Оқушылар сарайы – жарқын болашақтың ордасы
«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген ұстанымды ту ететін халқымыз қай заманда болмасын бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөліп отырған. «Егер, сен алдыңа бір жылдық мақсат қойсаң ағаш отырғыз, ғасырларға мақсат қойсаң ұрпақ тәрбиесімен айналыс» деген ұлағатты сөз тағы бар. Тәрбие тек білім берумен шектелмейді, тұлға қалыптастыру жолында үздіксіз еңбек қана өз нәтижесін береді. Баланың бос уақытын тиімді пайдалана білуге дағдыландыру – заман талабы. Соның мәнін терең ұғына білген мемлекетіміз соңғы жылдары қосымша білім беру мекемелерін жандандыруға, бойында таланты бар жастарды бір арнаға топтастыруға барынша мүмкіндік жасауда. Оған ауданымызда ашылған бірқатар шығармашылық орталықтар дәлел бола алады.
Соның бірі әрі бірегейі – облыс көлемінде алғашқы болып Шу ауданында ашылған Оқушылар сарайы. 2021 жылдың соңында пайдалануға берілген білім ошағын бүгінде Нағима Райқұлова басқарады. Қазіргі балалардың сұранысына сай, толықтай заманауи үлгіде тұрғызылған ғимараттың ажары алыстан менмұндалайды. Ерекше дизайнмен әрленген сарай іші балалардың арман баспалдағы іспетті.
Ертеңіне зор үмітпен қарайтын талапты балалар мен жасөспірімдердің жігерін жанып, қиялын қияға ұшырып, қанаттандыратын орта осы зәулім сарай болғандығы даусыз. Себебі, бұл Оқушылар сарайы облыстағы қосымша білім беретін ең ірі ұйым. Мұнда 26 үйірмеден 824 жеткіншек білім алады. Сонымен қатар, балалардың шығармашылық қабілеттері мен адами әлеуеттерін дамытуға 28 педагог тер төгіп келеді. Оның ішінде жоғары білімді 27 педагог, арнаулы орта білімді 1 педагог бар. Педагог біліктілігі санатында – 10, педагог-модератор біліктілігі санатында – 8, педагог-сарапшы біліктілігі санатында – 2, педагог-зерттеуші біліктілігі санатында – 3 және ІІ санатты – 2, санатсыз – 3 қосымша білім беру педагогтері қызмет етуде.
-Оқушылар сарайы – жастардың рухани және мәдени дамуының маңызды орталығы. Оқудан тыс уақытта пайдалы дүниемен айналысып, бос уақытын тиімді ұйымдастырғысы келетін оқушылардың бас қосатын орны. Алдағы уақытта жан-жақты бағыттар қамтылып, балаға қажеттінің барлығы табылатын сарайдың дүбірі де ерекше болмақ.
Оқушылар сарайында түрлі тематикалық көрмелер, таныстырылымдар, ән мен би және күйден, спорттық жарыстан, ақындық өнер мен мәнерлеп оқудан, сурет салу шығармашылығынан, сәндік қолданбалы өнерден, тағы басқа түрлі бағыттар бойынша бірнеше байқаулар өткізіледі. Ал осындай сындардан сүрінбей өтіп, жүлделі орынға ие болған балалар республикалық, халықаралық жарыстарда топ жаруда. Жалпы, мұнда баланың жарқын болашағына жол ашуға, өзін биіктен көрсетуіне мүкіндік бар,-дейді мекеме директоры Н.Райқұлова.
Білікті ұстаз бен білімді оқушы біріккенде биік белестер бой ұсынып жатады. Сондықтан қосымша білім беру мекемесі өзінің ұлағатты ұстаздары мен талапты шәкірттерімен биік. Осы орайда, Оқушылар сарайының педагогикалық ұжымының ықпалымен олардың шәкірттері қол жеткізген жетістіктерді атап өтуді жөн санадық.
Мәселен, 2023-2024 оқу жылында бокс үйірмесінің оқушылары ҚР Туының авторы – Ш.Ниязбековтың мерейтойына арналған облыстық чемпионатта жүлделі орындарды иеленсе, КСРО спорт шебері Т.Құлдановты еске алуға арналған бокстан жасөспірімдер арасындағы Меркі ауданының ашық біріншілігінде үздік орындарды қанжығалаған. Сондай-ақ үстел теннисі үйірмесі жетекшілерінің ұйымдастыруымен, Тәуелсіздік күні мерекесіне орай өткізілген «Біздің жетістігіміз – ортақ мақтанышымыз» атты жарыста оқушылар үлкен жетістіктерге ие болды. Одан бөлек, «Ойшыл шахматшылар» үйірмесі жетекшілерінің ұйымдастыруымен, «Д.А.Қонаев – ұлт мақтанышы» атты шахматтан қосымша білім беру мекемелері арасында өткізілген жарыста Оқушылар сарайының 6 өрені жетістікке жеткен. «Хореография» үйірмесінің «Айжұлдыз» би тобы да үкілі үмітті ақтаған. «Балауса» бишілер тобы Тараз қаласында, қазақтың тұңғыш балетмейстері, халық әртісі – Дәурен Әбдіровтың жүз жылдығына орай өткізілген ІІ-облыстық «Би қанатында» атты байқаудан үшінші орынды олжалап қайтты.
Баланың оқу-тәрбие ісіне ата-аналардың да араласқаны абзал. Осыны ескерген Оқушылар сарайы қызметкерлері отбасы күніне орай, оқушылар мен ата-аналарға арналған «Толағай» отбасылық сайысын ұйымдастырып, жеңімпаздар арнайы дипломдармен марапатталды. Сол секілді ұлттық ойындарды жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында мекемеішілік «Алтын сақа» олимпиадасы ұйымдастырылып, оған 12-13 жас аралығындағы ұл-қыздар қатыстырылды. Өткен жылғы Тәуелсіздік күні мерекесіне орай, «Тәуелсіздік – тұғырым» тақырыбында оқушылар аудандағы желтоқсаншылармен кездесіп, сыр-сұхбат өткізді. Бұл аталмыш мектептен тыс білім беру мекемесінің толайым табыстарының бір парасы ғана.
Одан бөлек, теориялық және практикалық білім алу үшін жағдай жасалған мекемеде балалар мұғалімдердің, кәсіби мамандардың көмегімен мектепте алған білімдерін еселеп нығайтуда. Бұл ретте педагогтардың біліктілігін арттыру, дағдыларын жетілдіру мен білімдерін ұштау бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн.
Оқушылар сарайында ішкі жұмыстан тыс жұмыстар да жүргізіледі. Мәселен, осында ұстаздар мен оқушылардың қолынан дайындалған көрмелік жұмыстар ауданда және облыс көлемінде өткізілетін ауқымды шаралардан орын алып, жоғары бағалануда.
Былтыр қазан айында атамлыш мекемеде «Қосымша білім беру педагогтарының құзыреттілігі – қызмет сапасын арттыру» тақырыбында 85 ұстаздың қатысуымен, облыстық деңгейде семинар өтіп, онда білім саласының қызметкерлері тәжірибе алмасып, өз жетістіктерімен бөліскен.
Тағы бір атап өтерлігі, Оқушылар сарайы «Тағлым» атты авторлық телевизиялық бағдарламаны жүзеге асырған болатын. Жобаның мақсаты – өскелең ұрпаққа белгілі бір салада елеулі еңбек еткен жандардың өнегелі өмірін, еңбек жолдарын таныстыру және жастайынан үлкен додаларда бақ сынап, ауданымыздың абыройын асқақтатып жүрген жастардың жетістігін үлгі ету.
Телевизиялық студияда осы күнге дейін 25 сұхбат өткізіліп, биылғы оқу жылынан бастап қайта қолға алынған жоба үшін Оқушылар сарайы ғимаратында арнайы студия ашылып, оның іші студияның талабына сай жабдықталып, келген қонақпен әдемі әңгіме, әсерлі сұхбат өткізуге мейлінше жағдай жасалып, жұмысы жаңа форматқа ойысты. «Тағлымның» тағы бір артықшылығы – сұхбатты алушы да оқушылар. Студияға Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, аудан әкімінің аппарат басшысы Нариман Абай, аудандық білім бөлімінің басшылары, аудандық және облыстық депутаттар, ардагер ұстаздар, жетістігі мол жастар мен ана тілімізді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері, тағы сол секілді өзге де азаматтар қонақта болды.
Осы тұста жалпы Оқушылар сарайында жүргізілетін «Жас тілші» үйірмесіне келетін оқушылар аудандағы жаңалықтарды түсірілім арқылы алғашқылардың бірі болып тұрғындар назарына ұсынып, түрлі форматта сұхбаттар, бағдарламалар өткізіп, өз шығармашылықтарын аталмыш қосымша білім беру мекемесінің арнайы газетіне жариялаумен айналысып жатқанын айта кеткен жөн.
Қашанда «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген аталы сөздің үдесінен шығуды мақсат еткен мекеме ұжымы еліміздің болашағы саналатын, сайдың тасындай сап түзеген, білімді, білікті шәкірттерімен таныла берсін демекпіз. Алдағы уқаытта да осы бағыттағы игілікті істерге Шу ауданының шығармашылық орталықтары теңізге қосқан тамшыдай тиісті үлестерін қоса беретініне сенім мол.
Сөз соңында Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген өсиетін өзекке алып, қосымша білім сапасын арттыру жолында тер төгіп жүрген ұстаздар жаңашылдық үлгісін көрсете беруден талмайды деп білеміз.
Байжан Емберді.