Ақпараттық портал

Бала қауіпсіздігі – ата-ананың жауапкершілігі

Қоғамда құқық бұзушылық әрекеттері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап, соған орай тәрбие мәселесі күн тәртібінен түспек емес. Мектептерде ата-аналар жиналысы өткізілсе, көбіне аналар қатысады. «Бір әкенің тәрбиесін бере алмайды жүз мектеп» демекші, әкенің отбасындағы тәрбиеде рөлі зор. Сондықтан тәрбие тізгінін әкелер қолға алса, тәртіп орнайтыны анық.
Осыған орай, Дінмұхамед Қонаев атындағы орта мектебінде әкелер кеңесі өткізілді. Кеңеске аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев, білім бөлімінің басшысы Т.Дурманов және әкелер қатысты.
Ата-аналар тарапынан сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар алынды.
”Бала – бауыр етің”. Өміріңнің мәні де, сәні де солар. Таңның атысы мен күннің батысына қарамай, жұмыс істеуіңнің себебі де, сол – бала қамы. «Қайтсем, ұрпағыма жағдай жасаймын» деген ата-ана үшін бұл бақытты өмірдің баспалдағы іспетті. Ата-бабамыз әу баста бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, ұрпағының текті әрі саналы болып өсуіне бар күш-жігерін жұмсаған.
Ал бүгін ше? Бүгінгі ұрпақ – «жоқ» дегенді білмейтін заманның кейіпкерлері. Не ішем, не кием демейді. Қарны тоқ, көйлегі көк. Себебі, олар адам жанынан басқасының бәрін сатып алуға болатын заманда өмір сүріп жатыр. Иә, барлық бала ата-анасының құшағында алаңсыз өмір сүруге лайық. Десек те, біз бала қауіпсіздігінің басты назарда екенін естен шығарып алып жүргендейміз.
Бүгінде жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын оқыс оқиғалар жиілеп кетті. Ата-анасының әрбір ескертуін ұмытпай, ереже талабын бұлжытпай орындаған балалардың әртүрлі сәтсіздіктен аулақ болатыны шындық.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 442-бабына сәйкес кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22.00-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы – заңды өкілдеріне үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатынын ескерсек, бүгінде қосымша ақша табу мақсатында жасы кәмелетке толмаған жасөспірімдердің мейрамханаларда жұмыс істеуі – әрбір ата-ананы алаңдатуы абзал. Себебі түнгі уақыттағы бала өмірінің қауіпсіздігі үшін өзімізден басқа ешкімге кіна арта алмайтындығымыз анық. Жиынның негізгі мәні де осы.
Иә, бала – сіздің көзіңіздің нұры, көңіліңіздің қуанышы! Дүниенің бар алтынына айырбастамайтын қымбатыңыз! Біздің көңіліміз балада болғанымен, баланың көңілі далада екені рас. Бала болған соң ойнайды. Білуге құштар болып, әр нәрсені бір түртетіні де әу бастан белгілі. Алайда жаза деген аяқасты. Балаларды қайғылы оқиғалардан қорғау үшін қарапайым ережелерді жадыңызда ұстау артықтық етпейді.
Құрметті ата-ана! Балаларыңызды қараусыз қалдырмаңыз, балаларыңызға үлгі болыңыздар. Бала өмірінің қауіпсіздігіне немқұрайды қарамайық.
Махаббат СҰЛТАНОВА,
Д.Қонаев атындағы орта мектептің директоры.

Leave A Reply

Your email address will not be published.