«Мұғалім Talks» – кәсіби ізденіс пен шығармашылық алаңы
Қазақ педагогикасы мен оқу-ағарту ісінің көрнекті қайраткері Халел Досмұхамедұлы: «Білім оңайлықпен қолға түспейді. Білім алуға көп еңбек керек. Аса сабыр керек. Білім мысқылдап кіреді. Білімді болу үшін көп сарғаю керек… Білім алудың жолы көп, жолдың ішіндегі ең төтесі – жақсы мектеп, білімді мұғалім, мұнан қалса, ел ішінде көпке түсінікті болып жазылған білім кітаптары», – деген болатын. Ұлт зиялысының бұл сөзі қай кезеңде де өзектілігін жоғалтқан емес. Өйткені қоғамның дамуы мен елдің ертеңі ең алдымен сапалы білімге, ал сапалы білім – кәсіби білікті әрі үнемі ізденісте жүретін мұғалімге байланысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та білім беру саласына ерекше мән беріп, «Мұғалім – ұлт сапасын жақсартатын негізгі күш. Білімді ұрпақ тәрбиелеу ең алдымен ұстаздың кәсіби деңгейіне байланысты» екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Сондықтан педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасап, олардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін жобалардың маңызы зор.
Осы мақсатта Шу ауданында «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының бастамасымен қолға алынған «МҰҒАЛІМ TALKS» кейс-платформасының аудандық кезеңі өткізілді. Шу ауданының білім бөлімімен бірлесе ұйымдастырылған шара шығармашыл, жаңашыл әрі ізденімпаз педагогтердің басын қосқан тағылымды кездесуге айналды.
Іс-шараға Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев арнайы қатысып, аудан педагогтерін оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады. Өз сөзінде бөлім басшысы мұғалімдердің кәсіби шеберлігімен қатар шығармашылық қабілетін үздіксіз дамытып отырудың маңыздылығына тоқталды. Бүгінгі білім беру кеңістігі мұғалімнен тек білім беруді ғана емес, жаңашылдыққа ұмтылуды, заман талабына бейімделуді және үнемі ізденісте болуды талап ететінін атап өтті. Сондай-ақ білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру жолында әр педагогтің кәсіби тұрғыдан дамуы аса маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ, мұғалімдерге атқарған еңбектері үшін алғыс білдіріп, жазғы демалысты мазмұнды өткізіп, жаңа оқу жылына тың идеялармен, жаңа бастамалармен және жаңа серпінмен оралуларына тілектестігін білдірді.
Нақтылап айтқанда, «МұғалімTalks» – педагогтерге арналған ашық диалог алаңы мен тәжірибе алмасу платформасы болып саналады. Жобаның басты мақсаты – мұғалімдердің кәсіби шеберлігін шыңдау, көшбасшылық қасиеттерін дамыту, педагогикалық тәжірибені насихаттау және білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылау. Сонымен қатар бұл алаң ұстаздардың авторлық тәжірибесін таныстырып, тиімді әдіс-тәсілдерді көпшілікке таратуға мүмкіндік береді.
Аталған байқаудың аталған кезеңіне білім беру ұйымдарынан барлығы 12 педагог қатысып, өздерінің авторлық тәжірибелері мен педагогикалық кейстерін қорғады. Қатысушылар білім беру саласындағы заманауи үрдістер, оқытудағы инновациялық тәсілдер, жасанды интеллект мүмкіндіктері, құндылықтарға негізделген білім беру, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту секілді өзекті тақырыптар төңірегінде ой қозғап, тәжірибелерімен бөлісті. Әрбір қатысушының баяндамасы кәсіби ізденіс пен шығармашылықтың нақты көрінісіне айналды.
Байқау барысында Жамбыл орта мектебінің мұғалімі Мұхаметқалиева Айгерім Талғатқызы, О.Жандосов атындағы орта мектептің мұғалімі Джасыбаева Мадина Бақытқызы, Еңбекші орта мектебінің мұғалімі Есеналиева Аида Жанайдарқызы, Д.Қонаев атындағы орта мектептің мұғалімі Истибаева Марал Мұратқызы, М.Х.Дулати атындағы орта мектептің мұғалімі Айдарова Несіпкүл Сағымбайқызы, М.Мақатаев атындағы орта мектептің мұғалімі Нұражиева Қарлығаш Көшербайқызы, Мойынқұм орта мектебінің мұғалімі Батырхан Аружан Жомартханқызы, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің мұғалімі Куститунова Дана Айтжанқызы, №40 мектеп-лицейдің мұғалімдері Уәлихан Ақмарал Маратқызы мен Киикбаева Салтанат Бергенбекқызы, Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Әміре Нурила Абайқызы және Ғ.Мұратбаев атындағы білім беру ұйымының мұғалімі Ұлмахан Ғабит Мұхитұлы өздерінің кәсіби тәжірибелерін ұсынды.
Қазылар алқасының шешімімен ІІІ орынды Жамбыл орта мектебінің мұғалімі Айгерім Талғатқызы, Д.Қонаев атындағы орта мектептің мұғалімі Марал Мұратқызы және №40 мектеп-лицейдің мұғалімі Салтанат Бергенбекқызы иеленді. Ал, жүлделі ІІ орынды М.Х.Дулати атындағы орта мектептің мұғалімі Несіпкүл Сағымбайқызы, Мойынқұм орта мектебінің мұғалімі Аружан Жомартханқызы және №40 мектеп-лицейдің мұғалімі Ақмарал Маратқызы алды. Сондай-ақ, І орын Еңбекші орта мектебінің мұғалімі Аида Жанайдарқызына бұйырды.
Тың идеяларды ортаға салған бәсі бөлек байқаудың бас жүлдесін Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Әміре Нурила Абайқызы жеңіп алып, облыстық кезеңге жолдама алды. Оның мазмұнды әрі тың идеялары мен педагогикалық тәжірибені ұсынудағы шеберлігі қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Қорыта айтқанда, «Мұғалім Talks» кейс-платформасы аудан педагогтері үшін кәсіби тәжірибе алмасудың, шығармашылық ойларды ортаға салудың және заманауи білім беру үдерісіндегі өзекті мәселелерді талқылаудың маңызды алаңына айналды. Мұндай жобалар мұғалімдердің кәсіби дамуына серпін беріп қана қоймай, білім сапасын арттыруға, жаңашыл тәжірибелерді таратуға және ұстаз мәртебесін көтеруге зор ықпал етеді.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы» дегендей, қоғамның ертеңі саналатын жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуында мұғалім еңбегінің орны ерекше. Сондықтан педагогтердің үздіксіз ізденуіне мүмкіндік беретін осындай игі жобалар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, білім көкжиегін кеңейтуге қызмет ете беретіні сөзсіз.
Әдемі Бақтияр,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Конвергентті
журналистика» мамандығының
1 курс студенті.