Әділет органдары қызметінің міндеттері
Әділет министрлігінің құқықтық мәртебесі Қазақстан Республикасының Үкіметі 11.03.1999 жылы қабылдаған Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі туралы ережеде бекітілген. Осы ережеде Әділет министрлігінің парызы әділеттілік пен заңдылықты қамтамасыз ету жолында халыққа және Қазақстан Республикасының Президентіне қызмет ету екендігі көрсетілген.
Бір жағынан Әділет министрлігі Үкімет құрамына кіретін орталық атқарушы орган, ол өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық келісімдерге, заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметтің нормативтік актілеріне және Әділет министрінің бұйрықтарына сәйкес жүзеге асырады.
Екінші жағынан, өз құрылымын вертикалды ұйымдастыратын атқарушы биліктің құрылымдық бөлімшесі бола тұра, Әділет министрлігі аумақтық әділет органдарына басшылық етеді. Республиканың барлық аумағында біртұтас құқықтық саясатты жүзеге асырады. Заңдарды реформалау жағдайында үйлестіру қызметін атқарады, соттарды ресурстық жағынан қамтамасыз етеді және сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді.
Кез келген құқық қолдану қызметінің тиімділігі көбінесе оны басқару деңгейіне, сол немесе өзге құқық қорғау органдарының алдында тұрған нақты міндеттерді тиісінше іске асыру үшін ұйымдастырудың алғы шарттарын жасауға байланысты болады. Мысалы, кәсіпкерлердің заң қызметі, адвокаттық қызмет қамтамасыз етіліп, әділет органдары тарапынан ұйымдық басқару құралдары арқылы белгілі бір деңгейде бағыт сілтенеді.
«Әділет органдары туралы» ҚР Заңында белгіленген әділет органдарының басты міндеттері олардың функцияларын да, яғни олардың қызметінің негізгі бағыттарын да айқындай түседі. Әділет органдары функцияларының бірі – бұл норма шығармашылық қызметін ұйымдастыру, нормативтік-актілердің жобаларын дайындау, заңнаманы жүйелеу және жинақтау.
Бұл жұмыстың қазіргі кезде, сот құқықтық реформалау барысында Қазақстан Республикасының барлық заңдары жаңартылғанда ерекше маңызы бар. Әділет министрлігі, ең алдымен, орталық атқарушы билік органдарының норма шығармашылық қызметін үйлестіреді, ҚР Үкіметі нормативтік-актілерінің жобаларын әзірлейді немесе оларды дайындауға қатысады.
ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша оған қол қоюға жіберілетін заңдарға сараптама жүргізеді. ҚР Президенті мен Үкіметінің тапсырмасы бойынша белгіленген тәртіппен олардың қарауына тиісті министрліктер мен ведомстволар ұсынатын құқықтық-актілер жобаларының Конституцияға және заңдарға сәйкестігі туралы қорытынды жасайды. Оның құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ҚР Әділет министрлігі ведомстволық нормативтік-актілер, соның ішінде сот, Әділет министрлігінің жүйесіндегі органдар, мекемелер және ұйымдар, орталық атқарушы билік органдарыныңқызметкерлеріне, сондай-ақ лауазымды адамдар мен азаматтарға арналған міндетті болып табылатын нұсқаулықтар мен түсіндірмелер шығарады.
Бауыржан Серікбаев,
Жамбыл облысы әділет департаменті
«Шу ауданаралық мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімінің» мемлекеттік сот орындаушысы.