Ақпараттық портал

Баласағұнға бастар көне сүрлеу

Ілгеріде Шу қаған қасиетті таудың батысындағы қамалынан шығып, ел ішін аралауға сапар шегеді. Ол Шу өзенін бойлай жүріп, Телікөлге жетеді. Содан кейін Сарысу өзенімен төмен түсіп, Сырдарияның төменгі ағысына барады. Жолын ары қарай жалғастырып, бірнеше күн жүріп Көк теңіз – Аралға келіп тоқтайды. Осылайша қаған қырық күн бойы ел мен жерді шолып, керуен жолдарының бағытын белгілейді. («Әулиеата аңыздары», 163-бет)
Шу қаған Шу қаласын салдырғаннан кейін сауда-саттықты дамыту мақсатында керуен жолдарының бағытын айқындап, ел-жұртына дұрыс бағдар бере білген. Себебі басқа мемлекеттермен сауда жасау үшін қауіпсіз әрі тиімді жолдарды таңдау қажет еді. Ол өз халқының тұрмысын жақсартып, елінің дамуына жағдай жасауды көздеген.
Шу қаған өте ақылды, көреген, елін дұрыс жолға бастаған білімді тұлға болған. Ұлы Жібек жолының тарихы да Баласағұн қаласымен тікелей байланысты. Өйткені Шығыс пен Батысты жалғаған бұл ұлы сауда жолы Орта Азия арқылы өтіп, оның бойындағы көптеген үлкенді-кішілі қалалардың өсіп-өркендеуіне зор ықпал етті.
Осындай қолайлы жағдайлардың нәтижесінде тарихи Баласағұн секілді ірі қалалар дүниеге келді. Ұлы Жібек жолының бойындағы Баласағұн қаласы бүгінгі Жамбыл облысы, Шу ауданындағы бұрынғы «Калинин» колхозының жеріндегі Ақтөбе қалашығымен байланыстырылады.
Бұл туралы археолог-этнолог Уахит Шәлекеновтің «V–XIII ғасырлардағы Баласағұн қаласы» атты еңбегінен көптеген мәліметтер алуға болады. Ұзақ уақыт бойы орналасқан жері белгісіз болып келген Баласағұнның Ұлы Жібек жолындағы түркілердің әлемге әйгілі ірі қалаларының бірі болғаны жазба деректерде сақталған.
Баласағұн төңірегіндегі жер-су атаулары бүгінгі күні Ақтөбе қалашығының маңынан табылып отыр. Олар: Баласағұн тауы (Әулиетау), Бақыртау, Жонарық, Қарабалта өзені, Қырықүй, Қарақыршын, Жетіжар, Бозжорға секілді тарихи атаулар.
Бұл атаулардың барлығы да жердің табиғи ерекшеліктеріне байланысты қойылған. Бүгінде Баласағұн өңірі Қарабалта, Ақсу, Сарғау және Тоқташ өзендерінің маңында орналасқан. Табиғаты көркем, жері шұрайлы бұл өлке ежелден халықтың тұрмыс-тіршілігіне қолайлы болған.
Тіпті, кейбір қуаңшылық жылдары да бұл өңір өз халқын асырап келген. Ел ішінде «қамысына дейін кәдеге жараған жер» деген сөз бекер айтылмаса керек. Сондықтан Баласағұн өңірі қасиетті де киелі мекен ретінде бағаланады.
Ұлы Жібек жолы Баласағұн мен Шу өңірінің дамуына үлкен ықпал жасап, халықтың тұрмысын жақсартуға мүмкіндік берген тәрізді. Ал бүгінгі күні осы өңір арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі де сол көне Ұлы Жібек жолының тарихи қызметін жалғастырып тұрғандай әсер қалдырады.
Қазіргі таңда Ақсу ауылында көптеген игі өзгерістер жүзеге асуда. Әрине, кейде түрлі келіспеушіліктер де болып жатады. Алайда халқымыз ондай қиындықтарды сабырмен еңсеріп келеді. Ел болашағына сеніммен қарап, Қазақстанның келешегінен зор үміт күтеді.
Дегенмен, Ұлы Жібек жолының бұрынғы тарихи маңызы мен қазіргі заманғы көлік дәлізінің атқаратын қызметінің арасында үлкен айырмашылық бар екені де анық.
Алдағы уақытта Баласағұн өңірінде туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, тарихи орындар кеңінен насихатталса, бұл аймақтың экономикалық дамуына да үлкен серпін берер еді. Сонымен қатар өскелең ұрпақтың туған жер тарихына деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге жол ашар еді.
Баласағұн өңірі келешекте еліміздің маңызды туристік орталықтарының біріне айналарына сенім мол.
Ылайым, солай болғай!
Төреқұл Әлханұлы,
ардагер ұстаз.
Ақсу ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.