Ақпараттық портал

Ынтымақтың ұйытқысы болған ауыл

Жыл сайынғы 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні жақындағанда біз достықты ту етіп жүрген жандар туралы толғанамыз. Сан этностың қазақ даласында мекен ету тарихы талайымызға тайға басқандай анық. Ал әңгімеге арқау етерлігі олардың тату-тәтті тірлігі, туған еліміздің тұрмысын түзеуге бағытталған істері мен келісті келешектің қамы үшін жасалған қарекеттері болу қажет.
Тіршіліктің күретамырындай Шу өңірінде түрі басқа болғанымен тілегі ортақ этнос өкілдері аз емес. Олар жергілікті жұртшылықпен тонның ішкі бауындай араласып, қазақпен төс қағысып құда болғандары да бар. Бейбітшілік пен бірліктің бағасын білген жерлестеріміз алуан салада жұмыс істеп, өңірдің дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді.
Ауданымызда көптеген этностар мекен еткен ауылдар баршылық. Солардың ішінде Жаңа жол ауылдық округін ерекшелеп көрсетуге болады. Үш мыңға жуық тұрғыны бар ауылда қазақ халқынан бөлек әзірбайжан, шешен, дүнген, ұйғыр, қырғыз, түрік секілді 14-ке жуық ұлттар ғұмыр кешуде. Олардың басым көпшілігі мал және егін шаруашылығымен, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысады. Денсаулық сақтау, білім беру салаларында жұмыс істейтіндері де жоқ емес.
Бір қызығы, аталмыш елді мекендегі Нүсіп Секеұлы көшесінде достығы жарасқан қазақ, орыс, дүнген, түрік, әзірбайжан, шешен отбасылары тұрады екен. Олар еңбекпен есейіп, елдің тілеуін тілеп, бүгінде мамыражай тіршіліктің шуағына бөленіп отыр.
Мәселен, Н.Секеұлы көшесіндегі №88 үйдің тұрғыны Жапарқұл Тәжиевті көпшілік жақсы таниды. Кезінде екі ауылға әкім болған адам. Қазіргі таңда зейнеткер. Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен. Қазір бұл істі ұлы Әділхан жүргізіп келеді. Отанасы Сәлима жеңгей қырғыздың қызы болса, бір келінін әзірбайжан ұлтынан алған екен.
Ал осы көшенің №54 үйінде Давыдовтар отбасы тұрады. Отағасы Магомед ағай «Мехман» шаруа қожалығының жетекшісі болса, жұбайы Солмаз жеңгей ауылда азық-түлік дүкенін ұстайды. Екеуі 9 тәтті немеренің сүйікті ата-әжесі.
Шешен ұлтының перзенті Гелани Сайдиев осы көшенің №4 үйінде әйелі Оксанамен өмір сүруде. Бала өсіріп, солардың қызығын көріп отырған олар ұрпақтарының амандығын, елдің тыныштығын тілеуде.
№100 үйдің тұрғыны Людмила Гончаренко осы ауылдағы Б.Момышұлы атындағы орта мектепте 45 жыл математикадан білім берген ұстаз. 3 ұл өсірген зейнеткер 6 немере, 1 шөбере сүйген әз әже.
Дүнген баласы Исмар Дейцон 40 жастың қырқасынан асқан. Зайыбы Сыжар екеуі №118 үйде тұрады. Төрт бала өсіріп, оның екеуі Алматы қаласында жұмыс істейді. Ал отағасы мал бағып, егін өсірумен шұғылданады.
Ынтымағы жарасқан көшенің тағы бір тұрғындары Алиевтер отбасы. Түрік ұлтының ұланы Шахмұрат Айбазұлы жұбайы ұйғыр қызы Кенжехан Тулембаева екеуі 4 ұл тәрбиелеп өсірген жанұя. Екеуі су шаруашылығында еңбек етіп жүр. Балалары да бір-бір шаруаның тұтқасын ұстаса, кенжесі сонау Түркия елінде жоғары білім алып жатыр.
Бұл көшенің өзге тұрғындары да беделден кенде емес. Олар да ауыл үшін еселі еңбек етіп, ұл-қыз өсіріп, алды ауылдың бетке ұстар қарияларына айналған.
Қандай мәндегі жиын болмасын бір үйдің баласындай біріге кететін көр-шілердің ауызбіршілігі көпке үлгі болуда.
Ауылдық округ әкімі Дархан Әліпбаевтың айтуынша, елді мекенде этносаралық келісім берік сақталған. Әрі ауыл тұрғындары әрдайым бірліктің биік үлгісін көрсетіп, мәдени-бұқаралық шараларға белсене қатысып, ауыл өмірін жақсартуға бағытталған ұсыныстарын ортаға салып отырады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бір сөзінде: «Қазақстандағы тұрақтылық пен дамудың негізі – халықтар арасындағы татулық пен келісім» деген болатын. Мұның нақты мысалын жаңажолдық ағайыннан анық аңғаруға болады.
Тағы бір айта кетерлігі, аудандық “Жастар ресурстық орталығының” Жаңа жол ауылдық округі бойынша жастармен жұмыс жүргізу маманы Индира Сағындыққызының айтуынша, Н.Секеұлы көшесінің тұрғындарымен «Достық» фестивалін өткізу жыл сайын дәстүрге айналған. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, іс-шараға қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталады.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.