Ұлттық киім – ұлт белгісі
Қазіргі ұлттық брендіміз деп оюланған киім үлгілерінің неше түрі шықты. Дұрыс-ақ делік. Ұлттық ою-өрнектер, ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан нақыштары бар деген киім-кешектің қазіргі заманауи түріне қарап, диуананың әлеміштеген дорбасындай қылып, ретті-ретсіз оймыштаған оюларды кез келген киімнің бойына жапсыра беретін әдет қылаң бергенін байқаймыз. Нарық заманы десек те, «әдемі» деген сөзге лайық, сәнді киімді алуға әркім құштар. Бірақ, «бояушы бояушы дегенге сақалын бояптының» кебін келтіріп, басынан бақайшағына дейін иір қобыз жасап, жотасына ою жапсырған шапан-шекпендерді көріп, ұлттық киімдеріміздің күлдібадам күлкілі тіршілікке айналғанына қарның қалай ашпайды?.
Мүмкін, бұл уәжімізге қарсы дау айтушылар да табылар. Сатушы алдындағы затын сатуға бар бейілін салатыны анық. Дегенмен кез келген заттың мән-мағынасы болуы шарт. «Ою жапсырған осы екен» деп кез келген киімнің жеңі мен балағына дейін орынсыз оюларды жабыстырып, оны біздің ұлттық ерекшелігіміз деп есептесек, қатты қателесеміз.
Іргеміздегі қырғыз ағайындар айыр қалпағымен, өзбектер ала шапанымен-ақ айрықшаланып тұрған жоқ па?! Тұла бойымызды оюға толтырып, қисынды- қисынсыз әлеміштей берсек, түбінде күлкіге қаларымыз ғажап емес.
«Жасымыздан киіз басып, шапан, шекпен, бешпент, желетке тігіп, тігіншілік қолөнерімен бала кезімізден айналысып келеміз. Ісмер, көнекөз қария, әже-аналарымыздың іс тігу өнері бала-шағымыздан бізге таныс. Үйренгендеріміз іске асып, талай үлкен кісілердің тапсырысын орындап, алғыстарын алдық»,-дейді жетпісті алқымдаған тігін ісінің шеберлері Іңкәр Тұрдыбаева, Жанат Есенбаева, Гүлнар Іңкібаева апаларымыз. Әрқайсысы осы мәселеге қатысты өз ойларын ортаға салып, біраз маңызды жайттардан хабардар етті. Сахналық киім тігудің мәні бір басқа, ал қазір той-томалақтың кез келгенінде бір-біріне шапан, қалпақ, камзол, шекпендерден кәде сый жасап, кигізіп жатқан киімдердегі ою-өрнектің түрінен жаңыласың. Мұрақ қалпақ, қазақы қалпақтардың сау жерін қалдырмай, шимай-шатпақ оюларға толтырып, оны ұлттық реңк деп дәріптеу қисынсыз. Қазіргі заманауи техниканың күшімен ою жасау, оны жапсыру өте тез әрі оңай болғандығы сондай, еш талғамсыз оймыштап тастайтын болды. Жарайды, бәрі ұлттылығымыздың бедерін дәріптеп жатқандықтан шығар дейін десеңіз, әр нәрсенің өз қадірі барын саралауымыз керек қой.
Ұлттық киім өндірушілердің кеңсе, мектеп, той тағы басқа мерекеге арнап шығарып жатқан киімдерін құптарлық-ақ шығар. Бірақ, талап, талғам шегіне келгенде қарабайырлықтан әрі аса алмай жатқандары шындық. Қазақта сары , қызыл түсті өте сақтықпен қолданған. Ол жайлы көзі қарақты оқырман біледі деп ойлаймыз. Одан бөлек, өте ырымшыл халық екеніміз де рас. «Көз тимесін» деп қызыл шүберек байлап қоятын ырым әлі күнге дейін қалмай келеді.
Қазір ию-қиюы араласып кетті. Шапан-шекпенді қызылмен көмкеріп, сары түспен әдіптеген тіршілікке түк түсіне алмаймыз. Тігіншілер ою-өрнекті матаға жапсыру, кіріктіру секілді технологияның бәрін машинаның көмегімен жасайды. Заман жетістігі деген осы шығар. Бірақ оюды орналастыру, оны қандай көлемде кіріктіруін білмей, әйтеуір бір «ұлттық» деген сөзді ұстап алып, оймыштай беретін болды.
Әрине, машина шаршамайды. Әйтпесе, әр киімнің көлеміне, түсіне тіпті матаның сапасы мен құрамына қарай сұрыпталып жасалуы тиіс. Шүберекке киізден жамау жапсырған сияқты олқы нәрселер жетерлік. Оның бәрін тәптіштеп жату да артық шығар.
Талғам дегеннен шығады. Қазіргі тұтынушылардың өре жетістігінің шамасына қарап, біраз кемшіліктерді байқауға болады. Сахналық киімді киіп, оны кәсіби ортада күнделікті қолданысқа пайдалану тіпті келісімсіз нәрсе. Кез келген үлкенді-кішілі той-томалақта бір-біріне шапан жабу дәстүрі осы күні қатты белең алды. Жәй ғана мысал. Қазақы шапан мен шекпенде жаға болмаған. Оны дамытамыз деп шапанға жаға орнатып, оған быжырқай оюларды кестелеп, тұскиіз, текемет, басқұр сияқты үй жиһаздарына қолданатын оюларды жапсырып жасау өте өрескел қате.
Мұрамыздай болған «Мұрақ қалпақтың» істелу әдісі өте күрделі екенін екінің бірі біле бермейді. Астарына жұқа ақ киізден салып, сырып тігілген қалпаққа оюды жапсырмаған. Боялған жүннен арнайы талдырма киіз басып, пішкен кезде оюды киіздің бойына кіріктіріп талдырып басқан. Қазір шүберек матадан жасап, бүктеп қалтаңа салатын беторамал секілді етіп жіберді. Айта берсек, көп дүние қазіргі замандық көрініс жасаймыз деп басы артық, көріксіз бұйымдар жасалып жатыр.
Халқымызда ұлттық киімнің жасалу технологиясы әр түрлі болған. Әсіресе, әйел, қыз балалардың киімдері өте ерекше талғаммен жасалған. Қазір қауырсын моншақты камзол, көйлектің өңіріне тізіп іле беру өте өрескел нәрсе екенін көптің бірі қаперіне іле бермейді. Желіммен жапсырылған моншақтар уағы келгенде әрнәрсеге ілініп, киініп-шешінгенде ыңғайсыздық туғызып жататынын көріп жүрміз.Тіпті, шашылып жатқан моншақтарды жұтқан нәрестелердің денсаулықтарына зиян келтіріп жатқан жағдайлар да баршылық.
Қазақы қолөнер мен тігіншіліктің, оның ішінде ою-өрнектің мән-мағынасына жете көңіл бөліп жасалған бұйым әрқашан өміршең болады. Бұрынғы ата-әжелеріміздің көзі боп қалған жәдігерлік киімдер, үй жиһаздарының бәрінде ұлттық өрнек қолтаңбалары бар. Айтылмақ нәрсе бізге жеткен ұлттық құндылықтарды одан әрі дамытатын болсақ, әсіре қызыл көз алдайтын дүниелердің талғамы мен сапасы жоғары болғаны дұрыс. Сонда біздің ұлттық айшықтарымыз жаһанға мәлім болады. Арнаулы мамандығы болмаса да, тігін ісінің шеберлері болып жүрген, ауыл аймағына ісмерлігімен мәлім апаларымыздың салмақты ойлары мен келелі кеңестері қазақи болмысымыздың мәнін аша түскендей. Бұл айтылған кемшіліктер әңгіменің бір кішкентай парасы ғана. Ал, бірақ тұтынушының талғамының төмен болуы ұлттық құндылығымыздың қадірін қашырып жатқан сыңайлы.
«Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл өте орынды бастама. Оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе, қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән- маңызы айрықша. Салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек»,-деп Президентіміз Қ.Тоқаев ұлттық ерекшеліктің бір белгісі бедерлі нақыштарды дұрыс пайдалануды нұсқады. Бұл кез келген нәрсеге ою жапсыра бер деген ойды меңземейді. Мұнымен киім тігушілерді кінәлаудан аулақпыз. Әр заманның өз құрқылтайы болатыны сияқты нарық заңына қарай ұлттық мүддемізге сай бұйымдар шығарылып жатса, құба-құп. Әсілі, біз «ұлттық» деген ұстанымның мәнісіне терең түсінік бере алмай жүрміз-ау.
Несіпхан Қоңырбаев.