ТУЫНДЫСЫ КҮНТІЗБЕГЕ ТАҢБАЛАНҒАН ЖАС СУРЕТШІ – ӘЛИХАН
“Ел іші – өнер кеніші” демекші, таусылмас азық, жұтамас байлық саналатын осы бір өнер айдынында өзіндік сүрлеуі бар таланттарымыз атаның қанымен, ананың сүтімен бойына дарыған дарынын шыңдап, елге танылып, рухани мұрамызды молайтып келеді. Солардың қатарында “Өнерге әркімнің-ақ бар таласы, сонда да солардың бар таңдамасы” деп дана Абай айтқандай, көңіл түкпірінде жасырынған тіл жеткізе алмас көркем ой мен ұшқыр қиялды қылқалам ұшына сыйдыра білген суретшілеріміздің де бар екендігіне талас жоқ. Сол суретшілердің ұшар басында тұңғыш суретшіміз Әбілхан Қастеев тұрғандығын ешкім жоққа шығара алмас. Биылғы жылы Қазақстан Суретшілер одағының құрылғанына 90 жыл толатынын ескерсек, сан қырлы бояулармен бедері бөлек туындыларды тудырып жүрген қылқалам шеберлері ел тарихында бір шоғыр екеніне көз жеткізе түсесіз.
Біздің Шу өңірінен де елге кеңінен танылып жүрген суретшілердің шығып жатқаны біз үшін үлкен абырой. Солардың бірі әрі бірегейі – суретші-мүсінші, карикатурашы Қали Қораласбаевтың аудан көлемінде ғана емес, республика көлемінде ауызға ілініп жүргенін мақтанышпен айтуымыз қажет. Һас талант иесінің бұл күндері салалы саусағынан өнер тамған жас суретшілерді баптап, бейнелеу өнерінің қыр-сырына баулып, өзінің ізбасарларын дайындап жүргені қуантады. Өзінің жетістігі бір төбе болса, шәкірттері де топты жарып, түрлі байқаулардан олжалы оралуда. Шәкірттерінің қатарында өзіндік орны бар Төле би ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Темірбек Әлихан жылды жақсы жаңалығымен бастап отыр. Оның “Бояулар құпиясы” атты байқаудың облыстық кезеңінен бас жүлде алған “Күнікей қыз” атты туындысы 2023 жылдың күнтізбесінің бірінші бетіне қойылып отыр. Бұл күнтізбе еліміздің түкпір-түкпіріне тарап, әр қызметтік үстелде, әр үйде орын тауып, сәнін келтіріп тұрмақ. Бұдан бөлек, Әлихан Темірбектің ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды “Балалар жылы” деп жариялауына орай, оқушылардың оқу-білімге деген қызығушылығын арттыру және дарынды оқушылардың арасында байланыс орнату мақсатында өткізілген “Дарынды оқушы-ұлт болашағы” атты республикалық форумына қатысып, жеңімпаз атанғаны тағы бар. Бұл форумда үздіктердің қатарынан табылу үшін әр оқушының жеткен жетістігі бір төбе болуы қажет екенін ескерсек, Әлиханның жеткен жетістіктерінің көпшілігі сурет байқауларынан алған жүлделері мен марапаттары екен. Халқымыздың “Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу деген” сөзіне сүйеніп, осындай талантты өрендерімізді арқасынан қағып, абыройын асырсақ, шабытына шабыт қосқан болар едік. Ендеше, талабына нұр жауған, қатарынан оза шапқан жас суретші Әлихан Темірбекпен жасаған сұхбатымызды көзі қарақты оқырманның назарына ұсынсақ…
-Әлихан, сурет салуға қанша жасыңнан машықтандың. Ерекше өнер бойыңа кімнен дарыған?
-“Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер” демекші, суретшілік қабілеті әкемнен берілген өнер деп білемін. Бала күнімде-ақ қағаздың бетін шимайлап, түрлі-түсті бояуларды ерсілі-қарсылы жұмсап, өзімше бір сурет салғандай болатынмын. Үйде қаламдардың ұшы майырылып, ақ парақ шақ келмейтін. Бойымда дарыным бар екендігін байқаған әкем мені сурет салуға икемдеп, өзінің әдіс-тәсілдерін үйрететін. Сурет салуға қабілеті бола тұра, өзі бұл жолды таңдамаған. Десе де, “Ат тұяғын тай басар” деді ме, бос уақытын көбіне бізге арнайтын. Менен бөлек, Әлия, Әмина атты әпкелерім де сурет салуға әуес болды. Олардың бүгінде бұл өнерде өзіндік стилі қалыптасқан. Мамандығын да сурет өнерімен ұштастырып отыр.
Мектеп қабырғасында жүргенде, ұмытпасам, 3-4 сыныптарда болуы керек, сурет үйірмесінен Зәуре Қораласбаева беретін. Мен бірден сол кісінің шәкірті болдым. Суретші апайымның арқасында бойымдағы өнерді одан әрі шыңдап, сурет өнерінің қадір-қасиетін түсініп, оның барша ғажайыптары мен тылсым сырларын ұғынуға талпындым. Ал, қазіргі уақытта ұстазым Қали Қораласбаевтың қанатының астындамын. Әлі де үйренерім көп. Қали ағай қандай бәйге болмасын, қатысқан сайын шыңдаласың деп әртүрлі байқауларға қатыстырып, қамшылап отырады. Әрі талантты еңбекпен ұштастырғанда ғана үлкен нәтиже болатынын үнемі қайталаудан жалыққан емес. Бейнелеу өнерінде болмысы бөлек тұлға атанып үлгерген Қали ағама қарап, бой түзеп келемін. Суретшілер арасындағы идеалым да осы кісі. Қали аға сурет өнерінде ұлттық нақышымызды ұлықтап, қазақи бедерді қалыптастыруды көздейді. Әр туындысында қазақтың иісі аңқып тұрады. Себебі, суретшінің барша жан дүниесі қазақи болмыспен қалыптасқан, қазақи тұрмысқа етене араласқан. Ол осы бейнелеу өнері арқылы қазақ халқының өнері мен мәдениетін әлемдік аренаға шығаруды ойлайды. Менің де ойым ұстазыммен үндес. Неге десеңіз, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалада жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу деп атап көрсетілген болатын. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Саналы ғұмырында қазақ тұрмысын, тарихын жырлап, Тәуелсіз еліміздің өнеріне өшпес қолтаңбасын қалдырып келе жатқан Һас суретшінің жолын жалғасам, одан асқан бақыт жоқ шығар, сірә?!
-Атақты суретші Әбілхан Қастеевтің «Мен сурет салуды ақынның өлеңінен, ортекенің мүйізінен үйрендім» деген сөзі бар. Сенің әдеби шығармаларға жақындығыңды да байқап жүрміз. Кейде бір шығарманы оқып, содан алған әсеріңді сурет арқылы сөйлеткен сәтің болды ма?
-Иә, ондай сәттер кездесіп тұрады. Қылқалам иесі өз өнер туындыларына ерекше реңк беріп, оны тарихи шындықпен сәйкестендіру үшін түрлі кітап оқығаны абзал. Бүгінгі әңгімеге менің туындымның қазақстандық күнтізбеге шығуы арқау болып отыр ғой. Күнтізбе дегеннен шығып отыр. Әңгіменің әу басында-ақ осы сұрақ қойылса екен деген іштей тілегім мен дайындығым болғанын жасырмаймын. Жуырда мектебімізге аты телінген заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің “Көксерек” әңгімесін оқыған болатынмын. Бұл әңгіменің жазылу тарихын жұбайы Валентина Әуезова былай баяндаған екен: «Бірде мен қабырға күнтізбесін (1929 жылдың) сатып алдым. Сол күнтізбе Мұхтардың жазу үстелінің тұсында ілулі тұратын еді. Сонда белгілі суретшінің салған суреті бар болатын – қысқы түн, қар жамылған меңіреу дала, сонау алыста көз ұшында қар басқан кішкентай деревняның оттары көрінеді. Ең алдыңғы қатарда түнде жортқан қасқыр тұр. Міне, сол сурет Мұхтар Әуезовтің сонау жас бала кезінде кәнігі аңшылардан естіген әңгімелерін есіне түсірген болуы керек, енді міне, күн сайын көз алдынан осы суреттегі көрініс кетпеген Мұхтар өзінің «Көксерек» әңгімесін жазған болатын». Міне осы әңгімені оқу арқылы бала қиялыма қанат мініп, шабыттың шыңына шығып, бояуы бөлек туындымды дүниеге әкелдім. Ойды ой қозғайды деген осы болса керек. Жазушының әңгіме жазу шеберлігі, қаламының құдіреті мені сурет салуға жетеледі. “Көксерек” әңгімесін оқу арқылы дүниеге келген сырлы сурет өзімнің салған суреттерімнің ішінде ерекше бағалайтын туындыларымның қатарында. Маған көбінесе портрет салған ұнайды. Әсіресе батырлардың портреттерін бейнелеймін. Салған портретімде батырлар образын толықтай ашу үшін де көбіне әдеби жырларды оқып, тарихи шығармаларға үңілемін. Тарихпен астасып жатқан сурет өнерін меңгеру үшін тарихқа бойлаудың маңызын тереңінен ұғынған жөн деп білемін.
-Салған суреттерің республикалық деңгейде бағаланып жатқаны, әрине үлкен жетістік. Ал, өзің тапсырыстар алып, ақыға сурет салған сәттерің болды ма? Әне-міне дегенше мектепті бітіргелі отырсың. Болашақ мамандығыңды бейнелеу өнерімен байланыстыру ойда бар ма?
-Осы уақытқа дейін таныс жандардың қолқалауымен сурет салып бергенім болмаса, оны саудалаған емеспін. Көбінесе туған күн иелерінің портреттерін салып беруімді өтінеді. Әйтсе де, алдағы уақытта тапсырысқа сурет салу ойда бар. “Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық” демекші, оның еш әбестігі жоқ деп ойлаймын. Ұлы Абайдың өзі «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек… Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі — қазақтың төресі сол» депті. Сондықтан, Алла берген талантыммен нәпақамды тауып жүргеннің өзі бір мәртебе дер едім.
Ал, мамандық таңдауға келсек, бойына талғампаздық, әсемдікке әуестік, шығармашылық қабілетті тоғыстырған әрі жақсы сурет сала білетін жас өреннен нағыз сәулетші немесе дизайнер шығатыны анық. Менің де жақсы деп тапқан, көңіліме қонған мамандық-сәулетші болу. Болашақта елімізде көркі келіскен ғимараттардың кескінін салып, көптің көз тіккен көрікті нысанының бой көтеруіне атсалыссам деймін. “Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан” демекші, қаланар кірпіштің кескіндемелік жобаларын жасау арқылы біз де бір елдің кірпіші болып қалансақ, содан асқан бақыт жоқ деп білемін. Қазақстанның енді ғана дамып келе жатқан архитектурасын әлемдік деңгейге көтеруге үлес қоссам, бала арманымның орындалғаны сол болмақ. Шыңдалған шеберлігіммен Шудың да атын шығарып, туған жерім атымды ардақтап жатса, одан артық атақ, одан артық абырой бар ма?!
Сұхбаттасқан Айғаным АСҚАРБЕК.