Ақпараттық портал

Ат спортына айрықша қолдау қажет

Бүгінде қандай да бір елді дүниежүзіне жақсы жағынан танытуда ғылым мен білімнен, заманауи технология мен өндірістен бөлек, спорттың да алар орны ерекше екені сөзсіз. Әлем елдерінде жаһанды жалт қаратар жаңалықтан гөрі мемлекеттің атын ұлттық спорт арқылы мәшһүр ету ұтқыр тәсілге айналғалы қашан. Мәселен, біз футбол десе бірден Бразилияны, бокс десе Кубаны, дзюдо десе
Жапонияны еске аламыз. Ал, қазақ десе ше?
Әлбетте, ежелден ат баптап, арғымақ мінген қазақ көкпарымен мақтанады. Алайда, дәл осы ат ойындарына қаншалықты көңіл бөлініп жүр? Әсіресе, дүбірді көрсе делебесі қозып, жылқы десе жеп отырған асын жерге қоятын ауылды жердегі жастарға қолдау көрсететіндер бар ма? Өкінішке қарай, шалғай өңірдегі ауыл азаматтары ұлттық спортқа тиісті деңгейде
көңіл бөлінбей отырғанын айтып қынжылады.

Рас, спорт қашан да жалаң ұранмен емес, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қауымдаса жұмыс істеудің нәтижесінде жеңіс әкелетін сала. Алайда, облыс орталығынан шалғайда орналасқан Шу ауданының көкпаршылары ешкімнің демеуінсіз-ақ өзге өңірлерге танылып жүрген жайы бар. Өйткені мұндағы жастардың көкпар мен бәйгеге деген ынта-ықыласы бөлек, қызығушылығы жоғары. Мәселеге терең бойлау үшін ауыл азаматтарының өкпесіне құлақ түрсек. Шудағы «Аманат» көкпаршылар командасының капитаны Бекболат Фаратов ұлттық спортқа деген көзқарас осылай жалғаса берсе, ат спорты жастарды қызықтырудан қала ма деп қорқатынын айтады.
– Облысымыздың өзге өңірлеріне қарағанда біздегі ауыл жастарының көкпарға деген сүйіспеншілігі ерекше. Ауылды жерде осы салаға белсене атсалысып жүрген іскер азаматтарымызға алғыстан басқа айтарым жоқ. Шама-шарқынша қаржы шығарып, жарыс ұйымдастыруға тырысып-ақ жатады. Түрлі ас пен тойларда көкпар тартуға мұрындық болады. Сондай-ақ көкпаршылардың ынтасына көзі жеткен ағаларымыз ара-тұра демеушілік көрсетіп, ат сатып алып беруге қолұшын бергендері де кездеседі. Ал жергілікті билік тарапынан көрсетілетін қолдауға келсек, бұл жағынан сәл ұяттылаумыз. Жылқыны жанындай жақсы көретін мықты көкпаршылардың ауылдан шығатынын ескерсек, бұл мәселеге ең әуелі жергілікті билік көмек көрсетуі керек емес пе? Ат спортын ауылда дамытпай, ұлттық ойынды жоғары деңгейге көтеру мүмкін емес. Мәселен, осы ат спорты мектебі сияқты білім ордалары аудандарда ашылып, ауыл, аудан көлемінде көкпар, аударыспақ, қыз қуу сынды жарыстар ұйымдастырылып, олардың ақтық сыны облыс орталығында қорытындыланса, міне, сонда ғана көкпарға қызығатын жастардың қатары көбейіп, жұмыс жүйелі жүрер еді. Ауылда көкпарды дамыту үшін барлық жағдай бар, яғни жылқы да, оған қызығатын бала да іздемей-ақ табылады. Ол үшін тек тиісті мемлекеттік мекемелер тарапынан қолдау қажет. Мәселен, қазіргі кезде біз әр ауылдың іскер азаматтарын жағалап, азды-көпті қаржының басын құрап, облыс көлемінде жарыс ұйымдастырып жүрміз. Ойыншылар өзге өңірлерге жарысқа шыққанда көкпаршылар жолы мен тамағын, жатын орнын өздері төлейді. Ал, өзге аудандардағы көкпаршыларға деген қамқорлықты естіп, қынжылатынымыз рас. Осылай жалғаса берсе, ұлттық спортқа деген қызығушылықтың бірте-бірте төмендеп кетері сөзсіз, – дейді команда капитаны.
Міне, аудан атбегілері мен көкпаршыларының көңілін күпті етіп жүрген жағдай – осы. Тұтастай алғанда, шулық көкпаршылардың арасында республикаға танымал азаматтар да бар. Мәселен, «Аманат» командасында өнер көрсететін Ынтымақ Әліпбаев есімді көкпаршыны тек аудан мен облыс қана емес, атқа аңсары ауған қазақстандықтардың бәрі танитын көрінеді. Тіпті, қомақты қаржы тігілген жарыстарда өзге облыстың командалары Ынтымақты жалдайтынын да естідік. Одан бөлек, Самат Қалқабаев, Мейірлан Құрманалиев сынды мықты балуандарды да атап өтуге болады. Әлбетте, кез келген жігіт көкпаршы бола алмайды. Көкпарға қатысу үшін ептілік пен төзімділік қажет. Ол үшін көкпарға жастайынан бой үйретіп, тәжірибе жинақтау керек. Оған ауданда жағдай жасалмаған. Шу ауданы әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қасымхан Мәуленовтың сөзінше, ат спортын жандандыру қомақты қаржыны талап ететін көрінеді. «Әр жылдың наурыз айында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Ал арнайы мектеп ашып, жаттықтырушы алу үшін арнайы штаттық бірлік берілуі қажет. Қазіргі кезде ондай мүмкіндік жоқ. Біз көкпар мен бәйгеден жарыс өткізе аламыз. Алайда ол жарыстарға қаржылай жүлде тігуге заң жүзінде рұқсат жоқ. Тек бағалы сыйлықтарды ғана қоя аламыз. Сол себепті көкпаршылар ондай жарыстарға көп келе бермейді» – дейді ол.
Ал көршілес Қордай ауданындағы жағдай мүлдем бөлек. Мұнда аудан әкімінің қолдауымен 2018 жылы №3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылған. Бұл мекеме тек қана ұлттық ойындарға бағытталған. Қазіргі кезде ондағы 360 оқушы спорттың көкпар, бәйге, аударыспақ, асық ату, тоғызқұмалақ, жамбы ату және қазақ күресі сынды түрлерімен шұғылдануда. «Мектепте 11 жаттықтырушы жұмыс істейді. Ат спортына келер болсақ, өзімізде жылқы болмағандықтан аудандағы іргелі шаруа қожалық жетекшілерімен келісімшартқа отырып, оқушыларды сол аттармен жаттықтырудамыз. Ауданымызға атшабар соғуға жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп қойды. Жалпы ат спорты жарыстарын тұрақты өткізіп тұрамыз» – дейді Қордай ауданы әкімдігіне қарасты денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалым Әлімжанов.
Осылайша, қордайлықтар бұл істің де қиюын келістіріп, ат спорты ойындарын дамытудың үздік үлгісін көрсетіп отыр. Әрине, ебін тапса екі қадам жерді де кәдеге жаратуға болары анық. Алайда, біздің өңірде ұлттық спортқа қатысты жұмыстардың бәрі қаржыға тіреліп тұрған сыңайлы. Сонымен бірге аудан әкімінің орынбасары, жылқы десе жеген асын жерге қоятын азамат әрі өңіріміздегі ат спортына жауапты Найман Сұлтанбаевтың да пікірін тыңдап көрген едік. «Ауданымыздың бірқатар белді азаматтары Шу қаласындағы «Наурызтөбе» аталып кеткен бейресми атшабарды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында заңдастырып беруді сұрап жүр. Айтуларынша, онда сал ауруымен ауыратын балалардың денсаулығын жақсартуға арналған иппотерапия ашып, саумал мен қымызды да сол маңда дайындамақ. Одан бөлек, бәйге аттарын дайындайтын орын ашуды да көздеп отыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта пысықталатын болады. Жалпы аудандағы барлық ауылдық округте атшабар бар. Әзірге ешқайсысы заңдастырылмаған. Ол тікелей ауыл әкімдерінің жұмысы. Сондай-ақ, аудандағы денешынықтыру және спорт бөлімі ұлттық спорт түрлерін күнтізбеге енгізіп, аудандық деңгейде жарыстар ұйымдастырып тұруы тиіс. Бұл ретте алдағы уақытта ұлттық спорт түрлеріне арналған арнайы спорт мектебін ашу жоспарда бар» – дейді ол.
Иә, ат спортының машақаты көп екені жасырын емес. Жылқыны жаратып, жем-шөбін дайындау өз алдына, оны жарысқа апару үшін де қаржы керек. Дейтұрғанмен, ұйымдастырушылық қабілет болса кез келген түйткілдің түйінін тарқатуға болары анық. Әл-әзірге аудандағы ат спортына жаны ашитын бірді-екілі азаматтар болмаса, қалтасында қаржысы барлар көмек қолын созуға жарамай жүр. Ауданның атқамінерлері де атбегілерге қамқорлық танытуда әлсіздік танытып жүрген сыңайлы. Осы орайда, аудан әкімдігі жоғарыда аталған азаматтарға атшабарды заңдастырып берсе, жанашыр азаматтардың өздері-ақ ат спортын дамытар ма еді деген ой қылаң береді. Қалай дегенде де, шулық шенділер көршілес Қордай ауданының іскер азаматтарынан үлгі алса екен дейміз.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.