Келелі кездесу
Биыл Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан шекарасынан шығарылғанына 35 жыл. Жарты ғасырға жетеғабыл жылдар өтсе де интернационалист-жауынгерлер жүрегіндегі жарақат жазыла қойған жоқ. Жастығын жалын шарпыған сол кездегі бозбалалар бүгінде аға буынға айналып, өскелең ұрпақты отаншылдық рухқа тәрбиелеп келеді.
Ақпан айының алғашқы жұлдызында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен №10 Шу колледжінде 35 жылдыққа орай және жастарды патриоттыққа тәрбиелеу, ардагерлердің ерліктерін жастарға үлгі ету және насихаттау, оларға құрмет көрсету мақсатында «Ауғанстан – жүректегі жара» атты кездесу өткізілді.
Аталған шараға Шу ауданы «Ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бұралқы Шынарбеков және Шу аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастығының орынбасары подполковник Әжіхан Абдырашев қатысты.
Кездесу барысында майдангердің бастан кешкен оқиғалары, қарулас достары туралы жылы естеліктері айтылып, жастарды жауынгер болуға, Отанды қорғауға шақырды. Сондай-ақ бүгінгі бейбітшіліктің бесігінде тербелген мамыражай тіршіліктің қадірін біліп, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіру қажеттігі сөз болды.
Одан бөлек, колледж студенттері өздерін қызықтырған сауалдарын Бұралқы Сәтбайұлына жолдап, тұшымды жауаптарын алды. Кездесуге қатысқан Әжіхан Сүлейманұлы да сөз алып, жастарды қарулы күштер қатарында қызмет атқаруға, Отан алдындағы борышты өтеуге шақырып,, бұл барша азаматтың борышы екенін атап өтті.
Байжан Емберді.