Ақпараттық портал

Ұлттық рухты ұлықтаған тағылымды бастама

Шу ауданында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соңғы жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жекеменшік балабақшалар саны артып, бүлдіршіндерді қамту көрсеткіші жақсара түсті. Бұл – сапалы тәрбие мен білім беруге жасалған нақты қадам. Аталған бағыт Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаевтың тұрақты назарында.
Бүгінде мектепке дейінгі ұйымдарда тек білім беру емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеу ісі де басты басымдықтардың біріне айналып отыр. Осы орайда «Жангүлім», «Айбота-Бота», «Аяла» жекеменшік балабақшаларының ұйымдастыруымен өткен «Тоғыз жолдың торабындағы – Жеті қазына» атты тағылымы мол іс-шара – соның айқын дәлелі. Оған аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Саттарқұлұлы, аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Аида Бекмурзина, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері және БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шараның мазмұны арнайы бекітілген ереже негізінде құрылып, ұлттық тәрбиеге бағытталған жүйелі кезеңдер арқылы жүзеге асты. Сайыстың басты мақсаты – «Жеті қазына» ұғымының мәнін терең ұғындыру, ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту және Наурыз мейрамының рухын дәріптеу болды.
Салтанатты ашылу бөлімінде қатысушылар таныстырылып, әділқазылар алқасы бекітілді. Сонымен қатар, үш балабақша арасында ынтымақтастықты нығайту мақсатында меморандумға қол қою рәсімі өтті. Бұл – ұйымдар арасындағы өзара тәжірибе алмасуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашатын маңызды қадам. «Ынтымақ бар жерде – ырыс бар» деген халық даналығы осы сәтте нақты көрініс тапты.
Сайыс жеті кезеңнен тұрып, әрқайсысы ұлттық құндылықтардың бір қырын ашуға бағытталды. «Ақыл-білім» кезеңінде ұлттық тағамдар бойынша танымдық сұрақтар қойылып, қатысушылардың білім деңгейі сараланды. «Береген мылтық» кезеңінде мергендік пен дәлдік сынға түссе, «Жүйрік ат» кезеңінде өнер мен сөз шеберлігі үйлесім тапты.
Ал «Құмай тазы» кезеңі арқылы қатысушылардың ептілігі мен жылдамдығы байқалса, «Сұлу әйел» кезеңінде нәзік жандылардың өнері мен шеберлігі көрермен ықыласына бөленді. «Қыран бүркіт» кезеңінде тәрбиешілердің шығармашылық ізденісі көрініс тауып, ал «Ер жігіт» кезеңінде күш пен жігер сыналды.
Атап өтерлігі, бұл байқауда балабақша меңгерушілері, тәрбиешілері, қызметкерлері, бүлдіршіндері ғана бой көрсетіп қоймай, ата-аналар да белсенді атсалысып, әр кезеңде өздерін әр қырынан көрсете білді. Әр кезең нақты ережеге сай ұйымдастырылып, қатысушылардың дайындық деңгейі, ұлттық құндылықтарды меңгеруі және шығармашылық қабілеті әділ бағаланды. Бұл өз кезегінде іс-шараның мазмұндық сапасын арттырып, оның тәрбиелік мәнін тереңдете түсті.
Шара барысында балабақша ұжымдары қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін, ұлттық тағамдарын және ойындарын кеңінен насихаттап, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие үлгісін көрсете білді. Бүлдіршіндердің белсенділігі мен тәрбиешілердің шығармашылығы іс-шараның көркін аша түсті. Тартысты өткен байқаудың түйіні бойынша бас жүлдені «Жангүлім» бөбекжай бақшасы иеленіп, «Айбота-Бота» мен «Аяла» жекеменшік балабақшалары тең түсті.
Дәл осындай мазмұнды, жүйелі ұйымдастырылған шаралар ұлттық тәрбиені жаңғыртып қана қоймай, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының өзара байланысын нығайтуға, тәжірибе алмасуына оң ықпал етеді. «Тәрбие-тал бесіктен» деп халқымыз текке айтпаған. Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек деген әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидың даналық сөзі тағы бар. Тәрбиені қолға алсақ, әдіс-тәсілдер жетерлік, өскелең ұрпақтың өн бойына өнеге дарытар өсиет сөздеріміз де баршылық. Тек жүйесін тауып, жүзеге асырсақ болғаны. Бұл игі істердің барлығы болашағымыз жарқын, келешегіміз кемел болуы үшін.
Бүгінгідей түрленген əлемде жас ұрпақты оқуға ынталандыру ісі осындай ұлттық рухты көтерер жобалармен сабақтасып жатса ғана жастарымыз білімге талпынары сөзсіз. «Ел есінде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мəңгі қалғың келсе – бала тəрбиеле» – дейді халық даналығы. Өскелең ұрпаққа берілер тəрбиенің бір ұшы осындай берер жемісі мол бағыттармен өрістес болса ғана нəтиже беретіні айқын.
Қолымызды мезгілінен кеш сермемес үшін дәл осындай ұлттық рухты ұрпақ бойына сіңіретін құнды іс-шараларды бас пайдамызға жаратуға атсалысайық!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.