Ақпараттық портал

Ұлттық құндылықты үлгі етті

Әжелер өнегесі – ұрпақтан

ұрпаққа ұласып,

ғасырдан ғасырға

жалғасатын тәрбиенің

таусылмас қайнар көзі.

 

Ұлт болашағы – тәрбиеде. Абайдай дананы тәрбиелеген Зередей зерделі әжелердің ұрпақ тәрбиесінде рөлі өте жоғары. Терең тамырлы тарихымызға көз жүгіртсек, көргені мен түйгені мол, өрісі кең әжелеріміз қашан да саналы ұрпақ, келешектің кемеңгер өкілдерін тәрбиелеген.

Біртұтас тәрбие бағдарламасын негізге ала отырып, «Даналық мектебі» клубының міндеттерін жүзеге асыру мақсатында,  «Әжелер мектебінің» жоспары аясында Жайсан орта мектебінде «Әжем үйреткен…» атты шеберлік сабағы өткізілді. Мақсат – әжелердің өнегелі өмірін жас буынға үлгі ете отырып, қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын бойға сіңіру, әже мен немере арасындағы қарым-қатынасты нығайту.

Аталған шеберлік сабаққа  Алға ауылдық округінің аналар қоғамының төрайымы Н.Серікбаева, «Әжелер мектебінің» төрайымы А.Нұрбекова, директордың  оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Д.Қ.Ермекова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С.С.Умбетова және мектеп ұстаздары мен оқушылар қатысты.

Шеберлік сабақ мектеп оркестрінің орындауындағы «Кеңес» күйімен басталды. Ауылымыздың ақ жаулықты әжелерінің бірі Ж.А.Диханбаева, О.И.Унгарова, Ғ.С.Адилова, Б.А.Сатаевамен өткізілген шеберлік сабақта халықтық педагогиканың асыл қазыналары айшықталды.

Іс-шара барысында ардақты әжелеріміз қыздарға құрақ көрпе құраудың қыр-сырын үйретіп, ою-өрнектің шығу тарихын түсіндірді. Бірі немересіне құрақ көрпеге арналған оюдың суретін салу тәртібін үйретсе, бірі қазақы камзол мен әшекей бұйымдар жайлы айтып өтті. Сонымен қатар, ұршықпен жіп иірудің тәсілдерін көрсетті. Дәстүр мен ғұрыптан бастау алып, ырым мен тыйымды тиянақтайтын да – қолөнер. Осындай, ұлттық құндылыққа толы тәлім сабағынан оқушылар көптеген маңызды мағлұматқа қанық болды.

Әжелерге тарту ретінде қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Г.Қ.Нуралиева «Ана туралы жыр» әнін орындады. Сондай-ақ, 4-сынып оқушылары «Жақсы көрем әжемді» әнін шырқады.

Өмірдің мәнін терең түсінген, ұрпағының болашағына ой жүгірткен әжелеріміз ұлттық құндылықтарды бойтұмардай сақтап, кейінгі буынға шашау шығармай аманаттай алса, нұр үстіне нұр болар еді.

Саналы ұрпақты тәрбиелей білген, ізгілік пен әсемдік бұлағын айқындай түскен “Әжелер мектебінің ” шеберлік сабағының соңында әжелерімізге Алғыс хат табысталды.

 

М.Даулетказина,

Жайсан орта (а) мектебінің

бастауыш сынып мұғалімі. ұлттық құндылықты үлгі етті

Leave A Reply

Your email address will not be published.