Ақпараттық портал

Күн тәртібіндегі түйткілдер сараланды

Осы аптаның басында аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың төрағалығымен аппараттық кеңестің кезекті отырысы өткен болатын. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша бірінші басшылар атқарылған жұмыстары жөнінде баяндама жасап, ауылдық округке жасалған зерделеу жұмыстарының қорытындысы жария етілді.

Ең алдымен Шу аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Талғат Хасенов жүзеге асырылған жұмыстар мен саладағы өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды. Басшының айтуынша, жыл басынан бері ауыл шаруашылығы жануарлары арасында жұқпалы аурулардың алдын алу және диагностикалық іс-шараларды жүргізу бағытында жоспарлы жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, аусыл ауруына қарсы ірі қара малы бойынша жоспарланған 50 390 бастың 44 500-і егілді, орындалу көрсеткіші 88 пайызды құрады. Уақ мал бойынша жоспарланған 374 400 басқа вакцина толық салынып, жоспар 100 пайыз орындалды.
-Бүгінгі таңда Конго-Қырым гемморагиялық қызбасының табиғи ошағында қоныстанған аудан тұрғындарын қорғау мақсатында жалпы ауданы 2,9 млн шаршы метрді құрайтын 16 337 қора-жай залалсыздандырылып, І-кезең аяқталды. КҚГҚ ауруына күдікті науқастардың жалпы ауданы 1600 шаршы метрді құрайтын қора-жайлары дельтометрин ұнтағымен залалсыздандырылады, – дейді баяндамашы.
Шоқпар ауылдық округіндегі өзекті мәселелер мен жоспарлар туралы ақпарат берген аталмыш округтің әкімі Н.Ильясов деректер мен дәйектерді мәлімдеді. Баяндамадан соң аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің бас инспекторы А.Исабайдың баяндамасы тыңдалды. Тиісті ауылға зерделеу жүргізіліп, нәтижесінде бірқатар олқылықтар анықталған.
-Жалпы зерделеу нәтижелері Шоқпар ауылдық округінде инфрақұрылым, санитарлық тазалық және ұйымдастырушылық жұмыстар бойынша жүйелі кемшіліктердің бар екенін көрсетті, – дейді бас инспектор.
Аппараттық кеңес Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімінің атқарған жұмыстары және өзекті мәселелері туралы Жандос Аймамбеттің есебімен түйінделді.
-2026 жылы Шу ауданы бойынша 15 КПТҮ-ге (оның ішінде: «Қант зауыты» мөлтек ауданындағы орналасқан 3 үйге, «Батыс» мөлтек ауданындағы 11 үйге және Төле би ауылындағы 1 үйге) жалпы 393,1 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге тұрғындардың хаттамалық келісімі алынды. Оның ішінде қайтарым қаражат есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілетін 7 көпқабатты үйдің жобалық-сметалық құжаттамалары 2025 жылы сараптамадан өткізіліп, энергетика басқармасына бюджеттік өтінімге тапсырылды. Жалпы соммасы 180,1 млн теңгені құрайды, қалған 7 көпқабатты үй аудандық бюджеттің қайтарымсыз қаражат есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілуге жалпы соммасы 212, 1 млн теңге ұсынылды, – деді Жандос Ерболұлы.
Мәселелермен толық танысқан аудан басшысы тиісті басшыларға тапсырмаларды жүктеп, жауапкершілікпен жұмыс істеуге шақырды.

Әдемі Бақтияр,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Конвергентті журналистика» мамандығының 1 курс студенті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.