«Биыл 100 орындық жаңа мектеп бой көтереді»
Тағылымды тарихымызға көз жүгіртер болсақ, ата-бабаларымыз ықылым заманнан-ақ “Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар” деген нақылды арқау етіп, білім қуған. Осы бір сөздің салмағы бүгінгі күні де бір мысқалға кеміген жоқ, керісінше артуда. Аузын айға білеген алпауыт елдер жаһандық бәсекелестік жолына түсіп, білім мен ғылымға айрықша көңіл бөліп жатқанда дамудың даңғыл жолына түскен біздің жас мемлекетіміз де қарап қалмасы анық. Бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман. Содан болар, қазақстандық білім саласында оң өзгерістер орын алып, жаңашылдыққа бет түзеудеміз. Соңғы жылдардың өзінде білім жүйесінде түрлі бастамалар қолға алынып, тың идеялар жүзеге асуда. ҚР Білім және ғылым министрлігі екіге бөлініп, ҚР Оқу-ағарту министрлігі және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі болып қайта құрылуынан-ақ көп дүниені аңғаруға болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10 ұлттық жобаны бекітті. Солардың бірі – «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы. Аталмыш жоба аясында 5 жылда білім саласында бірқатар жұмыс атқарылатын болады. Атап айтқанда, ұлттық жобада балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту, оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын шешу үшін мектептер салу, қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын құру сынды мәселелерін оңтайлы шешу жолдары қарастырылған. Бұл жобаның біздің ауданға да берері көп. Білім және ғылым министрлігі екіге бөлінгелі білім саласында көптеген өзгерістер орын алды. Осыған орай 2023-2024 оқу жылы аяқталар тұста аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрар Дүрмановпен сұхбаттасуды жөн көрдік.
-Тұрар Мұханбетханұлы, 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасының көрсеткіші қандай?
-2023-2024 оқу жылында ауданның 45 мектебінде оқушылар саны 20508 құрайды. Оның ішінде сыныптар саны 1112 болса, 9 сыныпты-1923, 11 сыныпты-1023, кешкі мектепті 101 оқушы бітіріп отыр. 2023-2024 жылғы наурыз айында 1017 түлектің 730-і (71,7 пайыз) ҰБТ тапсырды, қаңтар айының орташа баллы 82,9 құрады, ал наурыз айында 649 оқушы тапсырып, орташа балл 82,93 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда (82,63 балл) орташа балл 0,30 жоғары. Шу ауданы бойынша 2023-2024 оқу жылында 1170 оқушы (1017-күндізгі, 153-кешкі мектептен) 11 сыныпты аяқтағалы тұр. Оның ішінде 34 түлек “Алтын белгі” белгісімен, 60 түлек үздік аттестатқа үміткер. Соңғы наурыз айының ҰБТ қорытындысы бойынша 34 алтын белгі иегерлерінің 23-і 100 баллдан жоғары алған, ең жоғарғы 134 балл Амангелді орта мектебінің оқушысы Сәбитқызы Бекзада алып отыр.
-Біздің ауданда жаңа мектеп тұрғызу, кей мектептерді ағымдағы күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары басталып жатыр екен. Соған нақтырақ тоқталсаңыз.
-Білім саласының заман ағымына сай түрленуі заңдылық әрі қажеттілік. Сән-салтанаты келіскен, барлық жағдайы жасалған білім ошағында білім алу-әр оқушының арманы. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады» деп білім саласының заман ағымына сай түрленуі басты мәселе екендігін атап көрсетсе, бұл мәселелер біздің ауданымызда жыл сайын жоспарлы түрде шешімін табуда.
Шу ауданынан 2 жайлы мектеп (Төле би ауылы мен Шу қаласының аралығынан 600 орындықты, Шу қаласындағы Тоғай мөлтекауданынан 600 орындықты) салу жоспарда бар (қаражаты республикалық бюджеттен 1 мектепке 4 млрд 300 млн 600 мың теңге бөлінді). Аталған 2 жайлы мектептің құрылысы 2025 жылы басталмақ.
2024 жылға жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстарына 2 мектеп (Шу қаласындағы А.С.Макаренко о.м. сметалық құны 564 894 932 теңге, Тасөткел ауылындағы Ш.Мұртаза ом жоспарланған сметалық құны 403 050 816 теңге) қаржылай қолдау тапты.
Сонымен қатар 1 жаңа мектеп құрылысы, 4 жапсарлас құрылыс қолдау тапты. Жиенбет ауылынан 100 орындық жаңа мектебінің іргетас шұңқыры қазылып толыққанды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Шу қаласындағы Ғ.Мұратбаев мектебінің бөлшектеу жұмыстары (демонтаж) қарқынды жүріп жатыр. Еңбекші ауылындағы Еңбекші о.м., Төле би ауылындағы С.Шәкіров о.м., Шоқпар ауылындағы М.Дулатұлы орта мектептерінің жапсарлас құрылысының мердігері анықталып, құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда.
– Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтар белең алып жатыр. Әсіресе, жаз мезгілінде көптеген оқыс оқиғалар орын алады. Күн тәртібінен түспейтін тәрбие бағытындағы жұмыстарыңыз жөнінде айтып өтсеңіз.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс” деген болатын. Шын мәнінде адастыратын ақпараттың желдей ескен заманында жастарымыз жат ағымның жетегіне ілесіп, жағымсыз әдеттерге бой алдырып, шалыс басып, жүгенсіз кетіп бара жатыр. Кез келген кеселмен үздіксіз күрестің арқасында ғана нәтиже шығатыны белгілі.
Күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе – бала тәрбиесі бойынша Шу ауданының білім бөлімі арнайы кесте бойынша аудандағы білім беру ұйымдарында ата-аналар жиналысын ұйымдастырып, өткізіп тұрады. Бұған қоса, жаз мезгілінде де ата-аналар чатында түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізілу үстінде. Мәселен, жаз мезгілінде суға шомылудың ережелері, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі 22.00-ден кейін жүрмеуі, әлеуметтік желілерде буллингке ұшырамауы, лудомания дертінің алдын алу, жасөспірімдердің самокат, мопед, скутерді айдағанда абай болуы, жалпы баланың қауіпсіздігі жөнінде ата-аналарға тұрақты түрде түсіндіріліп отырады.
Балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жазғы лагерь мен жазғы мектеп жұмысын бастап кетті. Сондай-ақ, жазғы каникулды өткізуге бағытталған жүйелі жоспармен жұмыс жүргізу де бақылауда. “Каникулда кітап оқиық”, “Игі істер” атты шаралармен де оқушыларды қамтудамыз. Ұрпақ тәрбиесінде ата-ана мен ұстаздар тонның ішкі бауындай біте қайнаса еңбек етіп, тәрбие ісі күн тәртібінен түспегенде ғана ұлт болып ұйысарымыз анық.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Айғаным АСҚАРБЕК.