Әдеби-мемориалдық мұражайға тағылымды сапар
Биыл халық ауыз әдебиетінде тыңнан түрен салған жыр дүлдүлі Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толып отыр.
Бір ғасырдан астам уақыт бұрын дүниеге келген Жамбыл – бір адамның ғұмыры емес, тұтас халықтың жүрек дүрсілі еді. Ол домбырасын қолға алғанда дала сөйлейтін. Ол жыр бастағанда заман үн қататын.
Музей қабырғаларында – тарихтың табы бар. Домбырасы – талай толғаудың куәсі. Фотосуреттер – ел басына күн туған сәттердің үнсіз шежіресі.
Ал, әрбір жәдігер – Жамбылдың жүрегінен шыққан жырдың ізі.
Жуырда әртүрлі сала мамандарымен бірге жастар болып, ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық мұражайына арнайы сапар ұйымдастырдық. Сапар сәтті болды десек, артық айтқандық емес. Бұл – жай ғана тарихи орынға бару емес, рухани жаңғыру, өткенмен тілдесу, ұлттық тамырға қайта үңілу болды.
Бізді музей басында ақынның немересі Жамбылова Салтанат Тезекбайқызы қазақы дәстүрмен қарсы алды. Әдемі шашуын шашып, ыстық бауырсағын ұсынып, ақжарқын көңілмен қарсы алғаны ерекше әсер қалдырды. Қазақы қонақжайлық пен тектіліктің үлгісіндей көрінді. Ұжымымен бірге музей тынысын таныстырып, Жамбыл атаның өмірі мен шығармашылығы жайлы тағылымды әңгімелер айтты.
Жамбыл ата өмірінің соңғы жеті жылында 12 бөлмелі зәулім үйде тұрған. 1938 жылы мемлекет тарапынан үймен қоса МК-М1 маркалы автокөлік сыйға берілген. Бұл көлік 2008 жылы күрделі жөндеуден өтіп, қазіргі таңда да жүріп тұр. Сол дәуір үшін мұндай құрмет – ақынға көрсетілген айрықша ықыластың белгісі.
Үй ішінде ақынның жеке жатын бөлмесі, пайдаланған тұрмыстық заттары, ыдыс-аяғы, домбырасы мен құнды жәдігерлері сақталған. Әр бөлме – тарихтың үнсіз шежіресі іспетті. Жамбыл ата тұрған жылдары үйінде аспазшы, мейірбике және төрт әдеби хатшы болған. Әдеби хатшылардың болуының себебі – ақынның жазу сауатының жетік болмауында. Алайда оның есте сақтау қабілеті ерекше мықты болған деседі. Жырды суырып салып айтып, ұзақ толғауларды жатқа жеткізген.
Жамбыл атаның отбасылық өмірі де тағдырлы болған. Ол үш рет шаңырақ көтерген. Бірақ үсті-үстіне алмаған. Алғашқы жары қайтыс болғаннан кейін, екінші рет әмеңгерлік жолымен бауырының әйелін алған деседі. Үш әйелінен сегіз ұл, екі қыз дүниеге келген. Бүгінде Жамбыл әулетінен жүзден аса ұрпақ тараған. Бұл – бір адамның ғана емес, тұтас бір әулеттің, тұтас бір рухтың жалғасы.
Музейден кейін Жамбыл атаның кесенесіне барып, Құран бағыштадық. Ақын тірі кезінде: «Осы үйімнің артындағы алма бақтың ортасына жерлеңдер» деген екен. Бүгінде оның мазары Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында орналасқан. Алма бақ ортасындағы тыныштық пен табиғат үйлесімі ерекше әсер береді. Бұл жер – тек зиярат орны ғана емес, рухани тынығу мекені.
Сапар барысында қазақтың тағы бір дара перзенті, күй өнерінің хас шебері Нұрғиса Тілендиевтің де ескерткіші мен зияратын көрдік. Нұрғиса ата өзі өлер алдында: «Мені Жамбыл атаның жанына жерлеңдер. Жамбыл атаға келген он адамның бесеуі болсын маған да Құран бағыштар» деген екен. Бұл сөз – ұлы тұлғалардың бір-біріне деген құрметі мен рухани сабақтастығының айқын дәлелі.
Салтанат Тезекбайқызының айтуынша, Жамбыл атаның 180 жылдығына орай бірқатар ауқымды іс-шаралар жоспарланып отыр. Музейге келушілер саны да жыл санап артып келеді. Бұл – халықтың тарихи тұлғасына деген құрметінің белгісі.
Бұл сапар бізге көп ой салды. Жамбыл ата – тек жыр алыбы ғана емес, тұтас бір дәуірдің куәсі, халық рухының символы. Оның қарапайымдылығы, елге деген адалдығы, рухани биіктігі – бүгінгі жастар үшін үлкен өнеге.
Қорытындылай келе, бұл сапар – өткенге тағзым, бүгінге тағылым, ертеңге сенім болды. Жамбыл мұрасы – мәңгілік. Ал сол мұраны тану, құрметтеу – біздің буынның парызы. Жыр алыбының қарашаңырағынан алған әсеріміз жүрегімізде ұзақ сақталары анық.
Фариза Нұрханқызы,
журналист.