Ақпараттық портал

Аруларға құрмет көрсетілді

Жұма күні Шу аудандық мәдениет үйінде 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай аудан әкімі Б.Жәнібековтың қатысуымен салтанатты жиын өтті. Аталмыш шараға аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, бөлім басшылары мен округ әкімдері, мекеме басшылары мен өкілдері шақырылды.

Кеш шымылдығы ашылғаннан кейін аудан басшысы мінберге көтеріліп, нәзік жанды қауымды атаулы мерекемен құттықтады. Бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен түздің жұмысын түгендеп жүрген қыз-келіншектердің өңірдің дамуына қосып отырған үлесін жоғары бағалаған Бақытжан Оразалыұлы өзінің жүрекжарды лебізін жеткізді.
– Халқымызда қыз-қарындастың, келіншектер мен аналардың мәртебесі әрдайым биік екені белгілі. Қазіргі қоғамда да әйелдер қауымының құқықтары барынша қорғалып, маңызды шаралардың бел ортасынан нәзік жандылар табылып келеді. Әйел тек отбасының берекесін ойлайтын жан ғана емес, ол мемлекеттік өмірге және саяси үдерістерге өз үлесін қосып жүрген қоғамның белсенді мүшесі.
Кешегі кемеңгер аналардың ел өміріне әсер еткен қадамдары қатпарлы тарихтан мәлім. Олар ерге бергісіз істер атқарып, тіпті жаугершілік заманда атқа қонған. Зере мен Ұлжан, Айғаным сынды аналар халықтың аяулы перзенттерін тәрбиелеген болатын. Қазіргі таңда сондай әз жандардың ізін басатын қыздарды тәрбиелеу баршамызға борыш. Өйткені қыз тәрбиелей отырып, тұтас ұлтқа тәлім беріп жатқанымызды ұмытпауымыз керек. Қыз әдебімен сұлу, арымен қымбат, – деген аудан әкімі мереке иелеріне денсаулық, отбасы бақыты мен береке тіледі.
Мұнан кейін кезек марапаттау рәсіміне беріліп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлестері үшін бірқатар жандар аудан басшысынан Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар, облыстық мәндегі марапаттарды алды. Сонымен қатар естелік сияпаттар тапсырылды.
Озық ісі мен көпжылғы еңбегі ескерілген азаматшалардың бір шоғыры аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әлкенұлының қолынан Шу ауданының Құрмет грамотасына ие болды. Марапаттау бөлімінде бірқатар азаматшалардың өңірдің дамуына қосқан еселі еңбегі еленіп, «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды.
Әдеттегідей салтанатты жиын соңы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған сазды бағдарламаға ұласты. Бағдарлама барысында тақырыптық әндер шырқалып, көзге қуаныш сыйлайтын билер тарту етілді. Құттықтау мен құрметке бөленген қауым салтанатты шарадан және сазды бағдарламадан көтеріңкі көңілмен үйлеріне тарқасқаны көрінді.
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ауданымызда бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Оның ішінде Шу қаласы мен ауылдық округтерде әз әжелерді, алтын құрсақты аналарға ілтипат көрсетілді. Сонымен қатар, ерекше балаларға күтім жасап жүрген аналар да құрмет құшағына бөленді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.