Бірлескен жобалар туралы келісімдерге қол қойылды
Астанада Қазақстан Үкіметінің басшысы Олжас Бектенов пен Малайзия Премьер-Министрі Ануар Ибрагим екі елдің бизнес-қоғамдастықтары мен ғылыми топтары өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Малайзия инвестициялық дөңгелек үстелін өткізді.
Экономиканың басым салаларындағы ынтымақтастықты арттыру перспективалары талқыланды.
Қазақстан Үкіметінің басшысы Малайзия еліміздің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі сауда-экономикалық әріптестердің бірі екенін атап өтті. Бір жыл ішінде екіжақты тауар айналымы $150 млн-нан шамамен $245 млн-ға дейін өсті. Мақсат – экономиканың қолда бар әлеуетін ашу және екіжақты сауда көрсеткішін пандемияға дейінгі $650 млн-нан асыру.
«Біздің мемлекеттеріміздің арасындағы тығыз саяси диалог өзара серіктестіктің берік негізін қалайды. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен сіздің кешегі кездесуіңіз екіжақты қарым-қатынастардың дамуындағы маңызды тарихи кезең болды. Қазақстан Үкіметі жоғары деңгейде қабылданған барлық уағдаластықтарды іске асыруға дайын екенін білдіреді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Олжас Бектенов Қазақстанның Малайзияға экспортты әртараптандыру ниеті туралы мәлімдеп, малайзиялық кәсіпкерлерді қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі, қаржы, білім беру, жер қойнауын пайдалану, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларындағы серіктестігін нығайтудың жаңа мүмкіндіктерін бірлесіп зерделеуге шақырды. Бүгінде Қазақстанда малайзиялық капиталдың қатысуымен 48 компания жұмыс істейді. Жалпы сомасы $410 млн-нан астам 17 бірлескен инвестициялық жоба іске асырылуда.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.