Менің саяхатым
Әр адамның өмірге қызығушылығы мен дүниетанымы әртүрлі болатыны белгілі. Ал мен мектеп оқушысы болсам да саяхаттауды жаным сүйеді. Ең алдымен өз елімнің табиғатын, көрікті жерлерін аралауды жөн көрдім. Себебі төл тарихты тану үшін туған жердің болмысын білу керек. Атап айтқанда, өзім тұратын көне Тараз шаһарымды, Меркі үңгірлерін, Алматының сұлу Көктөбесі мен Медеуін, Шарын шатқалдарын,Көкше қайыңдарын,Қостанайдың бал қарағай алқабын тамашаладым. Әр жердің өзіндік ерекшелігі мен әдемілігін сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Менің шыр етіп, дүниеге келген жерім-Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласы. Ата-анамның ақылын тыңдап, алғашқы сапарды Қырғыз елінен бастадым. Бішкек қаласы арқылы Қырғыз Алатауын жағалап, Ыстықкөлге келіп қонақтадық. Шіркін, су деген қандай шалқар еді! Сонадайдан мөлдіреп, менмұндалап, самал лебі қолымнан сүйреп шақырғандай болып сезілді. Жан-жағын тау қоршаған көлдің суы аты айтып тұрғандай ыстық емес. Қыстың күні ықтауда орналасқандықтан көлдің суы жылы болып, суық жақтың құстары осы көлге келіп паналайды екен. Бір қызығы мұнда шамамен құстың 1500-ге жуық түрі қыстап шығады екен.
Бағыма орай өткен жылы жолым түсіп, көршілес Өзбекстан мемлекетінің Ташкент, Самарқанд, Хиуа, Бұқара қалаларына саяхат жасадым. Ташкент –Орталық Азиядағы ең үлкен қалалардың бірі. Ал оның атауы – «Тас қала» деген мағынаны білдіреді. Әлемдегі әрбір баланың арманы – ел астанасындағы «Disney Land» қалашығын көру деп білемін. Жаханның бес қаласында ғана бар қалашықтың Ташкентте бар екенін білетінмін.
Арманымды ұштастырып, «Magic City» қалашығын өз көзіммен көріп, ертегідегідей күй кешіп, «Disney Land»-ті шаршағанша араладым. Негізі Ташкент – сауда шаһары. Осындағы «Чорсу» шығыс базары Ташкенттегі ең үлкен, әйгілі базар екен.
Келесі кезекте Самарқанд қаласын тамашаладым. Самарқанд – өзбек елінің мәдени мұрасы сақталған көне қалаларының бірі. Мұнда «Қыш базардан» бастап, Шахи Зинда кесенелер кешені ерекше әсер сыйлайды. Сондай-ақ «Биби хонум» мешіті, обсерватория және« Гур Эмир» кесенесі ел кереметтерінің қатарында.
Бұдан кейін табаным тиген қала Бұхара болды. Бұл қаладан көріп білгенім аз емес. Кеме бекінісі, Саманидтер кесенесі, Ситорай Мохи-Хоса резиденциясы мен Пой Колян кешені, бұл кешен үш нысанға бөлінеді; мешіт, медресе және мұнара. Әйгілі қолбасшы, темірдей қатал заңымен, өз әмірімен артқыға үлгі болған Әмір Темір ескерткіші мен тарихи мұражайы менің білімімді толықтыра түсті.
Жалпы, осы саяхат бойынша түйгенім, көршілес елдің тарихы да, мәдениеті де, әдебиеті де, туристік саласы да жоғары деңгейде дамыған. Көрсетер көне мұралары түрлі елдерден келген туристерді таң қалдырып, әсер қалдырмай қоймайды.
Аянат Ілияс,
Жамбыл атындағы орта мектептің
10 сынып оқушысы.
Көктөбе ауылы.