Ақпараттық портал

Музей – адамзаттың рухани ошағы

Жыл сайын 18 мамыр күні дүниежүзінің мәдени қауымдастығы Халықаралық музейлер күнін атап өтеді. Музей-халқымыздың рухани асыл қазыналарын жинақтап, өткен мен бүгінді жалғап отырған ғылыми-мәдени, рухани мекемелердің бірі. Музей экспонаттары – ол халық тарихы мен өнерді қамтитын талай замандардың тірі куәгерлері. Экспозицияға қойылатын жәдігерлер белгілі бір оқиғалар мен тұлғалар жөнінде ақпарат беретін дереккөз ретінде экскурсантқа өткен шаққа әсер ете алады. Тарихымызды танып, өткенімізді білуде музейдің орны ерекше. Экспозицияда орналасқан құнды жәдігерлер өткен замандағы бабалар рухын танытып, Ұлы даланың ұлағатын алдымызға тартады.
Шу өңіріміз де тарихқа бай өлке. Сол бай мәдени мұрасын сақтап, халыққа қызмет көрсетіп жатқан аудандық тарихи-өлкетану музейі 1986 жылы қоғамдық негізде ашылған еді, кейін 1989 жылдан бастап облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі ретінде жұмысын атқарып жатыр. Бес экспозициялық залдан жасақталған музейде әртүрлі тақырыптарда, түрлі мазмұндағы коллекциялар көрермендерге ұсынылған. Қазақстанның байырғы палеонтологиясы, ежелгі, ортағасыр, қазіргі заманғы тарихы мен мәдени мұрасы жайлы толыққанды мағлұмат алуға мүмкінді береді. Ортағасырлық Баласағұн қалашығынан қазба жұмыстары кезінде табылған қыш бұйымдар, түрлі құжаттар, қолөнершілердің қолынан шыққан әдемі бұйымдар, нумизматикалық коллекция, өткен ғасырда қолданыста болған тұрмыстық заттарды аудандық музейдің экспозициясынан көруге болады. Үнемі тақырыптық көрмелер жасақталып және де ауданымыздың ауыл мектептеріне жылжымалы көрмелер ұйымдастырылады.
Қарап отырсаңыз, өңіріміздің тарихқа бай екені даусыз. Сондықтан өлкетанушылардың, тарихшылардың да ықылым замандардың қойнауына үңіліп, ізденістер мен зерттеулерді жалғастырып, болашақ ұрпаққа қалдырар мұралары өте көп. Ал, біздің тарихи-өлкетану музейінде ерте заманнан бері бүгінгі күнге мұра болып жеткен көне жәдігерлерді көріп, тарихи кезеңдерді кезіп, оқиғаларға ой жүгіртіп, қазақтың салт-тұрмысымен танысып, тағылым алуға болады.

Л.Маметаева,
аудандық музейдің кіші ғылыми қызметкері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.