Ақпараттық портал

Заң және тіл

«Тіл – ұттың жаны» дейтін болсақ, сол ұлттың абыройы мен құқығын қорғайтын негізгі құралдың бірі – заң. Мемлекеттілік пен егемендіктің қос қанаты іспетті бұл екі құндылық бір-бірімен тығыз астарласып жатыр. Бүгінгі таңда қоғамның барлық саласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және заңнамалық актілердің сапасын арттыру – жай ғана міндет емес, бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі.
ҚР Конституциясының 9-бабына сәйкес «ҚР мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп көрсетілген, яғни заң алдында мемлекеттік тілдің мәртебесі өзге тілдерден қарағанда биік тұрады. Құқықтық қатынастарда тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ол – шешім шығарушы механизм. Тілдің тазалығы мен заң терминдерінің дәлдігі азамттардың құқығын қорғаудың басты кепілі болып табылады. Егер заң тілінде бұлыңғырлық болса, ол әділеттіктің орнауына кедергі келтіреді.
Көпшілігіміз заңды тек қатал ережелер мен баптардың жиынтығы деп түсінеміз. Бірақ, шын мәнінде, заңның жаны – сөз. Егер заңгер өз ойын ана тілінде анық, көркем әрі дәл жеткізе алса, бұл оның кәсіби біліктілігін көрсетеді. Сот залында немесе мемлекеттік мекемеде азаматтардың өз мәселесін аудармасыз, тікелей өз тілінде шешуі – олардың мемлекетке деген сенімін арттырады. Қарапайым халық заңды түсінген кезде ғана оны құрметтей бастайды. Сондықтан, заңгердің қазақ тілінде сауатты сөйлеп, құжатты дұрыс толтыруы – бұл жай ғана міндет емес, бұл – өз халқына деген шынайы құрмет пен қамқоршылықтың белгісі. Біз тілді тек қорғауды емес, онымен жұмыс істеуді, оның байлығын құқық саласында тиімді қолдануды үйренуіміз керек.
Талдау нәтижелері көрсеткендей, тілдік мәселелердегі қателіктер көбінесе құжаттарды сапасыз аударудан немесе заң терминдерін еркін интерпретациялаудан туындайды. Бұл өз кезегінде сот процестерінде немесе мемлекеттік қызмет көрсету кезінде түсініспеушіліктерге әкеп соғуы мүмкін. «Тіл тағдыры – ел тағдыры» демекші, әрбір азамат, әсіресе заң саласының мамандары өз ісінде мемлекеттік тілдің тазалығы мен сауаттылығына баса назар аударуы тиіс. Қазіргі таңда құқық қорғау жүйесі мен сот органдары іс қағаздарын жүргізуде ана тіліміздің мәртебесін биіктету бағытында жүйелі жұмыстар атқарып келеді.
Тіл үшін күрес – тек лингвист ғалымдардың немесе филологтардың ғана емес, бүкіл қоғамның, соның ішінде заң қызметкерлерінің ортақ міндеті. «Заңы күшті елдің – тілі де айбынды» дейді дана халқымыз. Ендеше, ата заңымыз бен ана тілімізді қатар қастерлеп, еліміздің құқықтық мәдениетін бірлесе көтерейік. Заң алдындағы жауапкершілік сияқты, тіл алдындағы парызымызды да ұмытпаған жөн.
Ата заңымыз бен ана тілімізді қатар қастерлеу – болашақ ұрпақ алдындағы ең үлкен қарызымыз. Заң алдындағы жауапкершілік пен тіл алдындағы парыз – егіз ұғым. Еліміздің құқықтық айбыны асқақ, ана тіліміздің мәртебесі мәңгілік болсын!
Б.Мырзалипов,
Шу аудандық сотының судьясы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.