Бірлігі бекем ауылдың берекесі артады
Далақайнар ауылы сонау тың игеру кезеңінде, яғни 1954–56 жылдары Шоқпар ауылымен қатар егін совхозы болып құрылған. Бұл ауыл Кеңестік кезеңде егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы бойынша жоғарғы көрсеткіштерге жеткен.
Бала кезімнен есімде, ауылдастар бидай, арпа, жүгері, тары егетін, ұсақ мал, ірі қара, жылқы, шошқа өсіретін. Ауылшаруашылығына бейім елді мекен болған соң еңбек озаттары шығатыны табиғи заңдылық. Кеңес үкіметі кезінде осы ауылдан қаншама еңбеккер әр салада зор табысқа жетіп, мемлекеттік марапаттарға ие болды. Атақты аға шопан Жарас Оспанбековтің өзі бір төбе, ауданымыздың мақтанышы, Кеңес үкіметі уақытындағы ең жоғарғы награда – Социалистік еңбек ері және «Ленин» орденімен марапатталған. 1984-1986 жылдары Далақайнар кеңшарында 12000 бас мегежінге арналып ірі өндіріс кешені салынды, бұл сол кезеңде елімізге аса қажетті азық-түлік бағдарламасына қосылған елеулі үлес eдi.
Несін жасырамыз, Кеңес Одағы тарап, құрамында болған елдер егемендік алып, ауылымыздағы неміс ұлтының диаспорасы тарихи Отаны Германияға жаппай көшіп кетті. Содан қазақ азаматтары өндірістік техника мен технологиялық қондырғыларды жүргізуге білек сыбана кірісті. Қазақ механизаторлары механикалық техникаларды, қондырғыларды одан әрі жетілдіріп, жұмыс істеу принциптерін оңай әрі ыңғайлы етіп қайта жасап шықты.
Ежелден көшпелі халықпыз ғой, ата кәсібіміз мал өсіруге келгенде қазаққа ешкім тайталаса алмайтыны белгілі. Жаңалыққа жаны құмар азаматтар «Шаруа қожалықтарын» ашып, тірліктерін жекешелендіріп алды. Оның нәтижесі де көптің көңілін қуантты. Ауылымызда бақуатты азаматтар саны көбейді, демеушілер бой көрсете бастады. Ауыл халқының саны 1260 болса, шаруа қожалықтар – 127-ні құрады. Бұл дегеніміз, тұрғындардың түгелдей жұмыспен қамтылғандығын білдіреді. Ауылды көркейту үшін барын салған азаматтардың арқасында ауылдың тұтастығы мен бірлігі бүгінге дейін сақталып келеді. Оған дәлел қазіргі таңда ірі көлемдегі тіршілікпен айналысып отырған кәсіпкерлеріміз ауылдың жағдайына да бей-жай қарамай 100 адамға арналған мешіт ауласына сыйымдылығы 224 орындық қатымхана салып бергені. Оның құрылысы 2023-ші жылы басталып, ағымдағы жылдың тамыз айында салтанатты түрде ел игілігіне пайдалануға берілді. Еңсесі биік, терезелері үлкен, іші жарық, асханасы, санитарлық бөлмесі бар, еден астынан жылу жүйесі тартылған.
Жаңа салынған қатымхананың ашылуына арнайы шақырылған қонақтар ризашылық білдірді. Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Сұлтанбаев Найман Кенжеханұлы сөз алып, Далақайнар халқын жаңа қатымхананың ашылуымен кұттықтап, дінімізді, ділімізді, тілімізді сақтап, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге шақырды, жастар тәрбиесімен айналысу қазіргі кезде басты мәселенің бірі екеніне тоқталды. Құттықтау рәсімінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.К.Өмірәлиев, Шу ауданының бас имамы А.Р.Кенжемолдаев, аудандық аналар алқасының төрайымы А.Б. Иманова, Далақайнар ауылдық округінің әкімі Б.Ж.Ошанов, ауылдың имамы Д.М.Көдебай да игі тілектерін білдірді. Қатымхана құрылысының басы-қасында болып, үлкен көмек көрсеткен ауыл азаматтары Нұрлан Қуанышев пен Аман Үйсінбай ақшалай сыйлықпен марапатталды. Жақсы тілек білдіріп, бата беру үшін облыстық, аудандық батагөй қариялар байқауының жеңімпазы, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы М.Балықбаев қарияға сөз беріліп, көпшілік әумин десті.
Соңында жиналған көпшілік дастарханға шақырылып, бабалар рухына құран бағышталып, үлкен ас берілді.
Бақыт Устемиров,
Далақайнар ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы.