Ақпараттық портал

«Нұрдана» балабақшасы нұрлы болашаққа жол бастайды

Еліміз егемендігін алғаннан кейін даму жолында бірқатар сындарлы сәттерді бастан өткергені белгілі. Алайда, елдің ертеңіне алаңдаған азаматтардың баянды басшылықтарының арқасында ел экономикасы біртіндеп өркендеп, кәсіпкерлік, әлеуметтік салалар да тың табыстармен толықты. Бұған әсіресе, соңғы жылдары мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясындағы атқарылған жұмыстар өзіндік ықпалын тигізіп, жаңаша серпін берді.
Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік – экономикалық дамуға инвестицияларды тартудың маңызды құралы болып табылады. Бұл мемлекеттік серіктес пен жекеше серіктестің өзара сәйкес келетін ынтымақтастық нысандарын басты негізге алады. Мақсат – тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік серіктес пен жеке серіктестің тиімді өзара әрекеттесуіне жағдай жасау.

Мемлекет кәсіпкерге, яғни жеке серіктеске Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заттай гранттар беру, МЖС жобаларын бірлесіп қаржыландыру, жобаны іске асыру барысында өндірілген тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің белгілі бір көлемін мемлекет тұтыну кепілдіктері, өзге де сәйкес бағыттар бойынша қолдау көрсетеді. Қарапайым тілмен айтқанда, жеке кәсіпкердің мемлекетпен бірлесе қызмет етіп, халыққа сапалы қызмет ұсынуы. Бұл бағытта біздің ауданымызда да бірқатар жұмыстар атқарылды. Нақты айтар болсақ, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында бірнеше балабақша, мектеп, өзге де әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жергілікті халыққа сапалы қызмет ұсынып келеді. Солардың бірі – ауданымызға қарасты Көкқайнар ауылдық округіндегі «Нұрдана» балабақшасы.
Өткен жылдың сәуір айында 50 балаға арналып ашылған бұл ортада қазіргі уақытта бала саны орынға сәйкес толық деп айтуға болады. Аталмыш тәрбие ордасының ашылуына осы ауылдың тумасы әрі келіні, бар өмірін өскелең ұрпақтың саналы тәрбиесі мен сапалы біліміне арнап, осы жолда 46 жыл талмай еңбек еткен Мамырова Жұмакүл Мырзақұлқызы ұйытқы болды. Өзі ауыл мектебінде қазақ тілі маманы ретінде еңбек етіп, зейнеткерлікке шығады. Алайда, зейнет жасына жетсе де, қол қусырып, қарап отырмай, өзінің бойға біткен еңбекқорлық қасиетімен бала тәрбиесіне қолдау көрсетуді жөн санап, әрі құрылтайшы, әрі балабақшаның меңгерушісі болып, осы істі одан әрі жалғай түседі. Қазіргі таңда балабақшада 4 тәрбиеші және жетекші маман-әдіскер, 2 тәрбиешінің көмекшісі, 1 медициналық қызметкер еңбек етуде.
Өкінішке орай, ізгі мақсатқа толы тың бастама қолға алынып, жұмысы жолға қойылғанымен, көп ұзамай, яғни өткен жылдың шілде айында балалар ордасының ашылуына ұйытқы болған Жұмакүл Мамырова жұбайымен бірге жол апатына ұшырап, бақилық болады. Дегенмен, «Жақсының аты өлмейді» демекші, анасының қолға алған кәсібін балалары лайықты өрбітіп, ауыл тұрғындарына қызмет етуді одан әрі жалғастыруда.
Балабақша өткен жылы ғана ашылғанымен, мұндағы қызметкерлер 5-10 жылдық еңбек тәжірибесі бар, жалпы білім саласында бұрыннан қызмет етіп келе жатқан ұстаздар. Олардың да басты мақсаты – осындағы бүлдіршіндердің бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіре отырып, өнегелі ұрпақ қатарынан тәрбиелеу және ұжым осы жолда тынымсыз тірлік кешіп келеді. Оған К.Досқараева, Э.Нильдибаева, Д.Атаманова, А.Рахымбай сынды тәрбиешілердің ұйымдастыруымен атқарылып жатқан түрлі бағыттағы іс-шаралар айқын дәлел. Атап айтар болсақ, өткен жылы Тәуелсіздік күні мерекесіне орай, «Тәуелсіздік тұғыры» атты іс-шара өткізіліп, мұнда тақырыптық көрме ұйымдастырылып, балалар елдігіміздің басты нышандарының бірі – Мемлекеттік Туды қағаз бен мата арқылы өз қолдарымен дайындап, Мемлекеттік Гимнді жатқа шырқады. Жаңа жылдық шырша мерекесі де әр топтың тәрбиешілерінің ықпалымен лайықты деңгейде ұйымдастырылып, балалар ерекше көңіл-күйге бөленді. Ал, тәрбиелік мәнге толы «Әжем, анам және мен» деп аталған байқау да балабақша өмірінен ерекше орын алады. Бұл жалпы ата-аналардың, тәрбиешілер мен балалардың бірлесе атсалысуымен жоғары деңгейде өткізілді. Ұлттық сипаттағы көрме ұйымдастырылып, салт-дәстүріміз дәріптелді. Ұлттық дәмге толы дастархан жайылып, ақ жаулықты әжелер де осы ортада өз өнегелерін назарға ұсынды. Оқ бойы озып шыққан қатысушылар балабақшаның марапатын еншіледі. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі де назардан тыс қалған жоқ. Бүлдіршіндер түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық киімдерін киіп, өлеңдерін жатқа айтып, мерекелік бағдарламаға белсене атсалысты. Сондай-ақ, ата-аналармен бірлесе өткізілген, қолөнермен көмкерілген күзгі жәрмеңке де көпшіліктің көңілінен шықты. Бар өнерін ортаға салып, белсенділік танытқан ата-аналар мен топтар марапатталып, олар балабақша басшылығы тарапынан арнайы Алғыс хат пен шағын сыйлықтарға ие болды. Бұл тұста 13 жылдан бері табысты қызмет етіп келе жатқан, ерекше ұйымдастыру қабілетіне ие, шығармашыл ұстаз К.Досқараеваның есімін атап өтуді жөн көрдік.
Сонымен қатар, мұндағы бүлдіршіндер әр уақытты тиімді пайдалануға дағдыланған. Оның басты себепкері, әрине, тәрбиешілері. Олар әр баланы еңбекке, қолөнерге баулып, шығармашылық қабілетін шыңдауға бар күш-жігерлерін салуда. Мұны балалардың ұлттық ою-өрнекті құрастыруы, түрлі бұйымдар арқылы сан түрлі сурет құрастыру істерінен анық аңғаруға болады.
Ауыл бүлдіршіндеріне есігін айқара ашқан «Нұрдана» балабақшасы алғашқы түлектерін түлетіп те үлгерді. Өйткені, өткен жылдың сәуір айының басында ашылған тәрбие ордасында екі ай тәрбиеленген мектеп жасы алдындағы балалар мамыр айының соңында балабақшамен қоштасып, қоштасу рәсімін өткізді. Яғни, «Қарлығаш» тобының ұл-қыздары балабақшаның алғашқы қарлығаштары ретінде мектепке осы ортадан құтты қадам жасады.
Балабақшаның тәрбие бағытында атқарылған жұмыстары біз айтып өткен іс-шаралармен шектелмейді. Жалпы бүлдіршіндердің қатысуымен бұлардан өзге де бала санасының жетілуіне зор ықпалын тигізетін бірнеше шаралар ұйымдастырылған. Мұны әлеуметтік желідегі балабақшаның өзіндік парақшасынан да байқадық. Мұның барлығы үлкен ізденіс, тынымсыз тірлік, ең бастысы қызметке, бала тағдырына деген зор жауапкершіліктен туындаса керек. Балалардан бөлек, ұжымдағы тәрбиешілер арасында да өзіндік шығармашылық шыңдалуға негізделген іс-шаралар өткізіліп тұрады.
Жалпы, мекеме тынысы көңіл қуантады. Ата-ана, тәрбиеші және бала арасында тығыз байланыс, өзара түсіністік орныққандығы аңғарылады. Оған түрлі іс-шаралардағы балалардың киімдері, қолөнер бұйымдары мен дайындалған ас мәзірі секілді дүниелер де жарқын дәлел. Мұндай ұжымның алдағы уақытта да алар асуы биік болмақ.
Балабақшаның осындай тыныс-тіршілігін көзбен көріп жүрген ауылдағы өзге де ата-аналар арасында перзенттерінің осы ортада тәрбиеленуіне қызығушылық танытып отырғандар аз емес көрінеді. Сол себептен болса керек, «Нұрдана» балабақшасының кезегінде тұрған бала саны да айтарлықтай. Осыған орай, мекеме басшылығы алдағы уақытта тәрбие ордасының ғимаратын кеңейту үшін қосымша құрылыс жүргізуді көздеп отыр.
Біз сөз етіп отырған мекеме ауылдағы жалғыз балабақша емес. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп келе жатқан тағы бір мемлекеттік балабақша бар. Соған қарамастан, орын тапшылығы сезіліп отыр. Бұл бір жағынан ауылдағы демографияның артқандығын аңғартады. Келешекте жоспар жүзеге асырылып, ғимарат кеңейіп жатса, «Нұрдана» балабақшасы кезекке тіркелген барлық балаларды қабылдамақшы.
Шын мәнінде бұл кәсіпті отбасылық кәсіп деп айтуға да болады. Өйткені, марқұм Жұмакүл Мырзақұлқызының үлкен ұлы мен келіні осы істің басы-қасында. Олар анасы бастаған істі аяқсыз қалдырмай, әрі қарай өркендете түсуге аянып қалмайтындықтарын айтуда. Олардың сөзінше, кейіпкеріміз жасынан білім мен тәрбие саласында қажырлы еңбек еткен адам. Үш ұл, бір қызды дүниеге әкеліп, отағасымен бірге саналы жандар қатарынан тәрбиелеп, өсірген. Өзі жастайынан еңбекқор, қолы ашық, мінезі ашық-жарқын жан болған деседі.
Осындай ілкімді әрі халыққа қажетті пайдалы істерімен танылған ардақты ананың келелі кәсібін жалғап келе жатқан Жұмакүл Мырзақұлқызының перзенттерінің алдағы тың жоспарларына сәттілік тілейміз. Ал, балабақша ұжымы әр жылды жетістікпен түйіндеп, жаңа кезеңді жаңашылдықпен қарсы алатынына сенім мол. Өйткені, «Нұрдана» балабақшасының қызметкелері ізденімпаз, шығармашыл, білімді ұстаздардан құралған. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген даналық сөз де осы ортада жүйесін табады және балабақшадан түлеп ұшқан әр бүлдіршін жан-жақты тұлға болып қалыптасып, жарқын келешектің иесі болып танылады деп білеміз.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.