Мәжіліс депутаты округ әкімдерінің талабын тыңдады
Өткен жұмада ауданымызға ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Г.А.Нұрымова келіп, «Ауыл аманаты» жобасы аясында жобаға енетін тиісті ауылдық округ әкімдерімен кездесу өткізді. «Аманат» партиясының аудандық филиалы ғимаратында өткен кездесуге аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев, «Аманат» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Б.Ниязбеков, аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов, депутаттар, тиісті сала мамандары, Бірлікүстем, Жаңа жол, Қорағаты, Көкқайнар, Алға, Өндіріс, Жаңақоғам, Ескішу ауылдық округтері мен Далақайнар ауылдарының әкімдері, жауапты мамандары қатысты.
Жалпы, «Ауыл Аманаты» жобасының негізгі қаржыландыру бағыттары – өңдеу саласына қатысты жобалар, өсімдік шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау, мал шаруашылығын дамыту, басқа бағыттағы бизнес жобаларға негізделген. Несиенің негізгі шарттары бойынша айтар болсақ, шағын несие мерзімі 5 жылға, ал ауыл шаруашылығындағы жобалар үшін 7 жыл мерзімге ұсынылады. Шағын несиенің ең жоғарғы сомасы ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда 2,5 АЕК (яғни 8.6 млн теңге), зәкірлік кооперация – шағын және орта шаруа (фермерлік) қожалықтары немесе ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 8 мың АЕК (27.6 млн теңге). Сыйақы мөлшері жылына 2.5 пайыздан аспайды. Бұл несиеге қол жеткізудің өзіндік талаптары да бар. Жобаның осы және өзге де тұстары бойынша түсіндіру жұмысын жүргізген Г.А.Нұрымова жиын барысында қатысушылардың бірқатар сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, ауданымызға қарасты бірқатар ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесу барысында анықталған мәселелерді талқылау да басты мақсат болды.
Жиын барысында Д.Әліпбаев, Е.Өмірәлиев, А.Бименбетов, тағы басқа қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Мысалы, министрлік өкілдері ауылға келіп, ауыл тұрғындарының жағдайын көзбен көріп, өтініштеріне құлақ асса, несие алған азаматқа 1-3 жыл аралығында салық төлеу бойынша жеңілдік берілсе, облыс орталығынан 3-4 маман ауданымызға келіп, құжат қабылдау жұмыстарын жүзеге асырса деген ұсыныстар айтылды. Себебі, ауылдық жердегі азаматтар сабылып облыс орталығына барған кезде бір құжат дұрыс емес болса, сол үшін екінші рет келуге мәжбүр. Оған қоса, ауылдан бірнеше адамды жинап апару да қыстың күндері қиындау. Өйткені, ауылдағы жауапты азаматтар санасында ауа райының күрт өзгеруінен апатты жағдайларға кезігіп қаламызба деген үрей де жоқ емес.
Сонымен қатар, қажетті құжат тізімі, тұрғылықты жері бойынша тіркеу, АТК-ға бөлінген қаражаттың жұмсалу талабы, нотариалдық істерге қатысты сұрақтар қойылды.
Қатысушыларды мұқият тыңдаған Г.Нұрымова мақсат – ауылдықтарға қолдау көрсету болғандықтан, барлық өтініштер қағаз жүзінде болғаны дұрыстығын жеткізді. Өйткені, халық қалаулысы халық талабын депутаттық сауал ретінде министрлікке жолдап, оң шешімін табуды қарастыруды көздейді.
-Жұртшылық өкілдерімен кездесу барысында айтылған халық сұранысын тиісті министрлікке жеткізген кезде мұндағылар таң қалған. Өйткені, ауылдық жердегі тұрғындар мәлімдеген, анау айтқандай қиын тұстар жоқ. Оның барлығын төменгі сатыдағы жауапты тұлғалар шығарып отырғанға ұқсайды. Сол себептен, егер, «ЗУМ» платформасы арқылы министрлік өкілдерін, өзге де тиісті мамандарды қосып, онлайн кездесу өткізсем, өз ойларыңызды айтасыздар ма?-деген Г.Нұрымова халық талабын орындауға даяр екендігін мәлімдеді.
Жиын соңында депутат тарапынан тұрғындар өздерінің ұсынысын қағаз жүзінде дайындап, аудандағы жауапты тұлғаға өткізсе, әрі қарай сол арқылы жұмыс жасалатыны айтылды.
Динара Батырхаирова.