Ақпараттық портал

«Әр құжат – өткеннің айғағы»

Архивті біз уақыттың үнсіз куәгеріне баласақ, өткеннің әрбір парағын сарғайған қағазға қаттап, бүгінге жеткізген осы бір қастерлі мекенде тұтас дәуірдің демі бар дер едік. Көзге көрінбейтін, бірақ ұлттың жадын сақтап тұрған рухани қазынаның жүрегі дәл осы жерде соғып тұрғандай. Бір қарағанда тыныштық орнағандай көрінетін архив сөрелерінің арасында сан алуан тағдырлар сөйлеп, ұмыт қалған кезеңдер қайта тірілгендей әсер қалдырады. Осы орайда бізге уақыт пен тарихтың тоғысқан тұсында еңбек етіп жүрген, архив ісінің қыр-сырына қанық, өткен мен бүгіннің арасын жалғап келе жатқан аудандық мемлекеттік архивінің директоры Елдос Тамашаұлы Расиловпен сұхбаттасудың сәті түсті. Жалпы аудандық мемлекеттік архиві 1989 жылы құрылып, қазіргі таңда, көптеген реформалардан өтіп, қазіргі заманға сай өз қызметін жетілдіріп келеді. Сондықтан сұхбат барысында архив жұмысының маңызы, сирек кездесетін құжаттар, сондай-ақ бүгінгі цифрландыру дәуіріндегі тың өзгерістер туралы кеңінен сөз қозғалды.

-Елдос Тамашаұлы, әңгімеміздің әлқиссасын жалпы шулықтар архив ісіне қаншалықты мән береді деген сауалдан бастағымыз келіп отыр…
-Әрине, қарапайым халық архив ісінің мәні мен маңызын толық түсіне бермейтіні рас. Көпшілік үшін архив ескі қағаздар жиналған орын сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, шын мәнінде архив халықтың жүріп өткен жолының айнасы, өткен мен бүгінді жалғап тұрған алтын көпір дер едім. Өкінішке орай, тарихи оқиғаларға қатысқан азаматтардың ұрпақтары кейде өз қолдарында сақталған құнды құжаттардың қадірін жете бағаламай, оларды архивке тапсырмай, уақыттың еншісіне қалдырып жатады. Сол арқылы талай тағдырды, талай кезеңнің шындығын ашып бере алатын деректер көзден таса болып кетуі мүмкін. Бір қарағанда елеусіз көрінетін хат, ескі сурет, анықтама немесе күнделік беттері тұтас бір дәуірдің үнін жеткізетін тірі дерек екенін түсінуіміз керек. Уақыт өткен сайын олардың құндылығы арта түседі. Сондықтан мұндай мұралардың арнайы мекемелерде, яғни архив қорларында сақталғаны келер ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік. Уақыттың өзі ешнәрсені аямайтыны белгілі. Қағаз тасығыштағы құжаттардың да ғұмыры шектеулі. Тиісті күтім болмаса, қағаз сарғайып, мүжіліп, ақырында үгітіліп кетуі мүмкін. Бұған қоса, бұрынғы сапасыз сиялармен немесе баспа машинкасымен түсірілген жазбалардың әріптері уақыт өте көмескіленіп, тіпті оқылмайтындай хәлге жетеді. Мұндай жағдайда құжаттың мазмұны жоғалмаса да, оның бастапқы келбеті мен түпнұсқалық сипаты әлсірей түседі. Дәл осы тұста архив қызметкерлерінің еңбегі ерекше бағалануға тиіс деп ойлаймын. Себебі олар уақытпен арпалысып, тарихты аман сақтап қалуға күш салып жүрген көзге көрінбейтін майданның сарбаздары. Архив қорларындағы ескірген құжаттар белгілі бір мерзім сайын қалпына келтіріліп, жаңартылып, қажет болған жағдайда цифрлық форматқа көшіріледі. Бұл құжаттың ұзақ сақталуын қамтамасыз ететін ең тиімді жолдардың бірі. Сондықтан әрбір азамат өз қолындағы тарихи маңызы бар деректерге бейжай қарамай, оны тиісті орындарға тапсыру арқылы ел тарихын түгендеуге үлес қосқаны абзал.
-Ал, жергілікті мекеме құжаттарының архивке тапсырылу деңгейі қандай?
-Бүгінде Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорының құрамына кіретін құжаттарды толықтыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл бағытта Шу ауданы мәслихаты, аудан әкімінің аппаратына қарасты бөлімдер, қалалық және ауылдық округ әкімдіктері, сондай-ақ аудандық білім бөліміне қарасты мекемелер мен кәсіпорындар өз құжаттарын тұрақты сақтауға кезең-кезеңімен тапсыруда. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, барлық мемлекеттік мекемелер өз қызметіне қатысты құжаттарды белгіленген мерзімде мемлекеттік архивке тұрақты сақтауға өткізуге міндетті. Осы талаптардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында архив мекемесі тарапынан құжаттарды қабылдау алдында олардың ғылыми-техникалық өңделуіне әдістемелік көмек көрсетіліп, құжаттардың толықтығы мен физикалық жай-күйі мұқият тексеріледі. Сонымен қатар, құжаттарға жасалған тізімдемелер сараланып, өз құндылығын жоғалтқан материалдарды жоюға қатысты актілер арнайы сараптау комиссиясының қарауына ұсынылады. Комиссия қорытындысына сәйкес тиісті шешімдер қабылданып, құжат айналымының заңдылығы мен тәртібі сақталады. Алайда, өкінішке қарай, кейбір мекемелер тарапынан құжаттарды архивке уақытылы және талапқа сай тапсыру мәселесінде немқұрайдылық фактілері де кездесіп жатады. Мұндай салғырттықтың салдары ең алдымен қарапайым азаматтарға тиеді. Атап айтқанда, еңбек өтілін растайтын құжаттардың архивке толық тапсырылмауы салдарынан көптеген азаматтар зейнеткерлікке шығу кезінде қиындықтарға тап болып отыр. Осыған байланысты жыл сайын құжаттарды тұрақты сақтауға өткізуге міндетті барлық мекемелерге ресми хаттар жолданып, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ал архив мекемесі өз тарапынан Ұлттық архив қорының құрамын тарихи әрі ақпараттық құндылығы жоғары құжаттармен толықтыруға айрықша мән беріп келеді.
-Қажетті маңызды ақпаратты іздеп келушілер саны көп болар? Архивте азаматтардың сұраныстарының орындалуы туралы айтып берсеңіз…
-Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша мекемемізге жергілікті тұрғындардан 392 сұраныс келіп түсті. Оның ішінде 306 өтініш толық қанағаттандырылды. Ал 86 азаматтың өтініші архивке қажетті құжаттардың толық тапсырылмауына байланысты орындалмай, өтініш иелеріне тиісті түсіндірме берілді. Жалпы, келіп түскен барлық сұраныстарға уақытылы әрі сапалы жауап беру – біздің басты ұстанымымыздың бірі. Сонымен қатар, 2013 жылдан бері архив құжаттарын цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қағаз негізіндегі құжаттарды сканерлеп, электронды форматқа көшіру нәтижесінде бүгінгі таңда 21 080 сақтау бірлігін құрайтын 1 764 827 парақ «Е-архив» ақпараттық жүйесіне енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Әрине, мұндай ауқымды жұмыстар архив қызметкерлерінен үлкен жауапкершілік пен қажырлы еңбекті талап етеді. Біздің негізгі міндетіміз – құжаттарды сақтау және олардың ұзақ мерзімге бүлінбей жетуін қамтамасыз ету. Осы мақсатта құжаттарды қолайлы жағдайда сақтау үшін кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, құжаттарды тазарту, түптеу, қатырма қағазбен қаптау, мұқабаларын жаңарту секілді жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
-Ел тарихында орын алған елеулі оқиғаларға қатысты құжаттарды сақтап, өңдеуге бүгінгі таңда аудандық архивтің қанша қызметкері жұмылдырылған?
-Бүгінде архив саласында өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын білікті мамандар еңбек етуде. Қазіргі таңда мекемеде жалпы саны 8 қызметкер жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы архив жұмысының маңызды бағыттарын қамтып, құжаттардың сақталуы мен сапалы қызмет көрсетілуіне өз үлестерін қосып келеді. Атап айтқанда, бас қор сақтаушы Кеншім Шыңғыс архив қорындағы құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету мен жүйелеу жұмыстарын үйлестіріп отыр. Ал екінші санатты архивистер Аханов Бақытжан мен Шубаева Торгынай құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеу, ретке келтіру және есепке алу бағытында нәтижелі еңбек етуде. Сондай-ақ архивистер Калекеева Жанат, Сексембаева Гүлмира, Айтмахамбет Әдіжан, Оспанова Динара және Тоқтағұлқызы Назира күнделікті келіп түсетін құжаттарды қабылдау, оларды өңдеу, сақтау талаптарына сай орналастыру, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың сұраныстарын дер кезінде орындау ісінде табанды жұмыс атқарып келеді. Бұл мамандардың әрқайсысы архив ісінің маңызын терең түсіне отырып, құжаттардың сақталуына, тарихи деректердің жоғалмауына және келешек ұрпаққа аман жетуіне үлкен жауапкершілікпен қарайды.
-Архив саласында қазіргі таңда шешімін күткен қандай мәселелер бар?
-Әрине, аудандық архив қызметінде шешімін күткен өзекті мәселелер де жоқ емес. Соның ішінде ең бастысы – ғимарат тапшылығы. Қазіргі таңда қолданыстағы архив ғимаратының сыйымдылығы толықтай толып, көрсеткіші 100 пайызды құрап отыр. Бұл, өз кезегінде, жаңа құжаттарды қабылдау мен оларды тиісті талаптарға сай сақтау жұмыстарын қиындата түсуде. Аудандық архивтің ерекшелігі мұнда тек Шу ауданының ғана емес, сонымен қатар Қордай және Мойынқұм аудандарының да тұрақты сақталуға қабылданған құжаттары сақталып келеді. Дегенмен, Қордай ауданында жаңа типтік архив ғимаратының салынып, пайдалануға берілуіне байланысты, аталған ауданның құжаттарын кезең-кезеңімен кері қайтару жұмыстары жүргізілуде. Ал Мойынқұм ауданы бойынша да осындай мәселе оң шешімін тапса, яғни арнайы архив ғимараты салынса, біздің архив қоймаларындағы жүктеме айтарлықтай азайып, қосымша орын босатылар еді. Қазіргі таңда аудандық архивтерді жаңа, заманауи талаптарға сай ғимараттармен қамтамасыз ету бағытында Төле би ауылы, Қарасу көшесі №2В мекенжайында жаңа типтік архив ғимаратының құрылысын жүргізу үшін көлемі 0,3000 гектар жер телімі рәсімделді. Алдағы уақытта аталған жоба толық жүзеге асып, аудан архивінің материалдық-техникалық базасы нығайып, құжаттарды сақтау жағдайы жақсарады деген сенім мол. Жуық арада бұл мәселе өз шешімін табады деп үміттенеміз.
-Әңгімеңізге рахмет. Архив қоры толыға берсін!
Түйін
Алдағы уақытта ауданымыздағы архив ісі өз дамуын жалғастыра береді деген сенім мол. Себебі, Елдос Тамашаұлы Расилов жетекшілік етіп отырған ұжым – өз саласына адал, кәсіби біліктілігі жоғары, еңбекқорлығы мен жасампаздығын іс жүзінде дәлелдеп жүрген мамандардан құралған. Олар архив саласын дамыту жолында аудандық деңгеймен шектелмей, облыстық және республикалық ауқымда да белсенділік танытып келеді. Мұндай ынта мен жігер бар жерде нәтижелі жұмыс болатыны анық. Осы орайда ұжымға алдағы жұмыстарына толағай табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз. Бүгінде архив қорында ата-бабаларымыздан жеткен құнды мұра – әулеттік шежірелер мен тарихи маңызы зор құжаттар сақталуда. Архив деректері еліміздің әлеуметтік, экономикалық және саяси дамуының айқын айғағы. Оның маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Себебі, кейінгі толқын – жас ұрпақ өткеннің шындығын тану үшін ең алдымен архив құжаттарына сүйенеді. Архив материалдарын тиімді пайдалану арқылы тарих қойнауында көмескі тартқан немесе назардан тыс қалған деректердің бетін ашуға мүмкіндік туады.
Сұхбаттасқан Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.