосы пайдалануға берілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру, аумақтық даму жолында әр өңірдің бәсекелі артықшылығын ескеру қажеттілігі, өңірлерді дамыту ісіне қатысты тың тәсілдер еліміздің дамуы үшін өте маңызды екені айтылған еді. Сондай-ақ Президент инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керектігін, әрбір аймақ өзінің әлеуетін ескеріп, инвестиция бағыттау жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Рас, қазір шетелдік кәсіпкерлер Қазақстанда өз өкілдігін ашып жатыр. Бұл жағдай отандық нарыққа халықаралық сипат беруге, әділ бәсекені күшейтуге және экономиканы әртараптандыруға ықпал етуде. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия мен Тынық мұхит елдеріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы инвестиция жөніндегі баяндамасына сүйенсек, 2024 жылы біздің елдегі жаңа жобаларға 15,7 миллиард доллар көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылған екен. Бұл ретте Әулиеата өңірінде де инвестициялық тұрақтылық сақталып, облысымыздағы индустриалды аймақтарға инвестиция тарту жұмыстарына ерекше мән беріліп келеді. Мәселен, жуырда ғана Шу ауданында ірі инвестициялық жобалардың бірі – теміржол депосы сәтті іске қосылды.
Жалпы, тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу вокзалы – еліміздегі темір жол саласындағы маңызды нысанның бірі. Еліміздің төрт құбыласын бір-бірімен жалғап тұрған, тіпті көптеген жолаушыға бірқатар шет мемлекетке де жол ашып отырған мекен. Кезінде Тұрар Рысқұлов пен Мұхамеджан Тынышпаев сияқты ұлт қайраткерлерінің маңдай тері мен табан ізі қалған жер. Кейіннен Шу қаласы салынып, оған өз алдына облыстық деңгейдегі қала мәртебесі берілгенде бұл жер көптің көкейінде «Шу вокзалы» болып берік орнады. Бұл күнде осы Шу вокзалын білмейтін адам жоқ шығар. Арқа мен Алатау, Алтай мен Атырау сияқты төрт тарапқа көпір болып келе жатқан вокзалдың өз алдына дербес тіршілігі қалыптасты. Еліміздің көптеген нүктесіне пойыздар осы Шу вокзалы арқылы өтеді. Тіпті Ташкент, Мәскеу мен Бішкек секілді шетелдік ірі қалаларға да Шу арқылы баруға болады.
Енді міне, бұл өлкеде бір мезетте «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ пайдаланатын KZ4 және KZ8 электровоздарын жөндеуге қауқарлы темір жол сервистік депосы ашылып отыр. Жобаның жалпы құны – 3 миллиард теңгеден асады. 1988 жылдан бері елімізде салынған алғашқы депоның құрылысына қаржы құйған франциялық «Alstom Kazakhstan» компаниясы. Депоның ашылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Қазақстан Республикасының Француз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, Көлік министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері және жоба жетекшілері қатысты. Аймақ басшысы өз сөзінде бұл депо 100-ден астам адамның тұрақты жұмыспен қамтылуына әрі жергілікті халықтың табысын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Бүгін біз Жамбыл облысы үшін аса маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірімізде ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, жаңа өндіріс орындары ашылуда. Біздің аймақта 2025-2028 жылдары жалпы құны 3,7 триллион теңгені құрайтын 62 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылды. Тек биылдың өзінде 175,2 миллиард теңгеге бағаланған 30 жоба іске асырылып, бір мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ Шу ауданындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағы инвестициялық жобалар алаңына айналды. Бұл – бизнес қауымдастықтың өңірдің экономикалық әлеуетіне деген сенімінің жоғары деңгейін дәлелдейді. Соның айқын дәлелі – бүгін іске қосылып отырған «Alstom Kazakhstan» компаниясының темір жол сервистік депосы. Жалпы, бұл жобаның Шу ауданында орналасуы – оның стратегиялық маңызын арттырып, еліміздің темір жол инфрақұрылымын дамытуға, транзиттік әлеуетті нығайтуға зор үлес қосуға үлкен серпін берері анық, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Ал Қазақстанның Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова екі ел арасындағы берік стратегиялық әріптестік аясында қазіргі таңда бірлескен жобалар сәтті жүзеге асып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, 1992 жылдың қаңтар айында Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған Франция мемлекеті отыз жылдан астам уақыт ішінде Қазақ елінің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылғанын атап өтті. Нәтижесінде, француздар 1995 жылдан бері біздің елге 20 миллиард теңгеден астам инвестиция салған. Сондай-ақ 2008 жылдан бері қос елдің арасында стратегиялық сипаттағы байланыс орнатылып, Франция үшін Қазақ елі Орталық Азиядағы маңызды серіктес елге айналып үлгерген. Айта кетейік, дәл қазір Қазастан Францияның энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға айрықша үлес қосып келеді. Өз кезегінде Alstom компаниясының Батыс және Орта Азиядағы басқарушы директоры Жером Бойе Қазақстан тарапынан көрсетілген сенім мен екіжақты ынтымақтастық үшін алғысын білдірді.
Атап өту керек, енді ғана іске қосылған кәсіпорын қызметі халықаралық стандарттарға толық сәйкес жүзеге асырылмақ. Мамандардың сөзінше, мұнда өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталады. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған депо ай сайын 120-ға, ал жыл сайын 1 500-ге жуық электровозды сапалы жөндеуден өткізеді.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.