Ақпараттық портал

Жаңа мамандықтар ашылды

Күнделікті басып жүрген қара жеріміз, жай ғана жер деп аталмай, Жер Ана деп аталуының астарына үңілмей-ақ, айқын дәлелдері көзге танадай ұрады. Топырақты аударып жіберіп дән тастасаңыз да, көк шалғын шөбіне төрт түлікті өргізсеңіз де солардан алынатын өнім де, шикізат та асыраушы көзге айналып отқаны жасырын емес. Барын да, нарын да беріп отырған қара жер, анамыз емей немене?! Өткен ғасырларда ешбір оқу-тоқусыз ақ мол өнім алған бабаларымызды үлгі тұтамыз, дәріптейміз. Ал, қазіргідей экологиялық ахуал күрделі болып тұрған заманда құнарсызданған жерді түрлі тыңайтқыштармен нәрлендіріп, тозған жерді қалпына келтіріп, түрлі технологияларды меңгеру үшін озық тәжірибе қажет. Ол үшін арнайы мамандардың теориялық, практикалық негіздеріне жүгініп, ауылшаруашылық саласының қыр-сырларын игеру керек.

«Еңбек адамының» беделін арттыруды негізгі басымдық еткен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, ауыл шаруашылығын ілгерілетуге айтарлықтай жағдай жасау қажеттігін тапсырды. Оған «Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз» деген Жолдаудағы сөзі дәлел.
Міне, жоғары биліктің агроөнеркәсіп саласына қолдау білдіруінің арқасында түрлі игілікті істер жүзеге асуда. Соның жарқын көрінісі, ауданымыздағы №10 Шу колледжінде «Агрономия» мамандығының ресми ашылу рәсімі. Оған аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің өзі тікелей қатысты.
«Бүгін біз үшін ерекше, тарихи сәт – №10 колледжінде «Агрономия» мамандығының ресми ашылу рәсіміне куә болып отырмыз. Бұл – тек бір мамандықтың ғана ашылуы емес, бұл – біздің ауданымыздың аграрлық әлеуетін арттыру жолындағы маңызды қадам. Агроном – егіншілік мәдениетін жетік білетін, топырақ құнарын сақтай отырып өнімділікті арттыра алатын, экологиялық тепе-теңдікті ескеретін, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге үлес қосатын тұлға. Бізге осындай жан-жақты, заманауи талаптарға сай мамандар ауадай қажет. Сондықтан осы мамандықтың ашылуы – уақыт талабы ғана емес, ел болашағына салынған инвестиция деп білеміз»-деді Бақытжан Оразалыұлы өз сөзінде. Осыдан-ақ, аталған мамандықтың қажеттілігі өздігінен айқындалып тұр.
Мұнан кейін салтанатты жиында «Қызылша жер» компаниясының өкілі Тұраров Руслан сөз алып, ашылып отырған мамандықтың қажеттілігін айтып, ізгі лебізін де арнады. Дәл осы сәттен кейін еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлауға бағытталған игі іске жол салатын “Агрономия” мамандығының лента қию сәті өтті. Бұған қоса «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер» мамандығы да қоса ашылды. Сондай-ақ, осы іске тікелей мұрындық болып отырған «Қызылша жер» компаниясының өкілдеріне Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы атынан Алғыс хат табыс етілді.
Тағы бір атап өтер жай, Кәсіптік бағдар беру жұмысын дамытудың 10-шы қадамының 14-тармағы, 4-қадамын іске асыру мақсатында мектептерде 1000 бейіндік сынып құру бағыты бойынша ынтымақтастық орнатылып, №10 Шу колледжі директоры Мусаева Токжан мен Мухтар Әуезов атындағы орта мектептің директоры Татибеков Дархан меморандумға қол қойды.
Ауыл шаруашылығы саласына негізделген бұл қадам агроөнеркәсіп секторына оң ықпал етіп қана қоймай, ел экономикасының өркендеуіне үлес қосып, мықты агрономдардың шығуына жол ашатыны сөзсіз. Алдағы уақытта осы мамандыққа қарай бет бұрып, ауыл шаруашылығына бел шеше кірісетін жастарымыздың қарасы көбейе берсін!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.