«Жұмысты жандандыру қажет» Премьер-Министр Олжас Бектенов аудандағы экономикалық аймақтың жұмысымен танысты
Үкімет басшысы Олжас Бектенов облысқа жұмыс сапары барысында Шу ауданындағы «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағына ат басын бұрды. Қазіргі таңда мұнда бірқатар инвестициялық жобаларды іске асырып, мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Премьер-Министр алдымен арнайы экономикалық аймақтың жос-парлары мен шетелдік инвесторлардың жобаларымен жан-жақты танысты. «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағының басқарма төрағасы Қайрат Мұхамбетқалиев өндірістік аумақта атқарылған шаруалар мен алдағы жоспарларды және экономикалық аймақтың мүмкіндіктерін баяндады. Мұнан соң Үкімет басшысы арнайы экономикалық аймақта жобаларын жүзеге асыруға ниет білдірген инвесторлардың жобаларын көрді.
Сонымен қатар, арнайы экономикалық аймақтағы мәселелер тұрақты бақылауында болатынын, мұндағы әрбір жобаның нәтижелі іске асуына Үкімет тарапынан және жергілікті әкімдіктен қолдау көрсетілетінін тілге тиек етіп, өңір өндірісінің өркендейтініне сенім білдірді. Тағы бір айта кетерлігі, «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында бастапқы кезде бұрын-соңды елімізде мүлдем өндірілмеген немесе аз көлемде ғана өндірілген әрі шетелдік және отандық инновация мен ғылыми-техникалық ізденістердің нәтижесінде өмірге келген, экономикалық тиімділігі аса жоғары, экологиялық таза 7 өнім түрі шығарылатын болады деп жоспарланған еді. Олардың қатарында бұған дейін Қазақстан мен ТМД елдерінде аз көлемде шығарылып келген және соның салдарынан қажетті сұраныс көбінесе импорттау арқылы қамтамасыз етілетін каустикалық сода мен хлор, үштекті фосфор өндірілетіні айтылған. Алайда, уақыт өте келе аталған жобалардың басым бөлігі жүзеге аспай қалды. Осыған байланысты, Үкімет тарапынан «Тараз химиялық паркіне» тек химия бағытындағы емес, бұдан өзге де кәсіпорындарды орналастыру жөнінде шешім шығарылды. Сондықтан қазіргі кезде арнайы экономикалық аймақтың атауы ауысып, «Jibek joly» деп атала бастады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, қазіргі кезде мұнда түрлі бағыттағы бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында, гербицид өндірумен айналысатын «ХИМ-плюс» ЖШС бар. Аталмыш серіктестік осыдан бірнеше жыл бұрын іске қосылып, өзінің дайын өнімін шығара бастаған. ТМД елдерінің ауыл шаруашылығы саласында үлкен сұранысқа ие бұл өнімдер нарықта айтарлықтай танымал бола бастады. Серіктестік өнімдері егіншілікке жарамды жерлерді арамшөптен арылтудағы тиімділігі мен экологиялық залалсыздығына байланысты ірі агроқұрылымдардың тарапынан үлкен қолдауға ие болған. Әзірге гербицид пен глифосат экономикалық аймақта шығарылатын жалғыз бренд болып отыр. Айта кету керек, дәл осындай өнім Павлодар облысы мен Степногорск қаласында ғана шығарылады екен. Серіктестік арамшөптерді жоюға арналған «Фараон голд 540» гербицидін сұйық түрінде, ал «Фухуа Глифосат 757» гербицидін түйіршік түрінде шығарады. Түйіршік түріндегі дайын өнім әсіресе Қытай елінде үлкен сұранысқа ие. Сонымен бірге шикізатты өңдеп, дайын өнімді шығарып, оны қаптауға дейінгі жұмыстардың барлығы осында атқарылады. Өнімді қаптауға арналған жабдықты дайындайтын құрылғыны Италияның «TECHNE» компаниясынан алдырған. Экономикалық аймақта «ХИМ-плюс» ЖШС-нен бөлек, алдағы уақытта жүзеге асатын жобалардың қатарында натрий цианидін өндіретін «Altynalmas Reagents» ЖШС сынды бірқатар серіктестіктер бар. Одан бөлек, экономикалық аймаққа қызығушылық танытып отырған инвесторлардың да саны артып келеді.
Аталмыш кәсіпорындар өз жұмысын бастағанда мыңдаған адамға тұрақты жұмыс орны ашылатыны белгілі. Оған қоса, химиялық парктің шығарған өнімдері негізінде өңіріміздегі көптеген шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының жұмысы жаңаша қарқын алатыны да сөзсіз. Айта кету керек, Шу ауданы аумағындағы «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағы сияқты мегажобаның жүзеге асырылуы жергілікті жердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін, инфрақұрылымын, халықтың әл-ауқат деңгейін біршама өзгертіп, айтарлықтай оң өзгерістердің орын алуына әсер етеді. Сондай-ақ, экономикалық аймақтағы барлық кәсіпорын толық қуатында іске кіріскенде өңірімізбен қатар тұтас республиканың экономикалық өсімге қол жеткізуіне үлкен серпін беретіндігі даусыз. Ал, Үкімет басшысы Олжас Бектенов аудандағы жұмыс сапары барысында экономикалық аймақтың басқарма төрағасына жұмысты әлі де жандандыру қажеттігін тапсырды.
Ерғали Қартайған.