Ақпараттық портал

Тұрғындарға тіршілік нәрін жеткізген «Ауыз су-Шу» мекемесінің жұмысы жанданып келеді

Жасыратыны жоқ, әлеумет алдынан әкім кездессе әуелгі сұрағы ауыз су болары белгілі. Себебі, су- тіршілік нәрі, өмірдің өзегі болып саналады. Бұл орайда Шу ауданында ауыз су мәселесі түбегейлі шешілетін күн жақын. Салаға жауапты «Ауыз су -Шу» мекемесімен жыл ішінде жүйелі жұмыстар жүргізілгенін байқауға болады.

Бүгінгі таңда 135 қызметкер еңбек ететін шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын 13 100 тұтынушыға қызмет көрсетеді. Ал мекеме теңгерімінде 432 598 шақырым су желісі мен 23.28 шақырым кәріз желісі бар.
Бір айта кетерлігі, бұған дейін елді сумен қамтыған жандардың өзі «шөлдеуге» мәжбүр болған. Өйткені мекеме қызметкерлерге уақытылы жалақы төлей алмай, арагідік ақысыз демалысқа жіберіп отырған. Одан бөлек, жыл сайынғы қарыз көлемі де ұлғайып отырған көрінеді.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, өткен жылдың тамыз айында аталмыш кәсіпорынға жаңа басшы тағайындалды. Су шаруашылығы саласында 12 жыл еңбек өтілі бар бұл азамат Тараз қаласындағы яғни, «Тараз су» мекемесінде маман, басшының орынбасары болып қызмет еткен. Жаңа басшылықтың жұмысы басталғалы аудандағы су шаруашылығы мекемесінің де тыныс-тіршілігі жүйелі жолға түсіп, тұралаған істер аяғынан тік тұрғанын байқауға болады.
«Ауыз су-Шу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын директоры Асқар Наурызбаевтың айтуынша, орта есеппен күніне кем дегенде 7 мәрте су және кәріз желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ ол өткен жылдың тамызында барлық ұңғымалар мен су станцияларына жөндеу және тазалық шаралары ұйымдастырылғанын айтты.
Жұртшылықты өмірлік маңызы бар дүниелермен қамтамасыз ететін кез келген мекемені техникасыз елестетуге болмайды. Әсіресе, көнекөз техникамен күн кешіп жүрген кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын нығайту күн тәртібінен түспейтін мәселе екені баршаға мәлім. Былтыр мекеме бір өзі үш бірдей мүмкіндікке ие трактор мен апатты жағдай орын алға жерге жедел жету үшін 1 УАЗ Патриот автокөлігін сатып алған. Сонымен қатар осы жылы аудан басшылығы қалдық суды жинауға арналған 1 ассенизатор мен 1 манипулятор көлігін алуға қолдау көрсеткен.
-Біздің қызмет тұрғындарға сапалы ауыз су ұсынып, кәріз жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуіне бағытталған. Өткен жыл «Ауыз су – Шу» мекемесі үшін жемісті жыл болды. Себебі, жыл соңын 6 млн. теңге табыспен тәмамдадық. Аталмыш қаржы мекеменің алдыңғы жылғы қарызын өтеуге жұмсалып, бүгінгі таңдағы қарыз 19 млн. теңгеге төмендеген. Жұмысты жүйелеу үшін коммуналдық мекемеге арналған 1С бухгалтерлік есеп бағдарламасы жаңартылды. Сонымен қатар тұтынушылармен тікелей жұмыс істейтін «Абоненттік бөлім» ашылды. Жарты жылға жетпейтін уақытта заңды тұлғалармен келісімшарт саны 186-дан 422-ге дейін жеткенін айта кеткен жөн. Жалпы алғанда күн санап қызмет көрсету нүктелері артып, бірқатар елді мекендерге қызмет көрсетіп келеміз,-дейді «Ауыз су – Шу» КМК директоры А. Наурызбаев.
Ауданымызда әлеуметтік жағдайы әр қилы халық тұратыны анық. Оның ішінде су тасуға шамасы келмейтін жерлестеріміз де бар. Мұндай жағдайда тұрғындарға мекеме қол ұшын созудан тартынып қалмайтыны байқалады. Оны Шу қаласының тұрғыны Жазира Ахметова айшықтап, үйіне мөлдір су кіргізіп берген жандарға аналық ақ лебізін ақтарғандығынан байқауға болады.
– Бізге қысы-жазы сырттан су тасып ішу оңай соқпайтын. Оның үстіне сапалы ауыз су денсаулықты жақсартады. Мен бір ауыз өтінішіме құлақ асып, жеделдетіп су жеткізіп берген барша сала мамандарына, мекеме басшылығына алғыс айтамын. Жұмыстары табысты болсын, -дейді шаһар тұрғыны.
Судың сапасы бойынша кәсіпорын аудандағы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен жылдық келісімшартқа отырған. Құбырды жүргізбес бұрын олар су сапасына тексеріс жүргізеді. Яғни, әуелі белгілі бір аумақтан мердігер ұйым су көзін іздеп тауып, сол жерге ұңғыма жасайды. Ал, СЭББ қызметкерлері осы ұңғымадан талдау (анализ) алады. Зерттеу нәтижесі жарамды деп танылып, оң нәтиже берсе ғана, құбыр тарту жұмыстары жүргізіледі. Су 160-180 метр тереңдіктен шыққан соң, көп жағдайда теріс нәтиже кезікпейтін көрінеді.
Мекеме мамандарының айтуынша, көптеген су құбырлары ескірген. Бұл өз кезегінде су сапасының нашарлауына әсерін тигізеді. Сол себептен, ескі желілерді ауыстыру жоспарда тұр. Мұны жергілікті билік өкілдері қолдап жатса, мекеме басшылығы істі бастауға дайын. Алайда, бұл тұста да конкурс арқылы мердігер анықталып, барлық жұмысты мердігер ұйым атқарады.
Кәсіпорындағы тағы бір маңызды мәселе – маман тапшылығы. Мысалы, су есептеу құрылғысын тексеріп, ақша жинайтын бақылаушы штат бойынша 23 адам болу қажет болса, бүгінгі таңда олар аудан бойынша 19 адам. Слесарь маманы да қазіргі уақытта жеткіліксіз.
Соған қарамастан, апатты жағдайларда 8 адамнан тұратын арнайы 4 бригада кәсіпорын техникасымен тиісті жұмыстарды талапқа сай атқарып келеді. Бұл тұста ассенизатор қат дүниеге айналған. Өйткені, ол аудан бойынша біреу ғана. Сол себептен, жоғарыда айтып кеткендей, ағымдағы жылға тағы бір ассенизатор алу жоспарланған. Мұны алған күннің өзінде де сапалы жұмыс атқару үшін техника әлі де жеткіліксіз. Өйткені, желілердің ескіруінен апатты жағдайлар жиі орын алып, бұл айтарлықтай техника күшін қажет етеді.
Ал, тұрғындар үшін маңызды мәселенің бірі – есептегіш құрал жөнінде айтар болсақ, жалпы бұл құрылғы бес жыл сайын мемлекеттік тексеруден өткізіліп тұруы қажет. Кәсіпорын басшысының айтуынша, көп үйлерде су есептегіш құралы орнатылмаған. Мұндай үйлер үшін су ақысы сол үйде тұратын адам басына есептеліп, төленеді.
Тұрғындар арасында су ұрлау фактілері де кезігіп тұратын көрінеді. Сондықтан, алдағы көктемнен бастап барлық үйге су есептегіш құрал орнату заң аясында жүзеге асырылмақ. Ал, есептегіш құралды үй иелері кез келген сауда нүктелерінен сатып алуына болады. Ең бастысы, ол ҚР реестрінде тіркелген болуы керек.
Суға қарыз мәселесі де кәсіпорын тынысы үшін аса өзекті. Өйткені, қаржылық шығын ай сайын кезігіп отыратындықтан, тұтынушылар қарызды уақытылы төлеуі қажет.
-Өкінішке қарай, су ақысын ұзақ уақыт төлемейтін тұрғындар жоқ емес. Бұл бағытта біздің тарапымыздан түсіндіру, ескерту жұмыстары жүргізіледі. Егер, оң нәтиже болмаса, тұрғын үй иесіне акт толтырылып, құбырдың диаметріне, өткізу қабілетіне орай екі-үш ай мерзімге есеп айырысу жүргізіледі. Оны төлемеген жағдайда акт сотқа жолданады.
Су құбырына қосылу құны үшін бір жолғы төлемақы ретінде 20825 теңгені құрайды. Алайда, мекемеде бұрыннан қызмет етіп келе жатқан мамандардың айтуынша, су құбыры тартылған көшелердің өзінде құбыр суын қажетсінбей, қосылмай отырған тұрғындар бар,-дейді А.Наурызбаев.
Қордаланған мәселелерді ретімен шешуге кіріскен жаңа басшылық, жүйелі жоспар құрып, қат болған дүниелердің тізімін жасап қойған. Бұдан бөлек, басшылық бесжылдық жоспар түзіп, бағыттарын айқындап жатқанын айтуда. Қаржылай қолдау табылған жағдайда мекеме жұмысы аяғынан тік тұрмақ. Ал, бұл өз кезегінде тұрғындарға мінсіз қызмет көрсетуге мүмкіндік бермек.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.