Жарқын істерде жастардың қолтаңбасы көп
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы бір жиында ел жастарына бағыттап “Шын мәнінде, кез келген мемлекетті тұрғындарына қарап бағалайды. Яғни, біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет. Жастар спортпен, дене шынықтырумен айналысуы керек. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы құндылықтарды барынша насихаттап, тарату қажет. Сонда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады” – деген болатын.
Бұл лебіз елімізде жастар саясатын жүзеге асырумен айналысатын ресурстық орталықтарға бағыт-бағдар болып, жігерлеріне қамшыдай тиюі қажет. Себебі, жастармен жұмыс істейтін мамандар жаңадан көзқарасы қалыптасып келе жатқан жасөспірімдер болашағына тікелей әсер ете алады. Ол үшін түрлі тетіктер мен тәсілдер жетерлік.
Ауданымызда 18 жылдық тарихы бар Шу аудандық мәслихаттың депутаты Ғани Қойбағаров басқаратын Жастар ресурстық орталығы жемісті жұмыс атқарып келеді. 2 жыл бұрын өз жұмысын бастаған Шу қалалық жастар ресурстық орталығы туралы кейінірек толғанатын боламыз.
Бүгінді таңда Ғани Бірлікұлы басқаратын мекемеде 39 жас жұмыс істейді. Оның 22-і жоғары білімді болса, 10 маман арнаулы орта білімді меңгерген. Солардың қатарындағы 6 жас жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруда. Бір қуантарлығы, орталықтың іс-шара өткізуіне былтыр 15 млн 817 мың теңге бөлінсе, биыл бұл сомма 22,000 мың теңгеге жетіп отыр. Біз бұны аудан басшылығының жастарға деген қамқорлығы мен қолдануынан туған қарекет деп бағамдаймыз. Себебі жаңа заман жастарын іс-шараға қатысуын ынталандыру оңай шаруа емес.
Тағы бір айта кетерлігі, бұған дейін аз ғана айлық ақыға амалдап келген мамандар өткен жылдың ортасынан жалақылары жақсарғанына қуанып жүр. Сонымен қатар бұл қадам кадр тұрақсыздығын шешуге зор ықпалын тигізген сыңайлы. Біздің пайымдауымызша енді аудандық Жастар ресурстық орталығына дербес ғимарат бөліп, аты айтып тұрғандай расымен ресурстық мекемеге айналуы тиіс.
Өзінің өрнекті шараларымен, баянды бастамаларымен көпшіліктің ықыласына бөлене білген мекеме былтыр бірталай жұмыстардың көзін тапқан. Оның әлеуметтік желідегі ақпараттарынан, директор ұсынған мәліметтерге қарап аңғардық. Соны ұғынықты етіп оқырман қауымға жеткізгенді жөн санаймыз.
Ғани Бірлікұлының айтуынша, ауданда жалпы тұрғындар саны 103751 болса, оның 30717-і 14 пен 35 жас аралығындағы жастарды құрайды. Бұл дегеніміз шулықтардың 29,6 пайызы жастар деген сөз. Оның ішінде, ерлер – 16398, әйелдер – 14319, ауыл жастарының саны – 20660 болса, шаһар жастарының саны – 10057.
Бүгінгі таңда маңызды міндеттерді мейлінше атқарып жүрген мұндай мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелген. Ол жұмыссыз жүрген жастарға кеңес беріп, кәсіпкерлікке бағыт көрсету, NEET санатындағы жастармен жұмыс істеп, бұрын сотты болған азаматтармен тығыз байланыста болу сынды жұмыстар. Бұл орайда аталмыш мекеме тиянақты тірлік жасаған.
-Ауданда уақытша бос жүрген жастарды анықтау мақсатында «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен 38 адрестік жұмыс жүргізіліп, Шу ауданы мен қаласы бойынша 3476 әлеуметтік мәртебесі анықталған жастарды «Отбасы цифрлық картасы» базасына енгізу жұмыстары жүргізілді. Жұмыс нәтижесінде 1985 жасқа база бойынша адрестік жұмыстары жүргізіліп, уақытша бос жүрген 1242 жас анықталды. 12 ай қорытындысы бойынша «Отбасы цифрлық картасы» базасында 3476 жастың 51 пайызы толығымен енгізілді. 1703 жасты енгізу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде шет елде оқитын жастардың анықтамалары жинақталып, басқармаға жіберілді. Жалпы «Отбасы цифрлық картасын» өзектендіру жұмыстары барынша қолға алынып, аудан бойынша анықталған уақытша бос жүрген 1242 жасқа қайта бөлініс жасалуда, атап айтқанда жалдамалы бейресми қызметкерлер, үй шаруасындағы азаматшаларға қайта адрестік және анықтау жұмыстары жүргізілуде,-дейді КММ директоры Ғ. Қойбағаров.
«Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің жұмыс бағытының негізгі өзегі 14 пен 35 жас аралығындағы жастармен танымдық, спорттық, мәдение және басқа да іс-шара өткізу. Ондағы мақсат – жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, олардың тұлғалық болмысының дамуына ат салысу болып отыр. Мәселен, аталмыш мекемемен былтыр волонтерлардың қатысуымен «Қамқор», «Саулық», «Білім», «Асыл мұра», «Үміт», «Сабақтастық» жобалары аясында 410 іс-шара өткізіліп, оған 5688 адам қамтылған.
Сонымен қатар рухани-адамгершілік, әскери-патриоттық, спорттық, мәдени шығармашылық, құқықтық, діни, психологиялық-танымдық, жастарға кеңес беру, экологиялық мәдениет, этносаралық келісім, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттары бойынша 962 іс-шара өтіп, оған 23237 адам қатыстырылған. Іс-шараларды өткізуде өзіндік мәнері бар мекеме өткен жылы ел ықыласына бөленген жұмыстары көп. Колледж студенттері мен мектеп оқушыларын тарта отырып жалғызбасты қарттарға қолғабыс көрсетіліп, ақылы негіздегі «Жасыл ел» еңбек жасағымен өңірдің экологиялық мәселесі мүмкіндігінше шешілген.
Өкінішке қарай, арқыраған ақпараттың ағынына сәйкес теріс пиғылды діни ағымдарға еретін адамдар қарасы қалың. Оның ішінде жастардың да үлесі бар. Мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, бейбітшіліктің берекесін қашырып жүрген жандармен жастар да барынша күресіп жүр.
– Аудандағы 14 пен 35 жас арасында жұма намазына баратындар саны шамамен 500-600 ға жуық жас болса, тұрақты бес уақыт намаз оқитын 100-150 ге жуық жас деп болжануда. Жалпы мешітке келушілердің 70 пайызы егде және орта жастағы азаматтарды құраса, 30 пайызын 14 пен 35 жасқа дейінгі жастар құрайды. Аудан жастары арасында деструктивті діни идеялардың таралуына жол бермеу, радикалданудың алдын алу, БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы аудан жастарының назарына жеткізу, деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы иммунитетті қалыптастыру бойынша Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ нің «Дін және жастарға қызмет көрсету бөлімі» тарапынан әр жылға жылдық жоспар құрылып, соған сәйкес 65 іс-шара өткізіліп, 1545 жас қамтылды,-дейді Ғани Бірлікұлы.
Жасыратыны жоқ, жастар кейде ойланбастан әрекет жасап қылмысқа барып, болашағына балта шауып жатады. Сосын болары болып, бояуы сіңген шақта бармағын шайнайтындар да жетерлік. Бір өкініштісі, өңірдегі жастар қолымен жасалатын қылмыс саны өршіп тұр. Қолдағы дерек бойынша былтыр 94 қылмыстық іс тіркелген екен. Бұл сорақылыққа түбегейлі тұсау салмасақ та, сақтандыруды мүмкін деп санаймыз. Бұл орайда аудандық ЖРО әрекетсіз отырған жоқ. Олар осы бағытта 64 іс-шара өткізіп, 1154 жасқа қажетті ақпарат берген. Әрине, көрсеткіш аз болса да бұған ең алдымен ата-ана, мектеп ұстаздары да өз ықпалдарын тигізгені дұрыс. Себебі, албырт жастың адаспауы үшін ұдайы ақыл мен тәрбие берілуі керек.
Қазіргі таңда жастар жұмыссыздық салдарынан қылмысқа барады деген түсінік белең алған. Алайда ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін жастар да жетерлік. Олар еш еңбек етпестен байығысы келіп, өзінің енжарлығына үкіметті кінәләп жатады. Бірақ мемлекет бізге еркіндік пен керекті тетіктерді берген. Қалғанына жастар талаппен жетуі керек.
Жергілікті «Мансап орталығы» ұсынған мәліметтерге қарағанда ауданда 2023 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша 433 жас (1,4%) жұмыссыз ретінде тіркеліп, 3049 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Оның ішінде: ваканттық бос жұмыс орындарына 1897 жас, «Жастар тәжірибесіне» 340 жас, әлеуметтік жұмыс орындарына 32 жас, ақылы қоғамдық жұмысқа 309 жас, қайтарымсыз грант алған жастар – 37, «Ұрпақтар келісім шартты» – 3, «Алғашқы жұмыс орны» – 59 жас, «Бастау-Бизнес» аясында оқығандар – 308 жас, қысқа мерзімді оқытуға 64 жас жіберілген.
Сондай-ақ конкурстық негізде жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5% жеңілдетілген несие алған-25 жас, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2023 жылы Қорағаты, Көкқайнар, Жаңа жол ауылдық округтерінде жүзеге асырылып, аталған жоба аясында жалпы саны 48 жас жеңілдетілген несие алса, жалпы аудан бойынша бес жыл ішінде 114 жас жеңілдетілен несиеге қол жеткізген.
Ата Заңда көрсетілгендей Отанды қорғау әрбір азаматтың қастерлі борышы. Сондықтан әрбір әлеуетті жас әскерге баруы қажет. Ғ. Қойбағаров ұсынған мәліметке сүйенсек, былтыр аудандық қорғаныс істері бөлімінде әскери есепте тұрған жастар саны 3216-ны құраған. Қарулы күштер қатарына шақырылған жастардың саны – 615 болса, борышын өтеуге 273 жас аттанған. Жыл ішінде Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен әскери патриоттық бағыт бойынша 65 іс-шара өткізіліп, оған 1079 жас қамтылған.
Бізді бір қуантарлығы, аудан жастарының спорттық шараларға қатысуы мен шұғылдануы өте белсенді. Бұл өз кезегінде салауатты өмір салтын ұстанатын қоғам қалыптастыруға арқау болмақ. Соңғы жылдары ауданымыздың атын әлемге, Еуропа мен Азияға шығарып жүрген жас спортшылардың қатары артқанын атап өткен жөн.
Ғани Қойбағаровтың айтуынша, ауданда барлығы 287 спорт нысаны бар. Оған қоса, 4 дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешендерінің есігі айқара ашық. 287 спорт нысандарының ішінде 2 стадион, 71 спорт зал, 71 футбол алаңы, 139 спорт алаңшасы бар. Аудан көлемінде спорт нысандарына кіру тегін, арнайы кесте бектіліп жастардың спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасалған. Өңірлік спортқа серпін қосу мақсатында аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен 86 іс-шара өткізіліп, 4086 жас қамтылған.
Жедел ақпарат заманында жұртшылықпен байланыс орнатып, жасалған жұмыстарды жария етіп отырған абзал. Бұл үрдістен аталмыш мекеме көз жазған емес. Олар өздерінің әлеуметтік желідегі парашқаларына үнемі ақпарат жариялап, өткізілген іс-шараларды ұсынып отырады. Бүгінгі күнге аталған әлеуметтік желілерге жалпы 668 пост жазылған.
Сонымен қатар «ЕлАна», «Қазақстан дәуірі», «08inFo.kz», «Ақ жол» «shanyrak.info» әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайттарына жалпы саны 18 мақала жарық көрсе, аудандық «Шу өңірі – Шуская долина» газетіне 24 мақала, Облыстық «Ақ жол», «Ар-Ай» газеттеріне 5 мақала жарияланған.
Байжан Емберді.