Ұлттық жобадан ұтарымыз көп
Осы күндері ұлттық құндылықтарымыз құрдымға кетіп, рухани жұтаңдыққа ұшырап бара жатырмыз дегенді екі қазақтың басы қосылса еститін болдық. Халқымыздың әдебиеті мен мәдениетінің баға жетпес мұралары ұшан-теңіз екенін өзге елдер мойындағанын біле тұра, сол қайнар бұлаққа бас қоймай, бет-бетімізбен кете барсақ, ұлт ретінде тарих сахнасынан жойылып кетпесімізге кім кепіл?!
Қазақылық қалпымыздан жерініп, жатырынан қағынып туған ұрда-жық ұрпақты көргенде ұпайымыз түгел деп айтуға дәтіміз бармайды. “Қазақ халқы қой секілді” десе, ренжиміз, бірақ бір ысқырықпен иіріп отырмасаң, бет-бетімен кететіні тағы бар. “Жоғарыдан бұйрық келді” дегенде бірақ қимылдайтын жалпақ жұртты жоғарғы жақ жалпылама сауаттандыруға шақырып-ақ жатыр. “Өзгенің қаңсығын өзімізге таңсық” қылып әлі келеміз. “Пәлен жерде пайда бар” деп әр елдің бар жақсысын бойымызға жапсырғандай болып, өз діңгегімізден ажырап бара жатқанымызды түсінбей қалып жүрмелік.
“Біздің бала күнімізде” деп сөйлейтін шамаға жеткенімізді де аңдамай қалыппыз. 2000 жылдың төрт-бесіне ілінген шақтардағы теледидардан берілетін бағдарламалар қандай еді? Қазақы болмысымыздың иісі аңқып тұрар еді. Сол шақтардағы “Алтын сақа”, “Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ”, “ХХІ ғасыр көшбасшысы” интеллектуалды сайыстарын көріп, ұлттық қайнарымыздан сусындап, біліммен қаруланып, тәрбиемен бойымызды тіктеген едік. Ал, бүгінгі күні бір-бірін түтіп жеуге, жаға жыртысуға дайын тұрар, аузында былапыт сөзі бар жастарды топырлатқан “Қалаулым” сияқты сорақы бағдарламаларды көргенде қарының ашады. Қош…
Жуырда ғана Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрлігі “Төрт тоқсан – төрт өнер” ұлттық мәдени-ағартушылық жобасын түзіп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі білім ордаларына жүзеге асуын тапсырғанын жазған едік. Аты айтып тұрғандай, мектептегі төрт тоқсан бойына оқушылар төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздегі төрт өнерді бойға дарытып, патриоттық рухта тәрбиеленбек. Егер, осы жобаны мектеп басшылығы жанымен түсініп, лайықты түрде жүзеге асыра білсе… Төрт бағыт бойынша жүзеге асырылатын жобада бірінші тоқсанда “Ақындар айтысы” поэтикалық сайысы, екінші тоқсанда “Алтын сақа” олимпиадасы, үшінші тоқсанда “Ұлттық өнер” көрмесі, төртінші тоқсанда “Туған өлкем” фестивалі деген атпен жүйелі жоспар құрылып, осы бағыттар аясында ұлт ұрпағын ұлттық рухта тәрбиелеуге атсалысуға үндейді.
Шу ауданындағы мектептер 2023-2024 оқу жылы басталған күннен-ақ осы жобаны басшылыққа ала отырып, ұлттық мәдени-ағартушылық бағыттағы жоспарды жүйелі түрде жүргізуде. Халықты ағарту ісі жас ұрпақтан, білім ошағынан бастау алатынын ескерсек берілер білім мен көрсетер тәрбиенің негізіне мән беруіміз керек.
“Төрт тоқсан – төрт өнер” жобасы біздің салт-дәстүрімізге, ұлттық құндылықтарымызға негізделген. Бұл жобада білім ошақтарының барлығы дерлік әр жұма сайын ұлттық нақыштағы киімдерін киюі міндеттелген. Дін атын жамылған бүлікшілер дейміз бе, әсіредіншілдер ме екен, салт-дәстүрімізді жоққа шығарып, теріс жолға жастарды бұрып, мектепке хиджаб киініп, оранып баруды нағыз мұсылмандықтың көрінісі деп адастырып жүр. Біздің бүрмелі етекті көйлегіміз, зерленген қамзолымыз, жарасымды бөркіміз бен үкілі тақиямыз қаракөздеріміздің ажарын қалай ашатынын білсеңіз ғой. Мектепке аптасына бір рет ұлттық киіммен барса, көрген жанды сүйсіндірмей қоймасы анық. Жобаның әр тармағын асқан ыждаһаттылықпен орындауға белін бекем буған Шу ауданындағы бірқатар мектептер өткен аптаның жұмасынан бастап ұлттық нақыштағы киімдерімізді киіп, мектепке сән түзеп келді. Бұл игі іс бұнымен тоқтап қалмақ емес, дәстүрге айналады.
Ұлт келешегін ойлаған ел ұрпақ тәрбиесіне көбірек көңіл бөледі. Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңірмесек, рухани бұлағымыздың бастауынан сусындатпасақ, өткеннің өнегесіне бойлатпасақ, болашағымыз бұлыңғыр болмақ. Бұл күндері жастарға жол көрсетіп, жөн сілтеуге бағытталған “Төрт тоқсан – төрт өнер” сынды жобалардың аясында іс-шаралар жоспарға бекітіліп, жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл, әрине қуантарлық жай. “Тәрбие – тал бесіктен” деп халқымыз текке айтпаған. Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек деген әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидың даналық сөзі тағы бар. Тәрбиені қолға алсақ, әдіс-тәсілдер жетерлік, өскелең ұрпақтың өн бойына өнеге дарытар өсиет сөздеріміз де баршылық. Тек жүйесін тауып, жүзеге асырсақ болғаны. Бұл игі істердің барлығы болашағымыз жарқын, келешегіміз кемел болуы үшін.
Бүгінгідей түрленген əлемде жас ұрпақты оқуға ынталандыру ісі осындай ұлттық рухты көтерер жобалармен сабақтасып жатса ғана жастарымыз білімге талпынары сөзсіз. «Ел есінде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мəңгі қалғың келсе – бала тəрбиеле» дейді халық даналығы. Өскелең ұрпаққа берілер тəрбиенің бір ұшы осындай берері жемісі мол бағыттармен өрістес болса ғана нəтиже беретіні айқын. Қолымызды мезгілінен кеш сермемес үшін қолға түскен құнды бағдарламаны бас пайдамызға жаратуға атсалысайық!
Айғаным Асқарбек.