БІЛІМДІ ҰРПАҚ қамы үшін
Дамыған жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті – ұстаздардың қолында. Десек те ұстаздар да заман көшінен қалып қоймау мақсатында білімдерін жетілдіріп отырады.
Осы орайда Шу ауданындағы тарих және құқық негіздері пәндерінің мұғалімдері кәсіби шеберлігі мен біліктілігін арттыру мақсатында 2024 жылдың 27мамыры мен 7 маусым аралығында Шу қаласындағы Ы.Алтынсарин орта мектебінің базасында «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институтының ұйымдастыруымен «Тарих және құқық негіздері пәнін оқытудың инновациялық әдістері» тақырыбында курс өтті. Аталған курста Есмырзаева Аманкүл Орынбайқызы жетекшілік етіп, ұстаздарға бағыт-бағдар берді.
Курс бағдарламасы аясында педагогтар нормативтік құқықтық актілерде бекітілген орта білім беру жүйесіндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары мен қағидаларын қарастырды.
Сонымен қатар тыңдаушылар цифрлық ресурстарды игеріп, тарих және құқық негіздері сабақтарында білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша тапсырмалар әзірлеп, өзара тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдай түсті.
Курста педагогтар креативті, шығармашыл, сыни тұрғыда ойлау дағдыларын дамыту барысында «Tarsia», «Тимбилдинг», «FILA» стратегиясы, «Кейс-талдау», т.б. әдістерді сабақта қолдану өте тиімді екендігіне көз жеткізді.
Курстың қорытындысы бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін оқытудың тиімділігіне талдау және олардың алған білімдеріне қорытынды бағалау жүргізілді. Мұғалімдердің сабаққа қатысуы және олардың сабақтағы белсенділігі, мысалы, сыныптағы/топтағы басқа қатысушылармен өзара әрекеттесу, жауап беру және жаңа идеялар мен шешімдерді ұсыну сияқты критерийлер бойынша бағаланады. Курс соңында мұғалімдер қорытынды тест тапсырып, сертификаттар алды.
Кулимхан Садыгулова,
аудандық білім бөлімінің
әдіскері.