Ақпараттық портал

Жемқорлықпен күресте бірлік қажет

Сыбайлас жемқорлық – ғасыр дерті, үлкен әлеуметтік қасірет болып табылады және саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдатып отырғаны анық. Сыбайлас жемқорлықпен күресу қоғам болып жүзеге асыратын өте жауапты да маңызды шара. Онымен күрес тыңғылықты, жүйелі әрі пәрменді болуы керек. «Ғасыр дертіне» айналып бара жатқан проблеманы дер кезінде ауыздықтау – қоғамымыздың өсуінің, дамуының бірден-бір кепілі. Сол себептен жемқорлыққа қарсы күрес – бүгінгі күн талабы және Қазақстанның әрбір азаматының міндеті.
Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, сарапшының жалған қорытындысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған корытынды беруге не қате аударуға сатып алу секілді қылмыстар жемқорлық, сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мына ұстанымдардан тұрады: заңдылық; адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдығы; жариялылық пен ашықтық; мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимыл жасауы; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жүйелі және кешенді пайдалану; сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын қолдану; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін адамдарды көтермелеу; сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін жазаның бұлтартпас қағидаттары жүзеге асады.
Соттарда жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуде тиімді тетіктердің бірі – автоматтандыру және электронды сервистерді іске қосу болып табылады. Сондай-ақ, барлық істер автоматты түрде судьяға бөлініп, іске қатысты әрбір әрекет электронды сервис, яғни, сот жүйесінің «Төрелік» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады. Ал, тараптар істің қозғалысын «Сот кабинеті» сервисі арқылы қадағалап отырады. Соттардағы кіріс-шығыс құжаттары көбіне электронды түрде қабылданып, электронды түрде жолданады. Мұның барлығы халықтың уақытын, қаржысын үндемдеуіне себепші болып, бюрократиялық кедергілерді жоюға ықпалын тигізіп, сот жүйесінің ашықтығын қамтып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізіп жатыр деген сөз.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру, жас ұрпақты жемқорлыққа, сыбайластыққа төзбеуге тәрбиелеу аға буынның, бүкіл қазақстандықтардың парызы.
Жемқорлықпен жұмыла күрескенде ғана азаматтық, әділетті, гүлденген қоғам орнайды. Қызмет барысында мұндай әрекетке барған кез келген лауазымды тұлға әшкереленуі, қоғам алдында ашық аталуы тиіс. Кез келген азамат өзіне осындай принциптер алдында жүктеме алуы қажет. Бір мүдде тұрғысында бір кісідей жұмылып, күресе алғанда ғана жемқорлыққа тосқауыл қойылады, тұсау салынады.
Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын болмауы керек.

Мар-Лен Тілеубеков,
Шу аудандық сотының төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.