Сурет керек пе?
Қазір ақша табудың сан түрлі амалын меңгергендердің қатары қалыңдап келеді. Солардың бір парасы – кез келген ірілі-ұсақты той жиындарда фотоаппарат асынған жас қыз-жігіттер. Дастархан басына отырған мезеттен қасыңа келіп қылқиып, қолымен ишараттап, суретке түсуіңді ыңғайлай бастайтын әдеттің қалыптасқанына біраз уақыт болды.
Оны көпшілік жақсы біледі деп ойлаймын. Тойға көтеріңкі көңіл-күймен келген қонақтардың біразы мақұл көріп, түсе бастаса, кейбірі жақтырмағанын қас-қабағымен білдіріп, жеки тіл қатып жатады. Қазақы дәстүрге аса қажет нәрсе емес екені білініп тұрса да, ақша табу жолында ыздиып, желке тұсыңнан кетпей тұрған жастың нан табу кәсібіне амалсыз көніп, қалтаңа қол саласың. Саудаласуға жаныңда отырған таныс-туыстардың көзінше амалсыз қысылып, өтірік қошамет айтасың. Осындайда сол сурет керек пе?-деген сұрақ туындайды. Өйткені, қазір кез келгеннің қалтасында сурет емес, кино түсіретін аппарат бар. Оның үстіне күнде көріп жүрген кісіңмен басыңды түйістіріп түскен суретке ешкім зәру емес. Ыздиып отырып, шырт еткізу арқылы ең кемі 500 теңгені қағып алатын суретшіге не ұрсарыңды, не ырзалығыңды білдіре алмайды екенсің. Қарапайым есепке жүгінсек, тойханада ең кемі 15-20 үстелсіз той жоқ. Әр үстелден 5-6 суретті 500 теңгеден өткізгенде, оның үстіне той иесінің арнайы тапсырысы бар, кем дегенде 100 мың теңге суретшінің қалтасына түсті деуге болады. Мұны айтқандығымыз біреудің ақшасын санап, түгендегендік емес. Дегенмен, мұндай сәтте санаңа осы бір байқалмайтын бизнесті қадағалайтын орын бар ма екен деген ой келеді. Әрине, бизнес бар жерде салық төленуі шарт. Суретші жеке кәсіпкер ретінде салықты мемлекетке ме жоқ, мейрамхана иесіне төлейді ме? Бұл жағын арнайы қадағалау орындары зерттей жатар.
Дамыған мемлекеттерде мәселен, Германияда титтей нәрсеге салық төлеген, ешқандай берешегі жоқ адам сол елдің ең құрметті азаматы болып есептеледі. Ол мемлекетте жұмыстың үлкен-кішісі болмайды. Бір тиын болсада мемлекет қорына түсуі тиіс .
Үнемдесең қу дүние,
Жиналады бір пұлдан.
Күнде жиын, күнде той,
Құтылмадық жырпылдан.
Бұл соңғы кезде заман ығына қарай шығарылған әзіл өлең болса да, жырпыл тойға барып, жыртылып қайтатын ағайындардың ысырап болуын қояр еместігін меңзеп тұрғандай. Жарайды, қазақтың психологиясын қазақ жақсы біледі делік. Әркім өзі білгенін қылатын заман десек те, біздің айтпағымыз той бизнесінде жүрген асаба, суретші, әнші, биші, сайқымазақшылардың жүйке жұқартатын кейбір татымсыз қылықтарына «тәйт» дейтін мезгіл жеткен тәрізді. Сіз қалай ойлайсыз?
Несіпхан ҚОҢЫРБАЕВ.