Батагөй қариялар бақ сынады
Қазақ халқының рухани қазынасында бата – тек өлеңмен өрілген сөз емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қасиетті аманат, өмірлік бағыт-бағдар, ізгі тілек пен ақ ниеттің көрінісі. «Батамен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген дана халқымыздың сөзі бекер айтылмаса керек. Бата – үлкеннің кішіге берген ақ жолы, жүректен шыққан шынайы тілегі, ізгілікке бастайтын асыл мұрасы.
Қасиетті топырағымыздан “от ауызды, орақ тілді”, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйреп айтар, ақыл айтқанда ағын судай арқырар шешендер, көсемдер, билер өткенін тарихтан білеміз әрі айтып та жүрміз. Сол даналардың сара жолы – бүгінгі ұрпаққа үлгі, ал сол жолды жалғау – бүгінгі аға буынға аманат. Бүгінгі ақсақалдардың әрбір батасы – сол бабалар үнінің жалғасы, ұлт рухының жаңғырығы іспетті.
Осы тұста батаның құдіреті мен тәрбиелік мәнін айқындайтын тағылымды мысалдардың бірі – Бауыржан Момышұлына оның атасы Имаштың берген батасын айтып өтсек болады. Жаңадан ғана өмірге келген немересін қолына алып еміренген Имаш атасы Бауыржанға жас бұтақты ұстатып:
«Құрық деп берсем, құл болма,
Шыбық деп берсем, шіл болма.
Бәрінен де шырағым,
Баяны жоқ ұл болма!»-деп ақ батасын берген екен. Бұл Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабында кеңінен айтылады. Бұл – жай ғана тілек емес, ұрпақтың болашағына бағытталған рухани бағдар, ерлік пен елдікке үндеген ұлы аманат еді. Осы шынайы ықыласпен берілген бата кейін немересінің тағдырына әсер етпей қоймады. Бауыржан Момышұлы – елін қорғаған батыр, халқының рухын көтерген қайсар тұлға болып қалыптасты. Демек, батаның тек сөз емес, тағдырға әсер ететін, тұлға қалыптастыратын рухани күш екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Осы ұлағатты дәстүрді дәріптеу мақсатында күні кеше ғана Абай ауылындағы мәдениет үйінде Шу аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен аудан көлемінде «Батаменен ел көгерер» атты батагөй ардагерлердің тағылымды байқауы ұйымдастырылып, оған ел ішінде сыйлы, сөз қадірін білетін, бата өнерін бойына сіңірген 11 ардагер қатысты.
Атап айтсақ, байқауға қатысқан ардагерлер қатарында Далақайнар ауылдық округі атынан Абдрайымов Болат, Қорағаты ауылдық округі атынан Адамқұлов Бақтыбек, Өндіріс ауылдық округі атынан Абдикаримов Бөгет, Ақсу ауылдық округі атынан Әлханұлы Төреқұл, Қонаев ауылы атынан Бахтияров Сәрсенбек Абдуалиұлы, Балуан Шолақ ауылдық округі атынан Садырбаев Әлдибай, Қазанбаев Бейсенбайлар, Ақтөбе ауылдық округі атынан Қабылбеков Әмірхан, Қорағаты ауылдық округі атынан Кобелеков Тілеухан, Төле би ауылдық округі атынан Қасымов Нұрлыбек, Шу қаласынан Рахманов Батырбек сынды ел ағалары өз өнерлерін ортаға салды. Байқау – тек жарыс емес, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға, жастарға өнеге көрсетуге бағытталған маңызды рухани шара болды. Бұл байқауға аудандық ардагерлер кеңесінің құрамындағы мүшелердің барлығы дерлік қонақ ретінде қатысты.
Байқау бойынша батагөй қарияларға үш сұрақтан берілді. Алғашқы сұрақ бойынша қатысушылар қазақтың салт-дәстүріне байланысты баталарды орындады. Мәселен, тұсаукесер, сүндет той, жас жұбайларға арналған баталар арқылы әр ата өз тәжірибесі мен өмірлік даналығын көрсетті. Әрбір айтылған батада ұлттың болмысы, тәрбиесі мен тәлім-тәрбиелік мәні айқын сезілді.
Екінші сұрақ бойынша қатысушылар халқымыздың белгілі би-шешендері мен ақын-жазушыларының баталарын жатқа айтып, рухани мұраға деген құрметін танытты. Бұл жерде Төле бидің парасатты сөздері, Жамбыл Жабаевтың жырмен өрілген батасы, Бауыржан Момышұлының өр мінезді нақылдары, Сәбит Мұқановтың тағылымды тілектері кеңінен көрініс тапты.
Үшінші сұрақ бойынша салт-дәстүр мен жөн-жоралғыға қатысты сұрақтарға жауап беріліп, қатысушылардың білім деңгейі мен өмірлік тәжірибесі сыналды. Бұл кезеңде де ақсақалдарымыз ұлттық дәстүрлердің терең мағынасын ашып, кейінгі буынға үлгі боларлық жауаптарымен ерекшеленді.
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» демекші, төл өнерімізді төрге оздыруға төбе көрсеткен батагөй ардагерлерімізге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев, ҚР мәдениет қайраткері, ақын Базарбай Асқартегі, аудандық билер кеңесінің төрағасы Жұмаділдә Бәйтерек, ҚР мәдениет қайраткері, мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Бақытжамал Қосыбаева, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мейірхан Балықбаев сынды елге сыйлы азаматтар төрелік етті.
Шара барысында әрбір ақсақал сахнаға шыққанда залда ерекше бір жылылық пен құрмет сезілді. Өйткені бата – тек сөз емес, ол жүректің үні, өмірдің өнегесі. «Жаңбырмен жер көгерсе, батамен ел көгереді» деген тәмсіл осы жерде тағы бір мәрте дәлелденгендей болды. Байқау нәтижесі бойынша бас жүлдені Балуан Шолақ ауылдық округінен қатысқан батагөй қария Әлдибай Садырбаев иеленсе, жүлделі І орынды Төле би ауылдық округі атынан қатысқан Нұрлыбек Қасымов, ІІ орынды Ақсу ауылдық округі атынан қатысқан Төреқұл Әлханұлы, ал ІІІ орынды Қорағаты ауылдық округі атынан қатысқан Бақтыбек Адамқұлов алып, арнайы дипломдар табысталып, тұрмысқа қажетті мұздатқыш, теледидар, көп функциялы ас пісіргіш сияқты бағалы сыйлықтарды еншіледі. Басқа қатысушыларға да арнайы марапаттар мен сый-сияпаттар табысталып, данагөй қариялардың еңбегі лайықты бағаланды.
Осындай тағылымы терең іс-шаралар арқылы халқымыздың бата беру дәстүрі жаңғырып, жас ұрпақтың санасы серпіле түсері анық. Өйткені бата – ұлттың рухани коды, тәрбиенің қайнар көзі. Бүгінгі қариялардың айтқан әрбір батасы – ертеңгі ұрпаққа бағытталған ақ жол. Сондықтанда, бабалардан қалған осы асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бата бар жерде – береке бар, бірлік бар, болашаққа сенім бар.
Айғаным Асқарбек.