Табыстың тың түрі
Ежелден мал бағып, иен жайлауды қоныс еткен халқымыз үшін төрт түліктің маңызы ерекше.Өйткені , қазақ малды жанының садақасы санаған. Сол үшін үй жануарларына бөлекше күтім жасап, қысқы мезгілге мейлінше дайындалған. Себебі, малдың күйлі болуы жем-шөптің құнарлылығына тікелей байланысты.
Қазіргі таңда технологиялар дамып, мал азығын әзірлеуде түрлі тәсілдер қолдануда. Соның бірі – құрама жем әзірлеу ісі. Мамандар асқан төзіммен дайындалатын жемнің пайдасы мол дейді. Мұны түйсінуге шулық шаруалар да мүмкіндік алып отыр.
Ендігіде құнары мол құрама жем іздеген жандар Жаңақоғам ауылдық округінде тұратын кәсіпкер Серік Асылбековке жолығуларына болады. Табыстың тың түріне кіріскен көктөбелік тұрғын мемлекеттік қолдау арқылы өз кәсібін өрге дөңгелетіп отыр.
«Тілеміс» шаруа қожалығының жетекшісі Серік Тілемісұлының айтуынша өңірде жоқ өндіріс цехына қыруар қаржы мен уақыт жұмсалған. Аталмыш цехта арнайы ірі қара малға арналған құрама жем, сондай-ақ, балыққа және құстарға арналған күндігіне 1 тонна жем шығаруға қауқарлы құрылғылар алдыртып орнатылған. Қажетті құрылғы көршілес Ресей елінен жеткізілсе, оны отандық мамандар орнатып берген.
Жоғарыда атап өткендей бұл бастамаға мемлекеттік қолдау көрсетілген. Нақты айтқанда С.Асылбеков 2023 жылы өз кәсібін жандандыру мақсатында «Каз Агро Қаржы» АҚ арқылы жаңа техникалар алып, «Тараз» ӘКК тарапынан 2.5 пайыздық жеңілдетілген несие алған. 5 миллион теңгеге қол жеткізген шаруа жаңа кәсіпке былтырғы жазда білек сыбана кіріскен. Еңбек десе ерінбейтін кәсіпкердің ендігі жоспары жаңа қойма салу. Оның алғышарты ретінде мемлекеттік грантқа ие болу үшін тиісті құжаттар әзірлеп қойған. Өндіріс басшысы әрі қарай да отбасылық кәсіпті дамытуды және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды да ойластырып отырған көрінеді.
– Мал шаруашылығы – еліміз үшін маңызды сала. Сондықтан осы істі қолға алып жатырмыз. Біз былтыр күзге жақын осы цехты құрастырып, өткен жылдың соңында іске кірістік. Ол үшін жеңілдетілген несие алғанымызды атап өткен жөн. Мұнда кәдімгі шөпті майдалап, бидай мен жүгеріні ұнтақтап ортақ ұраға жинайды. Содан кейін тиісті мөлшерде су қосылып, құрама жем шығарылады. Әрине, жем дайындау барысы бірнеше сатыдан тұрады. Жалпы мал азығының бұл түрі өзге аймақтарда сұранысқа ие. Біздің өңір шаруалары да өнімді алуды бастады,-дейді С. Асылбеков.
Тағы бір айта кетерлігі, Жамбыл облысы әкімі Е. Қарашөкеев Шу ауданына келген сапарында шаруаның осы бастамасына қолдау білдірген. Жұмысына қарқын қосып отырған құрама жем дайындау цехы сұраныс артқан жағдайда қарқынды үдетуге әзір екенін айтып отыр.
Жалпы алғанда, аудандағы кәсіпкерлік ахуал зерттеліп, 2023 жылдың соңына дейін өңірде 10539 кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Оның ішінде шағын кәсіпкерлікті заңды тұлғалар – 472 болса, дара кәсіпкерлер саны – 6062, шаруа немесе фермер қожалықтары 4005-ді құрап отыр делінген аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің мәліметінде.
Ф.ӘУБӘКІРОВА,
журналист.