Игі істің ізі өшпейді
Жыл сайын шілденің шуағымен бірге келетін Астана күні – әрбір қазақстандық үшін ерекше мереке. Бұл күнді тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуінің, жаңару мен жасампаздықтың мерекесі деуге болды. Елордаға алғаш табан тіреген адамның жүрегінде таңданыс пен мақтаныш қатар ұялайтыны сөзсіз. Зәулім ғимараттары, кең көшелері, әсем саябақтары мен ерекше сәулет туындылары кез келген жанды баурап алады. Осы мереке келген сайын менің де ойыма жылдар бұрын куә болған бір игі іс еріксіз оралады. Орайы келгенде сол бір естен кетпес естелікпен бөлісуді жөн көрдім.
Осыдан бірнеше жыл бұрын қазіргі аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы Жаңақоғам ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып жүрген болатын. Сол жылдары ол ауыл тұрғындары үшін көптің көңілінен шыққан, тәрбиелік мәні зор ерекше бастаманы қолға алды. Астана күні қарсаңында ауылдың ардақты ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары, оқу озаттары, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар, белсенді жастардан құралған жиырма шақты адамды жинап, арнайы сапар ұйымдастыратын. Сапар ауыл тұрғындарына үлкен қуаныш сыйлаған, ұмытылмас әсер қалдырған игі іс еді… Ең бастысы мұның барлығы демеушілердің қолдауымен жүзеге асатын. Найман Кенжеханұлы алдын ала ауыл жанашырларымен сөйлесіп, сапардың барлық шығынын көтеретін азаматтарды тауып, халыққа ешқандай салмақ салмай, осындай қайырымды істің ұйытқысы бола білді. Көпшілікке айту оңай болғанымен, мұндай шараны ұйымдастыру үлкен жауапкершілік пен жанашырлықты талап етеді.
Сапар барысында ауыл тұрғындары ел жүрегі – Астананы аралап, оның көркіне тәнті болатын. Мерекелік концерттерді тамашалап, елорданың символына айналған «Бәйтерек» монументіне көтеріліп, қаланы биіктен тамашалайтын. Сонымен қатар «Хан Шатыр», «Керуен» секілді көз тартар сәулет нысандарын аралап, бұрын тек теледидардан көріп жүрген ғимараттарды өз көздерімен көріп, ерекше әсерге бөленетін. Алайда сапар мұнымен аяқталмайтын. Келесі күні жол Көкшенің көркем табиғатына қарай жалғасатын. Бурабайдың сұлу өлкесіне барып, көгілдір көлдері мен жасыл ормандарын аралап, табиғаттың ғажайып сыйына сүйсінетін. Оқжетпес пен Жұмбақтас жайлы аңыздарды тыңдап, сол тарихи мекендерді көзбен көрудің өзі үлкен әсер сыйлайтын. Қариялар өткенді еске алып, жастар тарихпен жақынырақ танысып, туған елдің әр өңірінің өзіндік ерекшелігін сезінетін. Одан кейін сапар Көкшетау қаласына жалғасатын. Онда жергілікті азаматтар қонақтарды кең пейілмен қарсы алып, ақ дастархан жайып, қазақы қонақжайлықтың жарқын үлгісін көрсететін. Қаланы аралап, көрікті жерлерімен танысып, жақсы көңіл күймен ауылға оралатын.
Кейін Найман Кенжеханұлы Балуан Шолақ ауылдық округіне әкім болып барған кезде де осы игі дәстүрді жалғастырды. Бұл жолы да әдеттегідей ауылдың ақсақалдары, ақ жаулықты аналары мен жастары газель көлігімен Қарағанды қаласын аралап, одан әрі Астанаға, кейін Көкшетауға жол тартты. Осы сапардың ерекше бір тағылымды тұсы болды. Балуаншолақтықтар Астана мен Көкшетау арасындағы Елтай елді мекеніне қарасты Тастыөзек жеріне арнайы барып, қазақтың әйгілі тұлғасы Балуан Шолақ Баймырзаұлының зияратына тағзым етіп, баба рухына Құран бағыштады. Бұл үлкендер үшін парыздай болған рухани міндет болса, жастар үшін ата-баба тарихын тереңірек тануға, өткенге құрметпен қарауға үйрететін тәрбиелік тағылым еді. Мұндай сапарлар жыл сайын ұйымдастырылып тұратын. Себебі оған қатысқан әрбір адамның жүзінен қуаныш байқалатын. Қариялар сергіп, бір жасап қалатын. Бұрын елордаға баруды армандаған жандардың тілегі орындалатын. Ал жастар үшін бұл өмірлік естелікке айналатын ерекше сапар еді. Ең бастысы, бірге жүрген адамдар бір-бірімен жақын араласып, ауыл арасындағы ауызбіршілік пен сыйластық одан әрі нығая түсетін.
Осы оқиғаларды еске алғанда бір нәрсеге анық көз жеткізесің. Кейде адамға қымбат сыйлықтың немесе қомақты қаражаттың қажеті жоқ. Кейде бір жақсы сапардың өзі, бір жылы көңілдің өзі адамның жадында өмір бойы сақталып қалады. Әсіресе ауылдық жерде тұратын әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін мұндай мүмкіндік әрдайым бола бермейді. Көпбалалы отбасының балалары үшін елорданы өз көзімен көру үлкен арман болуы мүмкін. Ал өмір бойы еңбек етіп, бірақ түрлі себеппен бас қалаға жолы түспеген қариялар үшін мұндай сапар орындалған арманмен тең екенін де түсіну керек.
Бүгінде ел ішінде қайырымдылық жасап жүрген жомарт азаматтар аз емес. Бірі мұқтаж жандарға баспана сыйлайды, бірі оқуына көмектеседі, енді бірі ем-домына қолдау көрсетеді. Десе де, осындай сауапты істердің қатарына ауыл тұрғындарына танымдық әрі рухани сапарлар ұйымдастыру дәстүрі де қайта жанданса екен деген тілек бар. Өйткені мүндай игі іс тек бір күндік қуаныш сыйлап қоймайды. Ол адамдардың көкжиегін кеңейтеді, туған елге деген мақтанышын арттырады, жастардың бойына патриоттық сезім ұялатады, үлкендердің көңілін сергітеді. Бір автобус адамның қуанышы кейде жүздеген адамның жүрегіне жылулық сыйлай алады.
Астана күні қарсаңында осы бір жарқын естелікті қайта еске алып отырғанымның себебі де сол. Кезінде халықтың алғысына бөленген осындай өнегелі бастамалар ұмыт қалмай, бүгінгі азаматтарға үлгі болса екен деймін. Елдің қамын ойлайтын, туған жеріне жанашыр азаматтар көбейіп, ауыл қарияларының ақ батасын алып, балалардың қуанышына себепші болатын осындай игі сапарлар қайта жалғасын тапса, одан ұтатын ең алдымен халықтың бірлігі мен руханияты болар еді.
Балнұр Жексенбекқызы.