Аймақтық ән байқауы өтті
Жуырда Шу аудандық мәдениет үйіне қарасты Балуан Шолақ ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен, “Қалқа” шаруа қожалығының демеушілігімен «Патриотизм дауысы!» атты аймақтық ән байқауы ұйымдастырылды.
Байқаудың мақсаты – елімізде өскелең ұрпақтардың Отанға деген патриоттық сезімдерін ояту, жасөспірімдерді отансүйгіштікке тәрбиелеу және өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгер тұлғалардың ерлігін үлгі ету болып табылады.
Сайысқа қатысушыларды іс-шара жүргізушісі Мұхамбетқалиева Балжан байқау ережесімен және әділқазылар алқасымен таныстырып, үміткерлерге сәттілік тіледі. Байқау екі кезең бойынша өтті. Шарт бойынша алғашында қатысушылар патриоттық тақырыпта, екінші кезеңде еркін тақырыпта әндерін орындады. Ән сайысына 8-14 жас аралығында 14 үміткер қатысып, өз өнерлерін көрсетті.
Орындаушылар байқаудың бірінші кезеңінде патриоттық бағыттағы «Туған жер», «Көк байрағым», «Қазақ елі», «Атамекен», «Қазақстан елім», «Татулықта күшіміз» әндерін шырқаса, екінші кезеңде достық, бейбітшілік, келісім мен бірлікке, анаға, жерге, тіліне деген сүйіспеншіліктерін «Бақытты бала», «Әжетайым», «Ямайка», «Мереке», «Атам менің», «Ақ құсым» әндерімен жеткізді.
Байқау соңында қазылар алқасы қорытынды жасап, жеңімпаздарды анықтау үшін сахнаға шыққан аудандық мәдениет үйінің оркестр әншісі, вокалист Базаралы Мейіржан орындаушылардың орындаушылық шеберліктеріне, әннің тақырыпқа сәйкестігі және олардың киген киімдері мен сахнада өздерін ұстау мәдениеті туралы айтып, баға берді. Дауыс ырғағы мен талантқа жіті көңіл бөлген қазылар алқасы байқау қорытындысы бойынша III орынға Бірлік ауылының вокал үйірмесіне қатысушылары Құрмантай Шахризада мен Төле би ауылының Саз мектебінің оқушысы Мырзахан Адия, ІІ-орынды Балуан Шолақ ауылының вокал үйірмесіне қатысушысы Сатыпалды Береке мен Төле би ауылы, аудандық мәдениет үйінің үйірме қатысушысы Табыс Бауырлан иеленсе, І-орынды Төле би ауылы Роман Грибенюк алып, бағалы сыйлықтар және дипломмен марапатталды. Қалған қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары мен грамоталар табыс етілді.
Маржан Амангелдіқызы,
Шу аудандық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы.