Ақпараттық портал

Сала жұмысы неге сылбыр?

Ауыл халқының әлеуметтік жағдайын көтеріп, ауылды дамыту үшін не істеп жатырмыз? Ауданның ауылшаруашылық саласы басшылары мен мамандары, ауыл әкімдері не істеп жатыр? Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, желдей ескен жетістіктер, бір-біріне қолпаш, туған күнге арналған құттықтау сөздер мен арнауларға толы. Әсіресе, ауыл шаруашылығы күннен-күнге еселеп дамып жатқан секілді әсер аласыз. Тоқсандық, жылдық есептері керемет. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарынан тұрмыстық әл-ауқатымыз көтеріліп, ауыл шаруашылығымыз өркендеп жатқан мәліметтерді оқып, риза болмасқа шараң қалмайды. Тіпті, әр мекиен тауықтары күніне екі рет жұмыртқалап, табыс тауып жатқан шаруашылықтар көбейгенге ұқсайды. Жұмыртқа көбейсе, бағасы неге арзандамайды, ет бағасы неге түспейді деп ойланып қалатынымыз бар кейде. Аудан әлеуетінің мүмкіншілігін халық игілігіне толық пайдаланып жатырмыз ба? Осындай сұрақтардың астарына үңіліп көріп едік.
Былтыр яғни, 2023 жылы әр округке міндеттеліп, бөлінген қызылша өнімінің жай-жапсары неге айтылмайды? Округ әкімдері не бітірген? Жаз айындағы ыстықта күйіп кетті деп, есептен шығарып тастады ма? Аудан шаруалары жапатармағай пияз егіп, толағай өнім жинағанымен, табыс таба алмай, шығынға батты. Оны көзіміз көрді. Көктемге дейін сақтап, пайда көреміз деген шаруалар тәуекелі көп өнімнен зиян шекті. Есіл еңбек зая кетті. Ал, қант қызылшасында ондай мәселе жоқ. Бағасы да белгілі. «Еңбегіңді жерге бер, жер бермесе маған кел» деген шығыс мақалы бекер айтылмаған. Балтамырдан қалдық қалмастан іске жарайтыны туралы қаншама сөз болса да, құлақ асар пенде табылар емес. Облысымыздағы Байзақ, Меркі аудандарының шаруалары су тапшылығына қарсы қант қызылшасын өсіруде тамшылатып суару әдісін қолданып, заманауи технологиямен өндіріп, табыс көлемін ұлғайтуда. Ал, біздің аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшылары мен мамандарының ауылға деген жанашыр ниеттері байқалатын емес. Ауданымызда суармалы жерлер жетерлік. Қызылша өсіруде тәжірибелі шаруа қожалық иелері бар. Мәселен, қызылша өнімін өсіруге ынталы, жер көлемі мен су көлемі жеткілікті ауыл жұртшылығының сұранысына сай ұйымдастыру жұмыстарына ұйытқы болатын округ әкімдеріне қадағалау жұмыстары өте дәрменсіз деуге болады.
Қант зауыты ауданымызға керек. Ауылдық жерде жұмыссыздар санын көбейтіп, жұмыс таппай отырған халықты пайдаланып, қолдан келетін шаруаның бірі қызылша өсіруді қолға алып, өзіміздің арзан қантымызды неге өсірмейміз? Әттеген-айы, ауданымыздың әл-қуатын арттырып, ауыл шаруашылығына қыруар пайда әкелетін өнімнің қажет екенін біле тұра іс басындағы азаматтардың дәрменсіздік танытуы көпшілік көңіліне қаяу түсіруде. Осының барлығы жергілікті ауылшаруашылығы басшыларының істі дұрыс ұйымдастыра алмағандығынан туындап отыр. 2017 жылдан бері дүркін-дүркін зауыт туралы әңгіме қозғалғанымен, «баяғы жартас, бір жартас» болып тұр.
Мал шаруашылығы саласы ілгеріледі десек, неге ет өнімдерін өңдейтін өндіріс орындары көбейіп, қалдықсыз өнім шығару жолға қойылмайды? Елім деп, туған жерім деп соғатын патриоттық сезіммен рухтанған білімді жастар деп сенім артқан кейінгі толқын басшылар мен жас мамандардың көбісі жекеменшік мейрамхана, мейманхана соғып, той бизнесін көбейтуден басқаға шамалары келмейтін болған ба деп қаласың. Ортақ мүдде, ел қамына бас қатырып, жұмыссыздықпен күресу жолын қарастырып жүрген шығар десең, білімді деген мамандардың ауыл шаруашылығының түйткілді мәселелеріне атүсті қарайтындықтары байқалады. Бұқаралық ақпарат құралдарында цифрларды ойнақтатып, көзбояушылықпен айналысып жатқандарын қазіргі көзі ашық жұрт білмейді емес, бәрін көріп отыр. «Сенген қойым сен болсаңның кері».
Облысымыздың өңірлік баспасөз брифингіндегі «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы директорының орынбасары Нұралы Ергебаевтің есебінде өңірімізде соңғы жылдары ауылшаруашылығы саласында бюджет қаражатын жымқыру жиілегенін, облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері Қылмыстық Кодекстің жымқыру мен алаяқтық баптарына сәйкес, 78 қылмыстық істі тіркегенін баян етті. Бұл көрсеткіш аз ба, көп пе? Бұл жағын тиісті мамандар таразылай жатар. Ауыл шаруашылығында неге келеңсіз істер көп?
Мәселен, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінің Шу ауданы бойынша 2024 жылдың қаңтар айындағы әлеуметтік экономикалық дамуы туралы көрсеткішінде мал басын өз төлдері есебінен көбейту арқылы мүйізді ірі-қара 62682 басқа, қой 478380 басқа, жылқы 16908 басқа, түйе 111 басқа, үй құстары 69670 басқа, жетіп, ірі-қара 3678 басқа, қой 60520 басқа, жылқы 599 басқа,түйе 23 басқа, үй құстары 1283 басқа көбейді деп есеп берілсе (22.05), 2024 жылдың қаңтар-сәуір, 1 мамырға дейінгі есебінде шаруашылықтың мал саны бойынша қой 13,7 пайызға (60984 басқа), ешкі 32,6 пайызға (4613 басқа), түйе 26,1 пайызға (16270 басқа), үй құстары 1,5 пайызға (787 басқа) азайды деген мәлімет береді.
Шым-шытырық қайшыласқан цифрлардан бір нәрсе білу мүмкін емес. Демек, келтірілген кейбір деректер шындыққа жанаса ма, жанаспай ма белгісіз. Бір білетініміз, ауылдағы ағайынға атқарушы биліктен заман ағымына сай ұйымдастыру жұмыстары ауадай қажет болып тұр. Жоғарыдағыдай құлдырауға ұшыраған ауылшаруашылығының түйткілді тірліктеріне кімдер қолын созу керек? «Халық ерге қарайды, ер жерге қарайдының» кері келген секілді. Қазіргі толқын – жас мамандар жоғары білімді, заманауи сұранысқа сай, сауатты жұмыс істей ме десек, көбісі өтірік есеп беріп, цифрларды ойнақтатқанға ғана шебер ме дерсің. Мәселен, аудан жұртшылығының сұранысына сай қызылша өнімін өсіру неге шындап қолға алынбай жатыр? Бұрынғы қант зауытының мүмкіншілігі аудан жұртшылығына толағай табыс әкеліп, сол арқылы көрші аудандардың да ауылшаруашылығы саласының өркендеуіне жол ашылғанын көрген едік. Былтыр әр округке бөлініп, міндеттеліп берілген қызылша өнімінің хабар есебі неге айтылмайды? Пияз өскен жерге қызылша шықпай ма? Округ әкімшілігінің ұйымдастыру жұмыстары қандай деңгейде болды? Жаз айындағы ыстыққа, су тапшылығына сілтеп, есептен шығарып тастады ма? Облыс әкімі Е.Қарашөкеев: «Ауыл халқының әл-ауқатын көтеріп, оларға керекті мұқтаж мәселелерін шешу үшін ауылшаруашылық өнімдерін қалдықсыз өңдеп, олардың табысын көтеруге жағдай туғызу керек. Жергілікті ауыл әкімдері қол қусырып, қарап отырмай, қолда бар мүмкіншілікті пайдалану қажет»,-деп бекер айтқан жоқ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам-Адал еңбек-Адал табыс» атты үшінші отырысында «Біліммен қаруланған, көзі ашық, дүниетанымы кең, жас маман басшылар еліміздің дамуына аянбай үлес қосу керек», –деп жастарға сенім арта сөйледі.
Құдайға шүкір, қазіргі жас маман басшыларымыздың бәрі жоғары білімді, ел игілігі үшін қызмет етсе, кім қолдарынан қағып жатыр. «Көрші елдерден инвестор келіп, ауылды бөтен адам қарқ қылмайды. Техникасы жоқ ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіріп, егістік алқабын кеңейтіп, ұжымдасып жұмыс істегенде еңбек өнімділігі мен еткен еңбектің қайтарымы да мол болатынын тәжірибе көрсетсе де, қырт мінез бен немқұрайдылық етектен басып, ешқандай әрекетке бармай жатыр.
««Уақыты келгенде сексеуіл де сынады» демекші, ауыл халқының жеке тірліктен керемет болып кеткенін әзірге көре алмай тұрмыз. Жерге, жайылымға, суға таласқан жекешелердің тірлігінің мандымай жатқаны реттілік пен келісімнің, ұйымдастыру ісінің әлсіздігінен жылжымай жатыр»-деп ауылшаруашылығы министрлігі қаншама дабыл қақса да, жергілікті халықтың мүддесін ойлап, іс қылады деген басшылардың шабан жүрістері тұсау болуда. Ауыл халқына биліктен қамқорлық пен іс тетігін дұрыс көрсететін агроном мамандардың кеңестері керек боп тұр. Дамыған елдердің іс тәжірибесін ғаламтордан күнде көріп жүрсек те, бар нәрсенің ығын табу, табысқа жету жолдарын қарастырып, іс қылуға қырт мінезіміз қыңыр тартып, «Аққу, шортан, һәм шаянның» тірлігін кешіп жатқан сияқтымыз.

Несіпхан Қоңырбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.