Баланың бәрі бақытты болса, сол бақыт…
“Бақыт деген сенің бала күндерің” деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, нағыз қамсыз, алаңсыз, бал дәуренің – бала шағың. Әйтсе де сол бала шақтың бақытты сәттермен есте қалуы үшін қоғам болып атсалысу қажеттігін кейбір жандар ұғынбай жатады. 1 маусым жай ғана Балалар күні емес, Халықаралық балаларды қорғау күні болып бекітілуінде үлкен мән жатыр.
Балаларды қорғау дегенді бұрмалап, әзілге айналдырып “балаларды неден қорғаймыз, кімнен қорғаймыз?” деп жүргендер де жетерлік. Тарихтан белгілі, небәрі 5-6 жасында қабырғасы қатайып, бұғанасы бекімей жатып-ақ ата-бабаларымыз еңбекке жегіліп, әр күнін күмәнмен, қорқынышпен өткізіп, анасының көз жасына көңілдері босағаны. Міне сол бір қиын сәттер де артта қалып, балаларымыз мамыражай шақтардың бал дәмін татуда. Соған сай балаларымыздың құқықтары қорғалуы тиіс. Әр бала толық отбасыда тәрбиеленіп, отбасылық зорлық-зомбылықтың зардабын тартпай, әр күні қуаныш-қызықпен өткені абзал. Хадистердің өзінде “Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады” деген құдіретті сөз бар.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай еліміздің түкпір-түкпірінде балалардың көңілін аулауға, жүзіне қуаныш нұрын сыйлауға бағытталған түрлі іс-шаралар өтеді. Соның бір легі біздің ауданда да орын алды. Дәл осы күні-ақ таңертеңнен баласын жетектеген ата-аналар мен мұғалімдер теміржол вокзалының маңына ағылды. Жылдағы дәстүрге сай қала сыртындағы сауықтыру лагеріне ауданымыздан 200 оқушы 12 күнге демалуға жол тартты. Яғни аз қамтылған, көпбалалы, жартылай жетім санатындағы балалар Алматы облысы, Қонаев қаласындағы «Jellyfish Camp» сауықтыру лагеріне жіберілді. Бұл 200 баланың қала сыртындағы лагерьде сауықтырылуына 12 млн 600 мың теңге қаражат бөлінген. Сондай-ақ, 2 маусым күні мектеп жанындағы және қосымша білім беру мекемелерінде де жазғы лагерьдің ашылуы өтті. Мектеп жасындағы балалардың бос уақытын тиімді пайдалану, өнер-білімге баулу, спортпен шұғылдандыруға бағытталған жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілетін жазғы лагерь 2 кезеңмен өтеді, яғни І кезең 2-16 маусым аралығы, ІІ кезең 17-30 маусым аралығында.
Қазіргі таңда барлық игі істер өскелең ұрпақ үшін жасалуда. 1 маусым күні М.Жүнісәлиев саябағында таңсәріден әсем әуен төңіректі тербеп, баланың у-шуы ол әуенге реңк беріп, балалар мерекесі өзінің деңгейінде аталып өтті. Төле би ауылының орталығындағы саябаққа еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жиналып, мерекенің сәні кірді. Саябақтың безендірілгеніне қарап өскелең ұрпақтың біліммен қаруланып, спортпен шұғылдануына ерекше назар аударылғанын аңғарасыз. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков бастаған бір топ атқамінер азаматтарымыз да балғындарымыздың көңілін аулап, солардың жүзіндегі қуаныштың куәсі болды. Бұған қоса, аудандағы түрлі қосымша білім беру мекемелерінің көрсең көз тоятын көрмесін қарап, өз бағасын берді.
Сонымен қатар сахна төрінде аудандағы қосымша білім беру мекемелерінің өрендері әуелете әндерін шырқап, мың бұрала билерін биледі. Бұған қоса балдәурен балғын шақтың қызығына тояттай алмай жүрген, ойы еркін бүлдіршіндеріміз асфальт бетіне жарыса сурет салып, төңіректі нұрландырып жібергендей. Тиісінше мерекеге атсалысқан бүлдіршіндерге арнайы марапаттар мен сыйлықтар үлестірілді. Бұл күні балаларға тоқтаусыз балмұздақтар үлестірілді. Балалардың мерекесінде барлық жақсылық атаулы кішкентай бүлдіршіндерге арналды. Тіпті қаладағы ойын-сауық орталықтарында жасалатын аквагрим балаларымызға тегін жасалды. Сондай-ақ балалар түрлі аттракциондарда асыр салып, қалаған тәттілерін жеп, қалаған ойыншықтарын алып, қуаныштары еселенді. Әр баланың көңілді де бақытты балалық шағы болуы тиіс екеніне тағы бір мәрте назар аудартқан мереке жылма-жыл жалғасын тауып, бүлдіршіндердің әр күні бақытқа бөленсін.
Аяжан Жұмахан,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ІІ курс студенті
Сурет автордікі.