Халықтың әл-ауқатын көтеруді көздеген орталық
Еліміз егемендік алған жылдардан бері мемлекеттің әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту мәселелері күн тәртібінен бір күн де түскен емес. Қайтсек те экономиканы алға сүйреп, дамушы мемлекеттермен иық тіресе алға ұмтыламыз деген ұстанымымыз да өзгермеді. Еңбекпен еңсе тіктеген еліміз де мемлекет ұсынған тиімді жобалардың игілігін көріп, екі қолға бір күрек тауып, бел жазбай еңбек етуде. Өздеріңіз білетіндей, мемлекет азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға және қолдауға бағытталған көптеген шаралар қабылдауда. Мұның маңызды құрамдас бөлігі халықтың өнімді жұмыспен қамтылуын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар болып табылады және бұл елдегі жұмыссыздық деңгейін айтарлықтай төмендетеді. Қай үндеуін алсаңыз да, сөздің басын елдің экономикасын әртараптандыру тетіктерін қарастырумен бастайтын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты Жолдауында “Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс” деген болатын. Жақында халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама 2029 жылға дейін ұзартылды. Аталған құжат 2025 жылға дейін жүзеге асырылуы керек болатын. Үкімет мерзімін ұзартқан бағдарлама қазақстандықтардың, оның ішінде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын, өмір сүру сапасын жақсартуға, табысын арттыруға бағытталған.
«Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу қажет. Жұмыс нақты және мақсатты болуы керек. Әрбір басқару деңгейінде кедейлікті азайтудың нақты көрсеткіштері белгіленуі тиіс. Жұмысқа мұқтаж азаматтардың нақты санын анықтау қажет» деген Президент тапсырмасы негізінде жүзеге асып жатқан бағдарлама 5 бағытты қамтиды. Олар: өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде экономиканың нақты секторында жұмыс орнын құру, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру шеңберінде ауыл тұрғындарының кірісін арттыру, табыс деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі шаралар және мемлекеттік қолдау шаралары, бюджет қаражаты есебінен жалақыны көтеру бойынша міндеттемелер, халықты мемлекеттік әлеуметтік қолдау. Қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеріп, тұрмыстық жағдайын түзеуде, жекелеген адамдардың қаржылық күш-қуатын арттыруда аудан, облыс орталығындағы мансаптық орталықтардың атқарып отырған рөлі маңызды. Осыған орай, әлеуметтің әлеуетін көтеру, жастарды жұмыспен қамту бағытында қандай жұмыстар жүргізіп жатқанын білу мақсатында Шу ауданы Мансап орталығы филиалының директоры Омбаев Ержігіт Тоқтасынұлымен сұхбаттасқан едік.
-Ержігіт Тоқтасынұлы, жастар еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық салаларының ең белсенді қозғаушы күші саналады. Ауданда жастарды жұмыспен қамту жағы қалай?
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекеттің басты міндетінің бірі болып қалатынын баса айтқан болатын. “Жас келсе іске” демекші, жігерлі жастарымыз қолдау барда қарап қалмай, заман ағымына сай тірлік еткені абзал. «Еңбегі аздың өнбегі аз» деген халық мақалы да бел жазбай еңбек етуге үндейді. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында жастарды жұмыспен қамтуға да баса мән беріліп отыр. 29 жастан аспаған, мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, жақында оқуын аяқтаған немесе мүлдем жұмыссыз адамдарға түрлі қолдау шаралары көрсетіліп, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары іске қосылып, қолдау шаралары көрсетілуде.
Ағымдағы жылы “Жастар практикасы” бағдарламасы бойынша жалпы облыстық бюджеттен 250 адамды қамту жоспарланды. Бүгінгі күнге 46 адам уақытша жұмысқа жіберілді. Ал, «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы бойынша 59 адамды қамту жоспарланып, 59 жас маман 22 мекемеге уақытша жұмысқа жіберілді. Сондай-ақ, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 3 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. 3 жас маман уақытша жұмысқа жіберіліп, 2 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 1 адам бала күтіміне байланысты жұмысын тоқтатты.
-Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жайында айтып өтсеңіз.
-Шу ауданы бойынша ағымдағы жылға 650 отбасы, яғни 3500 адамды АӘК-пен қамту жоспары бекітілген. 2024 жылдың 1 ақпанына атаулы әлеуметтік көмекке 327 отбасына немесе 1717 адамға учаскелік комиссиялардың актісі және қорытындысы негізінде (231 отбасы немесе 1306 адамға шартты ақшалай көмек) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Шартсыз ақшалай көмек 96 отбасына, яғни 411 адамға тағайындалды. Шартты ақшалай көмек алушы отбасы мүшелерінің ішінде 379 адам еңбекке қабілетті, оның 215-і өтініш берген уақытта жұмыспен қамтылғандар, ал жұмыспен қамтудың белсенді шарасына тартылғаны 48 адам.
2024 жылдың 1-ші тоқсанына атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін қолданылатын кедейшілік шегі 32977 теңге болып бекітілді.
-Қайтарымсыз гранттың игілігін кімдер көріп жатыр? Тиімді жобаның ауданда жүзеге асырылу барысы қалай?
-Бұл бағдарламаның тиімділігін түсінген біздің ауданның азаматтары да мемлекет қолдауынан қапы қалмай, өз бақтарын сынауда. Бұрын мемлекеттік гранттарға барлық санаттағы азаматтар үміткер бола алса, биылғы жылдан бастап тек 29 жасқа дейінгі жастар мен әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар ғана грант ала алады. Әлеуметтік осал топқа атаулы көмек алушы отбасы мүшелері, көп балалы отбасылардың мүшелері, мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын адамдар және қандастар жатады. Грант алуға өтінімдер «Электрондық еңбек нарығы» мемлекеттік ақпараттық жүйесіндегі Business.Enbek кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың бірыңғай онлайн терезесі арқылы қабылданады. Сонымен қатар грант алуға үміткерлер тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінеді. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бойынша жұмыстарын көрсетеді.
Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант бойынша 2023 жылы Шу ауданындағы 100 азаматқа грант беру жоспарланып, 138 000,0 теңге бөлініп, 100 азаматқа 1 380 000 теңгеден 3 лек бойынша тек халықтың әлеуметтік осал топтағы азаматтарына берілді. Атап айтар болсақ, көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға, мүгедек бала асыраушы азаматтарға, аз қамтылған отбасыларға оның ішінде әлеуметтік көмек алушыларға (АСП алушылар) берілді.
Биылғы жылы, яғни 2024 жылы жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грантты 90 азаматқа 2 лек бойынша беру жоспарланып отыр. 1-ші лекке сәуір айында, 2-ші лекке тамыз айында өтініш қабылданады деп жоспарлануда.
-Жұмыссыздық мәселесін шешудің бірден-бір алғышарты-қысқа мерзімді оқытудың жай-күйі қалай?
-Негізі, жұмыссыздықпен күрес процесі тоқтамай, үздіксіз жүруі тиіс және біздің орталықтың мамандары да жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне барынша жағдай жасап келеді. Соның бірі-қысқа мерзімді оқыту жұмыстарын үйлестіру болып табылады. «Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша оқу ұйымдарында кәсіптік оқу» және «Жұмыссыздарды жұмыс орнында кәсіптік оқытуды ұйымдастыру» бойынша 2023 жылы 128 адамды оқыту жоспарланып, 40 жұмыс берушілерден 6 мамандық бойынша өтінімдер жинақталып, 3 оқыту мекемесіне 128 адамға оқуға жолдама берілді.
«Жұмыс берушілердің сұратуы бойынша оқу ұйымдарында кәсіптік оқу» аясында 88 адамды оқыту жоспарланып, 88 адамға жолдама берілді. 2023 жылдың 27 желтоқсанындағы мәлімет бойынша 84 адам оқуларын аяқтап, оларға электромонтер, дәнекерлеуші, «Д» категориялы жүргізуші, аспаз, тігінші, шаштараз сынды мамандықтарымен өтінімге сәйкес тұрақты жұмысқа жолдама берілді.
2024 жылға кәсіптік оқыту бойынша 120 адамға оқуға жолдама беру жолпарлануда. Қазіргі таңда жұмыс берушілерден өтінім қабылдау және жұмыссыз азаматтарды тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
-Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Айғаным АСҚАРБЕК.