Ақпараттық портал

Жерлесіміздің ерлігі ескерілсе…

Бұл күндері күмілжіп, кекештеніп, кібіртіктеп, екі сөздің басын құрай алмай жүрген жастарды көргенде кешегі күллі жұртты аузына қаратып, бір ауыз сөзбен екі елдің дауын шешкен бабаларымыздың заңы қандай асыл деп таңырқайсың. Оған дәлел де, мысал да көп-ақ. “Біз, қазақ мал баққан елміз” деп қалмақтардың алдында қаймықпай, тайсалмай сөйлеген, екі елді бітімгершілікке шақырған адуынды Қазыбек бабамыз сол тұста небәрі 14 жаста болған деседі. Отан алдындағы парызын өтемей, әскерге барудан түрлі желеумен бас тартып жүрген жігерсіз, жасық азаматтарымызды көргенде 13-14 жасында жауға атойлап шапқан, 18-19 жасында өз еркімен сұранып соғысқа қатысқан жауынгер бабаларымыз еріксіз еске түседі. Солай бола тұра, бүгінгі күннің келбетіне қарап, осындай ақыл-ойы сергек, өзі жаужүрек бабаларымызды дәріптеу, өскелең ұрпаққа ерлік істерін үлгі ету жағы ақсап тұрғаны ма?! деген ой келеді. Мұндайда әлі де кеш емес деуге қауқар бар… Өткен күннің тарихын қаузап, сол дәуірдің қаһармандарын танытып отыруды шындап қолға алсақ, бой түзер жастарымыз көбейер. Әріге бармай-ақ, қазақ хандығының қазығы қағылған Шу өңірінен шыққан би-шешендеріміз бен ерлігі асқан батырларымызды ұрпаққа ұлықтауды алдымызға мақсат етіп қоя білсек, ұтарымыз көп. Ел ортасында әлі де шежірені жік-жігіне бөле, жілік майын тамыза, тарихқа келгенде ойдан ойды оздыра айтатын алдыңғы толқын ата-апаларымыз баршылық.

“Түбін білмеген – түгін білмейді” деген даналықты ұстанған халқымыз жеті атасын жаттап, қай руға жататынын жазбай айтып отырады. Қан тазалығын ұстанған текті халқымыздың айрықша қасиеті де осында. Қарға тамырлы қазақ халқының әр руының мекен еткен, өз үлесіне тиген жері болғанын тарихтан білсек, қазір заман ағымына сай әр рудың азаматтарын еліміздің әр төңірегінен кездестіруге болады. Тарихы тұнған Шу өңірінде Боққайнат деген атпен танылған Жиенбет руы ежелден тіршілік етеді. Олардың ұрпағы арамызда жетерлік. Сол Жиенбет руынан шыққан, небәрі 19 жасында Ашаның алғашқы болысы атанған Тілеуқабыл жайлы ел арасында аңызға бергісіз әңгімелер жетерлік. Өзінің түр-тұлғасы, сыр-сымбаты келіскен бабамыз сөзге шешен, ойға жүйрік, білекті батыр болған деседі. Оны мына бір өлең жолдарынан аңғаруға болады:
“Шалқып аққан Шу өзен,
Қорағаты, Аспара.
Жиенбеттің елінен,
Ашаға болды би-болыс,
Тілеуқабылдай жас бала.
Жас та болса ақылға,
Пайымы терең ірі еді.
Заманында деңгейлес,
Ірілердің бірі еді”.
Тілеуқабыл Берікұлы арғы жеті-сегіз атасынан бастап ел билеген, тектінің тұяғы болған екен. Арғы атасы Мырзақұл елді басқарып, әділдігімен қара қылды қақ жарғандықтан елі “босаға” деп атап кеткен көрінеді. Кейін тіпті бұл қасиетті сөз Жиенбеттердің ұранына айналыпты. Бүгінгі Алғада шоғырланған Қыпшақ руының ұрпақтарын кей рулармен қақтығысып, жайлы қоныс таппай жүргенде Тілеуқабыл бабамыз жылы қабылдап, Аша болыстығынан жер бөліп берген деседі. Ал Ақтөбедегі Масақ Күнтулерді көшіріп әкелуге зор ықпал жасап, Құйған деген жерді берген екен. Бытырадай шашыраған халқымызды бір шаңыраққа біріктіріп, татулыққа ұйыстыру Тілеуқабыл бабамыздың басты мұраты болған. Ел жайын, жер жайын жақсы білген әрі халықты сауаттандыру ісінде еңбегі зор Ашаның алғашқы болысы мешіт, медресе салдырып, халықтың қамын жейді. Ол өз тұсында су жайын жақсы білетін Сәмбет Қондыбайды алдырып, Қаратоғанды (қазіргі Дружба каналын) қаздырған. «Күлтөбенің басында күнде жиын» өткізген, ата салтын ардақ тұтқан ел ағасы қандай келелі мәселе болса да ауылдың үлкендерінің ақыл-кеңесіне жүгініп, Қазыққаққан деген жерде алқалы жиындарды өткізіп отырған. Қазір бұл жер Төле би ауылының орталығындағы әкімдік ғимаратының маңы болған дейді білетіндер. Дәл осы орында ел мәселесі әлі күнге дейін талқыланып, шешіліп келе жатқаны, бір құдіреттің белгісі шығар.
“Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады” деген аталы сөзіміз тағы бар. Ал осындай мүйізі қарағайдай бабамыздың тектілік қалпын кейінгі ұрпақтары сақтай алған ба деген сауалды тарқатсақ… Ұлы қайнардан сусындаған, текті де терең тамырлы, бай тарихы бар қазақ халқы қашанда асылы мен жасығын, жаманы мен жақсысын парықтауға айрықша мән берген. Халқымыз ықылым заманнан «Елін сүйген ер болар» деп айтудан жалыққан емес. Осындайда «Ерді кебенек ішінде таны» деген даналық сөзі бірден ойыма орала береді. Тоқсан жылдық тарихы бар Шу өңірінің әр кезеңдердегі тарихына бойласақ, елі үшін ерлік, өрлік қалпымен жанын пида еткен азаматтардың да өткенін саралауға жол ашамыз. Өзінің азаматтығы бір төбе, халқына сіңірген еңбегі ерен Тілеуқабыл Берікұлы әкеге жете туып, тектілік қалпын сақтаған, бойында батылдық пен қайсарлық қасиеті бар, Отанға қызмет ететін ұлдарды тәрбиелей алды. Солардың арасынан атаның ұлы емес, адамның ұлы болуға тырысқан кенже ұлы Дайрабай Тілеуқабылұлы туралы жазбаққа бекіндім.
“Ел басына күн туса, ерлер атқа салар ер” демекші, фашистік Германия тұтқиылдан шабуыл жасаған екінші дүниежүзілік соғысқа біздің Шу өңірінен де талай азаматтар аттанған болатын. Солардың қатарында Дайрабай Тілеуқабылұлы да болды. Арғы атасы Мырзақұл Жиенбеттің ұраны болғанда Дайрабайдай ұрпағы қалайша жауға атойлап шаппайды?!
Дайрабай Беріков 1909 жылы Жамбыл облысы, Шу ауданы, Қорағаты ауылдық округіне қарасты Жиенбет ауылында дүниеге келген. Даңқты ер Дайрабайдың халқымыздың һас батыры, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы басқарған батальонның құрамында болғанын мақтанышпен айтуға болады. Өзі өжет, алған бетінен қайтпайтын, Отан үшін жанын жау оғына тосқан Дайрабай Тілеуқабылұлы жау танкісін экипажымен түгелдей жойып, 1942 жылдың 10 қыркүйегінде қаза табады. Денесі Ленинград облысы, Киришский ауданы, Кириши поселкесіндегі бейітке жерленген. Сұм соғыс ордабұзар жастан енді ғана асқан Дайрабайды көктей солдырды. Артында тұяғы да қалмады. Алып жүректі азаматтың рухына бас иіп, ерлік жолын жаңғыртуды жөн санаған Беріков Қайсар Ұзақбайұлы айтылған деректерді біздің қолымызға ұстатты. Ерен ерліктің үлгісін көрсеткен ерге құрмет көрсету үшін біз де аянып қалмауды дұрыс деп таныдық. Қайсар Беріковтың әкесі Ұзақбай мен Дайрабай бір әкеден туған бауыр. Әкесінің бауырының есімі елеусіз қалмасын деген ниетпен жарғақ құлағы жастыққа тимей, күні-түні ой мазалаған, сол ойды жүзеге асыруға талпынған азаматтың бұл ісі көпке үлгі.
Орайы келгенде мәнді мақаламызды Тілеуқабыл болыстың тікелей ұрпағының сөзімен түйіндесек:
“Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының “Соғыста шейіт болған солдаттардың кез келгеніне алтыннан ескерткіш орнатса ерсі емес, олар Отан үшін, болашақ үшін жандарын пида еткендер» деуінің астарында үлкен тағылымдық мән бар. Бір кіндіктен тараған Тілеуқабылдың 2 ұлы Ұзақбай мен Дайрабай, 2 немересі Кенжебай мен Әзімбай Ұлы Отан соғысына қатысқан. Әсіресе 17 жасында өзі сұранып соғысқа аттанған Әзімбай аға соңғы жорық жолын Манчжурияда аяқтап, 1950 жылы елге оралған. Өкінішке орай, Дайрабай жау өтінде ерен ерлікпен қаза тапты. “Қызыл жұлдыз”ордені, “Ерлігі үшін” медалімен марапатталған. “Ер есімі ел есінде” деген ұранмен жауынгер бабалар ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі етсек, ұрпақтар сабақтастығының дұрыс бағытта қалыптасуына жол саламыз. Сондықтан текті атаның ұрпағы, үрім-бұтағы Беріков Дайрабайдың есімі Қорағаты округіне қарасты туған ауылы – Жиенбет ауылының бір көшесіне берілсе өте құптарлық іс деп ұғынады. Жау танкісінің әрі оның экипажын түгелдей жойып жіберген Беріков Дайрабайдың ерлік ісіне көрсеткен құрмет сол болар еді. Ерлікті, батырлықты дәріптеген көреген халқымыз бұл игі істі қос қолдап құптайды деп ойлаймыз”- деді өз сөзінде Тілеуқабылұлы Дайрабайдың немере інісі, жетпісті алқымдаған зейнеткер Беріков Қайсар.
Қаһарман ағасының аты елеусіз қалмаса деген Қайсар ағамыздың үні шенділердің құлағына жеткендей болып еді, алайда Қорағаты ауылдық округі әкімдігі Дайрабай Тілеуқабылұлының есімін бір көшеге беру ісіне немқұрайдылық танытты ма, әлде басқа да себептер түрткі болды ма, жабулы қазан жабулы күйінде қалып қойды. Қорағаты ауылдық округі әкімі Ә.Диханбаев “Келесі жылдың Жеңіс күні қарсаңында Мойынқұм ауылының бір көшесіне Дайрабай Тілеуқабылұлының есімін береміз” деп сендірген екен. Тарихтан алар орны ауқымды Ұлы Отан соғысында ерен ерлігімен ел қорғаған батыр бабаларымызға қандай құрмет көрсек те аздық етеді. “Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар” демекші, Дайрабай Тілеуқабылұлының есімін кейінгі ұрпақ жадында сақтауы үшін көшеге атын беру ісі аяқсыз қалмаса деген өтінішіміз бар.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.