Тәтті табыстың иесі
Көктемнің алғашқы лебімен бірге келетін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні тек нәзіктік пен сұлулықтың ғана емес, қайсарлық пен табандылықтың, еңбек пен ерік-жігердің де мерекесі. Бұл өз арманына адал болып, жүрек қалауын кәсіпке айналдырған, отбасы мен қоғамға қатар үлгі бола білген әйелдерді ұлықтайтын ерекше күн. Осындай іскер, жігерлі, еңбекқор жандардың бірі – Шу өңіріндегі ең танымал кондитерлік кәсіптің иесі Мақпал Талғарқызы Кумарбаева.
Қазіргі таңда аудан көлемінде түрлі сала қарқынды дамып, жаңа кәсіп түрлері бой көтеріп келеді. Соның ішінде сұранысы күн санап артып отырған саланың бірі – кондитерлік өнер. Тәтті тағамға деген сұраныс қашанда жоғары, ал табиғи әрі сапалы өнімге деген талғам тіпті күшейе түскен. Дәл осы сұранысты дөп басып, алты жылдан астам уақыт бойы үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Мақпал бүгінде Шу қаласындағы ең ірі әрі ең көп өнім түрін шығаратын кондитерлік цехтың негізін қалаған. Шулықтар бұл цехты ерекше жақсы таниды. Бүгінде оның цехынан отыздан аса түрлі тәтті өнім шығарылады. Олардың қатарында нәзік дәмімен ерекшеленетін чизкейктер, түрлі түсті макаронс, заманауи арт десерттер, торттардың оннан аса түрі, муравейник, эклерлер, рулеттер, синнабондар және өзге де сұранысқа ие тәттілер бар.
Мақпалдың өмір жолы көпке ой саларлық. Негізгі мамандығы – малдәрігері. Алайда ол жүрек қалауына қарсы шықпай, жанына жақын істі таңдауды жөн көрді. Декреттік демалыста отырған кезінде, 2020 жылы кондитерлік кәсіпті хобби ретінде бастап, алғашқы тәттілерін үйіне, отбасына, туған-туыстарына әзірлеген. Сол сәттегі шағын ғана қадам бүгінгі үлкен кәсіптің бастауы боларын ол кезде ешкім де болжай алмаған еді. Уақыт өте келе дәмі тіл үйірер тәттілерге сұраныс артып, хобби табысты кәсіпке айналды. Алғашқы тұтынушылар ағайын-туыс, жақын жандар болса, кейін әлеуметтік желідегі жеке парақшасында фудблог жүргізу арқылы тұрақты клиенттер саны еселеп артты. Еңбек пен ізденістің арқасында Мақпал бүгінде сертификатталған кәсіби кондитер атанып отыр.
– Алғашқы кезде ең қиын болғаны өз өніміңе халықтың сенімін қалыптастыру. Табиғи, таза өніммен жұмыс істегенде шығының да көп болады, бағасы да дайын әрі арзан өнімдермен салыстырғанда жоғарырақ көрінуі мүмкін. Сол себепті тұтынушыға оның айырмашылығын, пайдасын, сапасын түсіндіру оңай болған жоқ. Алайда уақыт өте келе адамдар дәмді ажырата бастады, табиғи өнімнің қадірін түсінді. Қазір тұтынушылар саналы, сұранысы да өзгерді. Жалпы кондитерлік сала сырттай қарағанда тек тәтті әзірлеу сияқты көрінгенімен, шын мәнінде бұл үлкен еңбек пен тәртіпті талап ететін кәсіп. Түн ұйқыңды төрт бөліп, тапсырысты уақытында дайындау, әр өнімнің сапасын бір деңгейде ұстап тұру, санитарлық талаптарды сақтау – мұның бәрі үлкен жауапкершілік. Бір тортты жасаудың артында тәжірибе, шыдамдылық және махаббат жатыр. Егер адам бұл істі сүймесе, ұзаққа бармайды. Мен үшін ең маңыздысы – тұтынушының сенімі. Бір рет сатып алып, қайта айналып келсе, ең үлкен жетістік сол болмақ. Сол сенімді жоғалтпау үшін әр тәттіні өз балама жасағандай әзірлеймін. Құрамына үнемі мән беремін, сапасыз өнім қолданбауға тырысамын. Себебі адамдар бізге қуанышты сәттерінде – туған күн, мереке, той кезінде келеді. Ол сәттердің дәмі де ұмытылмас болуы керек, – дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде.
Бүгінде Мақпал жалғыз өзі бастаған істің тізгінін кеңейтіп, қарамағына төрт бірдей қыз-келіншекті жұмысқа алған. Мемлекет тарапынан қолдау алмағанымен, алған бетінен қайтпай, маңдай терімен жетістікке жетіп келеді. Қазіргі таңда кондитерлік цехтан бөлек, «Манилла» деп аталатын кофейнясы да көптің жүрегін жаулаған. Арманы асқақ кәсіпкердің алдағы мақсаты да айқын. Ол болашақта үлкен, заманауи кондитерлік цех ашып, елімізге танымал бренд қалыптастыруды көздейді.
Кейіпкеріміз кондитерлік кәсіпке қадам басқысы келіп, бірақ батылы жетпей жүрген нәзік жандыларға да өз кеңесін айтады.
– Қазіргі таңда көптеген қыз-келіншектер “қолымнан келе ме?”, “бастасам, өтпей қалмай ма?” деп қорқады. Мен де сол жолдан өттім. Бірақ ең бастысы – алғашқы қадам. Кәсіпті кішкентайынан бастауға болады. Үйден, аз құрал-жабдықпен бастауға әбден мүмкіндік бар. Маңыздысы үздіксіз даму, үйренуден жалықпау. Қазір ақпарат көп, курстар, тәжірибе алмасу мүмкіндіктері жеткілікті. Тек ниет болса болғаны, – дейді Мақпал.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Мақпал Талғарқызы сынды іскер, батыл, еңбекқор әйелдердің бейнесі әрбір нәзік жанға шабыт сыйлары сөзсіз. Сондықтан тәтті дәмімен ғана емес, тәтті тағдырымен де көпке үлгі болған Мақпалдай әйелдердің мерейі әрқашан үстем болсын!
Балнұр Жексенбекқызы.