Ақпараттық портал

Ұлттық ойын ұмыт қалмасын десек…

Ел өміріндегі сан түрлі салалардың ішінде спорт саласы да маңызды рөлге ие. Спортты жанына серік еткен көптеген отандастарымыз бәсі биік бәйгелерде жеңіс тұғырынан көрініп, кеудемізді мақтаныш сезімімен
кернеп, жалпы ел абыройын асқақтатып келеді. Үлкен жеңістердің кішкентай жетістіктерден басталатыны анық. Ал, оған ең әуелі адамның бойындағы қабілет, сол қабілетті шыңдай түсуге негіз болатын бала кезіндегі тәлім-тәрбиесі зор ықпал етеді. Сол себептен, үкімет те мұндай мәселеге баса мән беріп, тиісті салаларға барынша қолдау көрсетуде.
Оның ішінде әсіресе спорт саласының алар орны ерекше.

Есімі елімізге, қала берді сырт мемлекеттерге танылған спортшылардың даңқы бірден асқақтап кеткен жоқ. Олар да кезінде ауылдың қара домалақтарымен бірге доп қуып, ләңгі теуіп, өз арамыздан өсіп-өнгені ақиқат. Осы тұста, «Тәрбие – тал бесіктен» деген даналық сөз еріксіз еске түседі. Спорттық тәрбиенің де оң бағытпен жүзеге асырылуы кез келген талантты жанның бағын ашып, тың жетістіктерге ұмтылуына негіз болатын білікті бапкерге байланысты. Ал, білікті бапкер әр өңірдегі спорт мектептерінің басты тірегі. Мұндай мектептер біздің өңірімізде де жоқ емес. Атап айтар болсақ, бүгінгі таңда ауданымыздағы 4 спорт мектебінің ұжымы өңірдегі өрендерді спорттық тәрбиеге баулуға барын салып келеді. Сонымен қатар, аудандық жерлерде аудан әкімдігінің спорт және дене шынықтыру бөлімі спорттық шаралардың көптеп ұйымдастырылуына, тұрғындарды бұқаралық спортқа тартуға ұйытқы болуда. Әр өңірдегі спорт ісінің басты жанашыры да осы спорт бөлімі болуының маңызы зор. Өйткені, мұндағы азаматтар жергілікті билік өкілі ретінде тұрғындармен тікелей байланыс жасай алады. Халық көкейіндегі спорт саласына қатысты мәселелерді көтеріп, жалпы саланың тыныс-тіршілігінің алға басуына бірден-бір себепші болатын да осы азаматтар.
Жуырда біз осындай құзыреттілікке ие, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімімен қоян-қолтық жұмыс жасап келе жатқан Бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу орталығының басшысы Б.Ұзақбаевпен тілдесіп, аудандағы бұқаралық спорттың бүгінгі тынысы, оның ішінде ұлттық спорттың даму деңгейі жайында сұрап, білдік.
Оның айтуынша, спорттық іс-шаралар әр жыл сайын жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Алайда, жылдық жоспар бойынша бір жылда өткізілетін спорттық шаралардың сандық көрсеткіші белгіленгенімен, оны шекті көрсеткіш деп айту мүмкін емес. Өйткені, ол жекелеген аудан азаматтары ұйымдастырып жататын турнирлерге байланысты өзгеріп отырады.
-Кейбір аудан тұрғындары тұңғыш перзентінің дүниеге келуі, ұлын сүндетке отырғызуы, марқұм болған айтулы азаматтарды еске алу секілді өз өміріндегі маңызды оқиғаларға орай кез келген спорт түрінен турнир өткіземіз десе, біз оған қарсы болмаймыз. Алайда, кез келген іс шара жергілікті әкіммен, Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы яғни, бізбен алдын ала келісіледі. Біз өз тарапымыздан кубок, медаль, грамоталарымызды дайындап, марапаттау рәсімі жағынан қолдау көрсетеміз. Мысалы, жуырда Қонаев ауылында өткен көкпар ойынында өз тарапымыздан жеңімпаздарға медальдар мен кубоктарымызды ұсындық.
Сондай-ақ, орталықтың жұмысы бұқаралық спортқа бағытталғандықтан, негізінен 18 жастан асқан аудан тұрғындарымен жұмыс жасаймыз. Бірақ бұл оқушылармен жұмыс жасалмайды деген сөз емес. Жалпы, жасөспірімдермен білім бөлімі және аудандағы 4 спорт мектебі өзінше бөлек жарыстар өткізіп жатады. Дегенмен, жарысқа қатысамын деуші жасөспірімдерді біз шеттетпейміз,-дейді орталық басшысы Б.Ұзақбаев.
Бұқаралық спорттың өркендеуіне үлес қосу бұл орталықтың басты міндеті. Сол себептен, өткен жылы олимпиадалық, олимпиадалық емес, ұлттық спорт санаттарына жататын бірнеше спорт түрлерінен 300-ден аса іс-шара өткізілген. Өкінішке қарай, оның ішінде ұлттық спорт ойындарының барлық түрі тиісті деңгейде қамтылмайды. Десек те, бұл ұлттық спортты дамыту бағытындағы жұмыстар тым төмен деңгейде деген ойды білдірмейді.
Ұлттық спорт дегенде жиі қолданыста болатын қазақ күресі, көкпар, бәйге, тоғызқұмалақ, қыздар арасындағы бестас, арнайы мектебі болмаса да асық ату, теңге ілу, ләңгі секілді ойындар бірден ойымызға оралады. Алайда, көп жағдайда көкпар және бәйге, қазақша күрес ойындары жиі ұйымдастырылады да, өзгелері Наурыз, Қазақстан халықтарының бірлігі күні, Конституция күні секілді үлкен мерекелерде ғана көпшілікпен өткізіліп жатады. Бұл тұста ұлттық спорт көкпар және бәйгемен шектелмейтінін қарапайым халық ұғынуы қажет. Ол үшін насихат жұмыстарын жандандыру маңызды. Осы бағыттағы жұмыстар жөнінде айтар болсақ, өткен жылы Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының ұйымдастыруымен, ұлттық спорт түрлерінен жалпы саны 87 шара өткізіліп, оған 13599 адам қамтылған екен. Бұл көрсеткіш аясында жекелеген аудан тұрғындары тарапынан өткізілген жарыстардың барын да ескерген жөн.
Жарыс түрлері бойынша нақты айтар болсақ, қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турниріне ауылдық іріктеу деңгейі 4 аймақта өткізіліп, іріктелген палуандар аудандық деңгейде бақ сынап, жеңімпаздар облыстық жарысқа жолдама алған. Халықаралық әйелдер күніне орай, «Сinema Park» кешенінде тоғызқұмалақтан әйелдер арасында аудандық жарыс өткізілген. Сондай-ақ, «Аула ойындары-2023» спорттық фестивалі аясында ауданға қарасты әр ауылда асық, ләңгі ойындары бойынша іріктеу өткізіліп, аудандық деңгейде өткізілген жарыста жеңіске жеткен жеңімпаздар облысқа жолдама алып, облыстық жарыста аталған екі ойын түрінен жерлестеріміз екінші, үшінші орындарды иеленіп қайтқан.
Ал, алдағы уақытта Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы ағымдағы жылдың жұмыс жоспарына ұлттық спорт түрлерінен жалпы 97 іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.
Осындай оңды шаралар жүзеге асырылғанымен, ұлттық спортты дамыту бағытында бірқатар проблемалар да кезігеді. Мұның алғашқысы – арнайы жаттықтырушылардың жетіспеушілігі. Аудандағы төрт спорт мектебінде (Шу қаласында-2, Төле би ауылында-1, Белбасар ауылында-1 мектеп) ләңгі, асық ойындарынан жаттықтырушы жоқ, яғни қарастырылмаған. Бүгінгі таңда тоғызқұмалақтан тәлім беріп жүрген бір ғана жаттықтырушы болса, оның өзі биыл зейнет жасына толады.
-Қазіргі уақытта қазақ күресінен ауданымызда бар болғаны 5 жаттықтырушы бар. Оның өзі Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде (БЖСМ) қызмет етеді. Ұлттық спортты дамыту үшін арнайы ұлттық спорт мектебі болса. Біздің ауданда мұндай тетіктер қарастырылмаған.
Сондай-ақ, 18 жастан асқан, спортқа бейім азаматтар үшін де ауданымызда арнайы клуб жоқтығы көңіл қынжылтады,-дейді орталық басшысы.
Осы орайда, арнайы мектеп болмағандықтан, ұлттық спортқа байланысты турнирлер ұйымдастырылған жағдайда оған қатысушы қалай таңдалады? -деген заңды сұрақ туындайды. Орталық басшысы бұл сұрақтың жауабын ұлттық спортқа негізделген жарыстар әсіресе, қазақ күресі, көкпар ойындары бойынша өте қалған жағдайда оған бала кезден сол спорт түріне бейімделген, жоғары оқу орнында жүріп жаттыққан азаматтар қатысып жататындығымен түсіндірді.
-Ұлттық спорттың кейбір түрлеріне әуесқой азаматтар ауданымызда бар және олар бізбен үнемі байланыста. Мысалы, қазақ күресінен турнир ұйымдастыратын болсақ, оған 18 жастан асқан отыздан аса адам жиналып, ниет білдіреді. Ол жаман емес. Ал, жасөспірімдер арасында өтетін қазақ күресі турниріне 150-200 шамасында бала жиналады.
Көкпардың да арнайы жаттықтырушылары болмағанымен, әр ауылдан екі команда өз еріктерімен жасақталады. Жаттықтырушының жоқтығына қарамастан, олар ойынның тәртібін де жақсы біледі. Мүмкіндік болса, олар облыстық деңгейде ойын көрсетуге де дайын. Жалпы, ұлттық спорттық ойындардың барлық түрі бойынша арнайы жаттықтырушы болмағанымен, ҚР спорт федерациясы бекіткен әр спорттық ойын түрінің өзіндік ережесі бар. Ойын сол ереже тәртібімен өтеді,-дейді Б.Ұзақбаев.
Байқағанымыздай, қазақ күресі, көкпар, бәйге ойындарының аясы мүлдем тар деп айтуға негіз жоқ. Әйтеуір, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», халықпен байланысты бірқатар шаралар атқарылуда. Ал, кең көлемді және ұлттық мерекелерде жиі ойнатылатын асық ойындары мен ләңгі тебу, теңге ілу сынды өзге де ұлттық спорт ойындарынан жаттықтырушы құрамның жоқтығы айдан анық. Сол себептен болса керек, бұл спорт түрлері ақсаңдау екені көпке мәлім. Көп жағдайда, бұл ойындарды аталған ойыннан хабары бар, дене шынықтыру пәні мұғалімдері жүргізетін көрінеді. Яғни, жоқтан бар жасалады.
Осы тұста тағы да бүгінгі таңда көпшілік арасында ара-тұра ойнатылып жүрген асық ату, теңге ілу, ләңгі ойындарынан облыстық, республикалық деңгейде жарыс бола қалған жағдайда, оған ауданымыздан үміткер табыла ма?-деген сұрақ қылаң береді. Орталық мамандарының мәлімдеуінше, бұл бағытта да атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес. Өйткені, қарапайым тілмен айтқанда, асық ату, ләңгі тебу аула ойындары болып есептелгенімен, бұл ойын түрлерінен де жыл сайын облыста спартакиада өткізіліп, оған аудандық деңгейде команда жасақталады. Мысалы, әр жыл сайын жасөспірімдер арасында «Алтын сақа» сайысы ауылдық, аудандық деңгейде өткізіліп, жеңімпаз ойыншы облысқа жолдама алады. Аудандық деңгейде өткізілген барлық турнирлерге үкімет тарапынан қаражат бөлініп, оған медальдар мен бағалы сыйлықтар алынады.
Сонымен қатар, соңғы жылдары салада тоғызқұмалақ ойынына қызығушылардың қатары артқаны байқалады. Оған жоғарыда айтылған өткен жылы ауданымызда осы ойын түрінен облыстық чемпионаттың өткізілуі дәлел.
Ұлттық спорттың өркендеуін оны дамытуға үлес қосып жүрген азаматтарсыз елестету мүмкін емес. Бұл тұрғыда ауданымызда тоғызқұмалақ ойынының өрлеуіне өзіндік зор ықпалын тигізіп жүрген, бірнеше дүркін облыстық, республикалық жарыстардың чемпионы, биыл зейнет жасына толатын Елтай Сыздықовты атап айтуға болады. Оның шәкірті Әлдибай Нұрбол Түркияда өткен әлемдік жарыста бақ сынады. Көкпар ойыны бойынша Түркияда өткен жарыста ұлттық құрама сапында озық ойын өрнегін көрсетіп, алтын жүлде иеленген және «Үздік көкпаршы» атанған белбасарлық Ынтымақ Әліпбаев есімді азаматтың еңбегі орасан.
Өңірде қазақ күресінің өрлеуіне Алтай Сейітов, Жиенбек Шохаев сынды жаттықтырушылар да зор еңбек сіңіруде. Ал, жалпы спорт саласының мамандары ауданымызда алғаш рет қазақ күресін дамыту ісін қолға алып, жемісті жұмыстардың ұйытқысы бола жүріп, бүгінде марқұм болып кеткен Смайлов Арман ағайдың есімін ерекше құрмет тұтады. Оның бірнеше шәкірті қазір жаттықтырушы. Соның бірі – аудандағы спорт мектептерінің бірінде қызмет етіп жүрген, жаттықтырушы Қайсар Искаков. Ол бала кезінде-ақ жасөсіпірімдер арасындағы республикалық жарыстың чемпионы атанған.
Байқасаңыз, арамызда ұлттық спортқа қызығушылық танытатын жерлестеріміз жетерлік. Бірақ, «Ауруын жасырған өледі» демекші, асық ойындары, тоғызқұмалақ, бестас, ләңгі, теңге ілу сынды өзге де кенже қалған ұлттық спорттық ойындарынан арнайы жаттықтырушылардың жоқтығы көңіл қынжылтады. Сол себептен болса керек, орта білім мекемелерінде бұл ұлттық спорт түрлерінен үйірмелер де жоқтың қасы.
Санамалап кетсек, қазақтың ұлттық спорттық ойындарының түрі өте көп. Олардың ішінде мектеп оқушылары мен жастардың жанына жақын түрлерін кеңінен насихаттап, оны бүгінгі өскелең ұрпақтың санасына сіңіру маңызды болып отыр. Өйткені, қазіргі таңда мектеп жасындағы балалар ұлттық ойынның тәртібін меңгермек түгілі, кейбіреулер олардың атауларын да жетік білмейтіні жасырын емес. Оған әр баланың қолындағы ұялы телефон мен ондағы атыс-шабысқа толы және бала психологиясының бұзылуына әкелетін сан түрлі ойындардың да өз ықпалы бар. Осының салдарынан бүгінгі оқушылардың басым бөлігі өткен ғасырдың оқушылары секілді уақытылы сабақ оқып, бос уақытында әдеби кітапқа үңіліп, рухани жетілуге талпынбайды. Ал, тынығу сәтінде асық ойнап, ләңгі тебу мүлдем ойларына кірмейді немесе өзге де ұлттық ойындарға мүлдем қызығушылық танытпайды. Осындай балалар мен жасөспірімдерден ержеткенде Отанын, ұлтын сүйетін азамат шығуы мүмкін бе? Қорқыныш осында. Сол себептен, бала болашағының бұлыңғыр болмауына сеп боламыз десек, тәрбиені мектеп табалдырығынан бастап, ұлттық ойынның ұмытылмауына үлес қосып, ұлттық құндылықты оқушы кезден баланың бойына сіңірген жөн деп білеміз. Ол үшін тым болмаса бір ауданда бір ұлттық спорт мектебі ашылып немесе мектептерде ұлттық ойын түрлері бойынша үйірмелер санын арттырып, ал жастар қауымы үшін ұлттық ойынға бағытталған арнайы клуб жұмысы жолға қойылса, бұл ұлттық тәрбиенің қанат жаюына қосқан үлес болар еді. Сонымен қатар, үйірме қатысушылары арқылы әр ойын түрінен түрлі деңгейде жарыстарды жиі ұйымдастырып, сол арқылы балалар мен жасөспірімдерді ынталандыру бос уақытын тиімсіз өткізіп жүрген өзге де балалардың ұлттық спорт түріне қызығушылығын оятуға негіз болар еді.
Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман, ардақты аға буын өкілдері? Айтар ойларыңыз болса, редакциямызға хат жолдап, өз пікіріңізді білдіруге жол ашық.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.