Инфляция және әлеуметтік азық-түлік тауарларының жағдайы қаралды
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляция динамикасы мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының ахуалына арналған кезекті кеңес өтті.
Азық-түлік инфляциясы төмендеу үрдісін жалғастыруда: желтоқсандағы 13,5 пайыздан қаңтарда 12,9 пайызға, ақпанда 12,7 пайызға дейін төмендеді. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, бұған әсер еткен факторлардың бірі — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізімінің жаңартылуы. Аталған тізім 19 атаудан 31 атауға дейін кеңейтілді. Бағаның тұрақтануына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесінің сақталуына мемлекеттік бақылаудың күшейтілуі де ықпал етуде.
Жыл басынан бері Сауда комитеті тиісті талаптарды бұзғаны үшін 800-ден астам әкімшілік іс тіркеді. Жалпы ел бойынша инфляция бесінші ай қатарынан баяулап келеді — 2025 жылдың қыркүйектегі 12,9 пайыздан 2026 жылғы ақпанда 11,7 пайызға дейін төмендеді. Наурыз айының алғашқы аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу индексі 0,1 пайызды құрады. Әдетте наурыз айында маусымдық баға өсімі байқалады. Дегенмен Сауда және интеграция министрлігі оны қосымша баға акцияларын ұйымдастыру және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін кеңейту арқылы тежеуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар көрші елдерден көкөніс өнімдерін жеткізуге арналған «жасыл дәліз» механизмі де өз жұмысын жалғастыруда. Кеңесте сүт өнімдерінің қымбаттағаны аталды. Бұл, ең алдымен, негізгі шикізат — шикі сүт құнының өсуімен байланысты. Бұдан бөлек, энергия ресурстары бағасының артуы мен өндірістік шығындардың көбеюі де әсер етуде. Айта кету керек, сүт өнімдері азық-түлік инфляциясының құрылымында елеулі үлеске ие — шамамен 6,3 пайыз.
Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігі сүт өңдеу кәсіпорындарын қолдау тетіктерін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ нан саласын қолдау шараларын пысықтау ұсынылды. Атап айтқанда, кәсіпорындарды арзандатылған астық және ұнмен қамтамасыз ету, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп тиісті шикізатты теміржол арқылы тасымалдау тарифтерін төмендету мүмкіндігін қарастыру мәселесі көтерілді. Вице-премьер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерді қолдаудың тиімді тетіктерін әзірлеу үшін елде жұмыс істеп тұрған 42 сүт өңдеу кәсіпорнындағы өнім бағасының қалыптасуына жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды. Кеңесте Жамбыл облысындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының жағдайы да жеке қаралды.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.