Ақпараттық портал

Жаңашылдық жетістікке жетелейді

Әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосылуды мақсат тұтқан, ширек ғасырда ширап, аз ғана уақытта алдыға қарыштап дамыған Қазақстанның ертеңгі үміті, тәуелсіздігін баянды етер көзінің ағы мен қарасы, бірнеше жылдан кейін мемлекеттің бет-бейнесі болатын жастарға көбірек көңіл бөлу – басты міндеттердің бастысы. Болашақ – жастардың қолында деген ұранды жиі айтып, елімізде осы мақсаттарда қолға алынып жатқан жобалар аз емес. Тіпті, түрлі деңгейдегі іс-шаралар да жастарға бағытталуда.
Әр жылда жаңа оқу жылы басталған сайын білім ошақтарының табалдырығын жаңадан оқушылар аттаса, сол секілді жас мамандар да ұстаздық қызметтің есігін жаңадан ашады. Сол күннен бастап өзін жетілдіріп, жан-жақты болуға, біліктілігін арттыруға, заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеруге талпынады. Соған сай алдыңғы толқын ұстаздар да бағыт-бағдар беріп, кәсіби тұрғыда дамуына жол ашады. “Жас келсе іске”, “Асыл тастан, ақыл жастан” демекші, кей сәттерде тәжірибесі мол ұстаздар мен жас мамандардың да тең түсетін кездері жоқ емес. Сондықтан да ұстаздар қауымы әрқашанда тәжірибе алмасып отырудан, білгенімен бөлісуден тартынбайды. Білім саласын жандандыруға, шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беруге талпынған ұстаздар түрлі деңгейде форум, семинарлар өткізіп тұрады.
Сондай игі шаралардың бірі біздің ауданда да орын алды. Жуырда Оқушылар сарайында жас мамандарға арналған «Жас мамандардың кәсіби дамуы: білім берудегі жаңа тренд, жаңа көзқарас» атты аудандық форум өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрар Дүрманов, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығының” директоры Ғани Қойбағаров, аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Аида Бекмурзина, білім бөлімінің әдіскерлері, мектеп директорлары мен жас мамандар қатысты. TedX форматта өткен форумда шақырылған қонақтармен жастар еркін сұхбат жүргізіп, пікір алмасты.
Форумның теориялық бөлімінде жас мамандарға қажетті тақырыптарда таныстырылымдар жасалды. Бұған қоса «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасының алғашқы түлектері, республикалық білім берудегі мекеме басшыларының кадрлық резервінің мүшелері А.С.Макаренко атындағы орта мектебінің директоры Асхат Тунгатаров пен М.Әуезов атындағы орта мектебінің директоры Дархан Татибековке де жалынды жастар қызықты сұрақтар қойып, басшылық лауазымға қол жеткізудің жолдарын білді.
Бүгінгі күнде білім саласында қазіргі заманның ағымына бейімделген жаңашыл, жасампаз жас мамандар жетерлік. Қандай іс болмасын басы-қасынан табылатын да сол креативті жастар. “Сен жанбасаң лапылдап, мен жанбасам лапылдап” деген ұстанымды басшылыққа алған, шетінен “сен тұр, мен атайын” жастардың қарасы көбейіп келеді. Олардың әр бастамасында, ойға алған істерінде, жүйелі жоспарларында жан жадыратар басымдықтар байқалатындай. Олар, яғни шығармашылық топтағы жас педагогтар форумның практикалық бөлімінде аудиторияларда сабақ өту барысындағы түрлі әдіс-тәсілдермен бөлісіп, тәжірибе алмасты. Форум соңында жас педагогтар “Жас маман” әнін шырқап, естелікке суретке түсіп, кері байланыс арқылы алған әсерлерімен бөлісті.
Жастардың қай замандарда болмасын, әрқашан қоғамда үлкен әлеуметтік күшке ие болғанын байқаймыз. Олар әрдайым қоғамның ең белсенді мүшесі әрі жұмыс күші болып табылады. Оның үстіне бүгінгі жастың ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын басшы боларын ескерсек, олардың қоғам үшін маңызы арта түсуіне жол ашу-мемлекеттің мерейлі міндеті болмақ. Осыны ескерген Шу ауданының білім бөлімі 2023-2024 оқу жылын осындай оңды іспен аяқтап, жас мамандарға келер жылға үлкен шабыт сыйлады.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.