Ақпараттық портал

Шудан шыққан шынарлар

Киелі Шу өңірінде ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де, қол бастаған батыр да, елдік пен ерлікті қатар жырлаған жыраулар да көп болған. Бұл өлке қат-қат дерек пен қилы-қилы аңызға толы өлке. Арыдан айтар болсақ, бұл аймақ – атақты Ескендір Зұлқарнайынның, Кенесары мен Наурызбайдың, Ағыбай батырдың, күш атасы Қажымұқан палуанның, Тұрар Рысқұлов пен Сәкен Сейфулиннің табан тіреген жерлері. Сондай-ақ, бұл өңір – халқымыздың төбе биі – Төле би, Бөлтірік шешен, Биназар батыр, Балуан Шолақ, Сауытбек, Ақбөпе, дәулескер қобызшы Бармақ, әрі шешен, әрі би Қылышбайлар дүниеге келген және қазақ хандығы алғаш құрылған тарихи мекен.

Халқымыз әманда ер мінезді батырларын пір тұтқан. Олардың атын ұранға қосып, ел рухын асқақтатар ерлігін аңызға айналдырып, мақтаныш еткен. Ел басына күн туғанда арын алау етіп, жанын жалау етіп, тебінгісін теріге шіріткен, терлігін майға еріткен, қас дұшпанын тізе бүктірген хас батырлар аз болған жоқ. Мәселен, ең алғаш Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығы да осы өлкеден бастау алады. Оған қоса, Қордай-Шу күре жолының Шу қаласына бастап барар тұсы мен Белбасар ауылының кіреберісінде тас мүсіні орын тепкен алып денелі, ақ сауытты Ақша батырдың өзі де Шу өлкесінің батырлар мекені екенін айғақтап тұрғандай. Әлі де болса сырын ішіне бүгіп жатқан бұл өңірдегі дәл осы деректің өзі талай-талай еңбекке таптырмайтын тың дерек болары даусыз. Әрине, біздің айтып отырғанымыз осыдан бірнеше ғасыр бұрын осы өлкеде өмір сүрген тұлғалар туралы. Алайда, жылдар жылжып, араға дәуірлер салсақ та, бабалар ізін жалғаған дарынды тұлғалар бүгіннің өзінде толастаған емес. Мәселен, жоғарыда аты аталған батырлардың ізін бүгінгі күні тәуелсіз елдің саңлақтары жалғап келеді. Олардың қатарына грек-рим күресінен әлем біріншілігінің үш дүркін қола жүлдегері, Лондон Олимпиадасында қазақ елінің көк туын ұстап шыққан шулық Нұрмахан Тынәлиев, кәсіпқой бокстан әлемдік аренада атой салып жүрген Батыр Жүкембаев пен таэквондодан Азия чемпионатының қола жүлдегері Мереке Жүнісованы айтуға болады.

Бұдан бөлек, Шу ауданының мәдениет пен өнер саласын биік белеске көтеріп кеткен, қоңыр күйді жүрегімен, өзінің қоңырқай мінезімен қоңырлата тартқан еліміздің мақтанышы Әбдімомын Желдібаевты да осы қатарға қосуымызға болады. Әбдімомын атамыздың ойынан туған күйлер ғасырлық шежіреден, ұлтымыздың өткенінен сыр шертіп тұратыны сөзсіз. Дара тұлғаның шығарған күйлері мен әндері сол өзі туып-өскен киелі Шу өңірінің қоңыр сарынынан ешқашан алыстап кетпек емес. Әлбетте, сол арқылы күйлерінің өзіне тән ерекше иірімдері мен құрылымдары, қағыстары оны өзгелерден даралап тұратындай. Жүректен шыққан күйлерін жүрекке жеткізген дәулескер күйші Әбдімомын Желдібаев бүгінгі күнге дейін қазақтың тау тұлғалы азаматтарының бірегейі ретінде дәстүрлі әуенді дәріптеу жолында өлшеусіз еңбек етіп келді. Сонымен қатар, ақын, әнші, термеші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері және Мәскеуде өткен екінші Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты Аяз Бетбаев та Шу ауданының абыройын әріге апарған дара тұлғалардың бірі екені дау тудырмайды.

Қазақ бейнелеу өнері  – тарихы тасқа қашалып, уақыт бедерімен бізге жеткен асыл мұралардың бірі. Десек те, қазақ суретшілік өнері дегенде ойға оралар жалғыз есім, ол – Әбілхан Қастеев. Бірақ, бүгінгі күні талантымен танылып, көрерменнің көзайымына айналып, қазақ бейнелеу өнерінің беделін асырып жүрген  суретшілер де баршылық. Солардың бірі – суретші-мүсінші, шулық  Қали Қораласбаев есімді азамат. Басқасын айтпағанда, соғыс жылдарында асқан ерлігімен ел жадында сақталған Саду Шәкіров пен Саттар Естемесов сынды ағаларымыз қаншама?! Жалпы, көбіне-көп, әсіресе, өнер қайраткерлері, әнші немесе саяси белсенділер жұрт жадында жылдам жатталып, тарих дәптерінде есімдері алтын әріптермен жазылып жатады. Ал, өмірін шаруашылыққа арнап, еңбек пен бейнеттің арқасында келген беделмен мұндай абыройға жету қиынның қиыны. Киелі Шу өңірінде елді ұжымшарларға ұйымдастыру кезінде өзінің үлгілі ісімен елге елеулі еңбек етіп, есімі тарихта қалған беделді тұлға бар. Ол – Хати Сауранбаев. 1941 жылы қасіреті мол екінші Дүниежүзілік соғыс басталып, ел басына ауыртпалық түскен сол бір зұлмат жылдарда жамбылдықтар танк колоннасы мен әскери ұшақ құрылысына 18 миллион 184 мың сом қаржы жинаған. Оның ішінде, 180 адам 10 мыңнан, 20 адам 15 мыңнан, 5 адам 60 мыңнан және 5 адам 75 мың сомнан ақша жинағанда Жамбыл облысы, Шу ауданы, Белбасар ұжымшарының басқарма төрағасы Хати Сауранбаев 100 мың сом ақша аударған. Және армияны жоғарғы дәрежеде керек-жарақпен қамтамасыз етудегі еңбегі үшін Хати Сауранбаевқа СССР Қорғаныс Министрінің Алғыс хаты беріліп, «Еңбек Қызыл Ту» орденін және бірнеше медальдар алған.

Міне, бұл біз есімін атап отырған Шудан шыққан тұлғалардың бір парасы ғана. «Ұлы адамдар тірлігінде өз бейнесін өзі сомдайды, ал тұғырға кейінгі ұрпақтары орнатады» деген екен бір данышпан. Сол айтпақшы, жоғарыда аты аталған шулық тұлғалар шынында да тіршілігінде халыққа берерін бере білген, өз бейнесін өзі сомдаған, үлкен іс тындырған айтулы азаматтар. Олардың еңбегі еш кеткен жоқ. Олардың есімдері ел аузында жүргенінің өзі  ер еңбегінің әділ бағасы іспетті.

 

Әйгерім ТҰРАРБЕК,

М.Х.Дулати атындағы

Тараз өңірлік университетінің

3 курс студенті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.