Ақпараттық портал

Елеуге тұрарлық ерен еңбек иелері

Әлемде мамандықтың түрлері сан алуан әрі көп. Ал, солардың ішінде жауапкершілік жүгі ауыр, халық үшін күн-түн демей, 24 сағат бойы қалтқысыз қызмет ететін ақ халатты абзал жандардың орны бөлек. Әр майталман маманның өз майдан даласы бар десек, ақ халатты абзал жандар ұрымтал жерден соққан дертке араша тұрып, бастан башпайға дейін тексеріп, қолына ине мен пышақтан қару алып, адам жаны үшін күреседі. Міне, саулығымыздың сақшысы болған медицина саласының батырлары қандай құрметке болса да лайық. Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша елімізде маусым айының үшінші жексенбісі – Медицина қызметкерлері күні аталып өтеді.
“Денсаулық сақтау саласын дамыту, дәрігерлерді барынша қолдау – мемлекеттің маңызды міндетінің бірі. Біз өздеріңіздің қажырлы еңбектеріңізді қашанда жоғары бағалаймыз. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге және олардың құқықтарын қорғауға әрдайым баса назар аударамыз”-деп ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі мәртебелі мамандық иелерінің абыройын асыруға мемлекет болып қолдау көрсету қажеттігін баса айтып отыр.
Сөз басында айтқанымыздай, осы мақаламызда дамыл таппай, түн ауған шақта да шырт ұйқыдан оянып, өзінің қызметін асқан жауапкершілікпен атқаруға барын салатын қызметкерлердің көзге көрінбейтін ерен еңбегін жазуды жөн көрдік. Біз сөз еткелі отырған аудандық орталық аурухананың қызметкерлері рентген-зертханашысы Увалиева Гузалия, Дария Алиева мен маммография лаборанты Шынар Дауренкуловалардың (суретте) жасап келе жатқан қызметі ауыз толтыра айтуға тұрарлық. Күн-түн демей қызмет етеді деуімізге дәлелді алға тартпасақ та мақұлдайтын жерлестеріміз жетерлік. Неге десеңіз, күнделікті күйбең өмірде оқыс оқиғалар, жазатайым сәттер орын алып жатады. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін байқаусызда дене мүшелерін жарақаттап, шығарып не сындырып алып жатса, тұмауы асқынып, жөтел қысса, ең алдымен рентгенге жіберіледі. Сондай-ақ, мемлекетіміз ана мен баланың саулығына баса мән беріп келеді. Қазіргі таңда неге екені белгісіз, сүт безінің қатерлі ісігіне шалдығатындар саны да артып келеді. Сондықтан да өмірге сәби әкеліп, еліміздің демографиясына айтарлықтай үлес қосып жүрген аналарымыздың саулығын бірінші орынға қойып, сүт безінің қатерлі ісігінің алдын алу да маңызды міндеттердің қатарында.
Гузалия Увалиева еліміз егемендігіне қол жеткізген 1991 жылы еңбек жолын бастап, содан бері аттай 33 жыл медицина саласында тер төгіп келеді. Ал, оның рентген зертханашысы болып елге қызмет еткелі 15 жыл. Гузалия Увалиевамен қатар жүріп, алма-кезек халықты рентгенге түсіріп келе жатқан Дария Алиева да осы салада бел жазбай 13 жылға жуық қызмет жасауда. Олар осы жылдардың ішінде қаншама адамды рентгенге түсіріп, сан мыңдаған елдің алғысына бөленіп келеді. Ал, Шынар Қуанышбекқызы еңбек жолын 1998 жылдан бастаған. Кейіпкеріміз флюрографияда біраз жылдар жұмыс істеп, одан кейінгі 5 жылға жуық уақыт маммография лаборанты болып еңбек етіп келеді. Ол бір жыл ішінде 3000-ға жуық әйел адамды скринингтен өткізеді. Рентген сәулелері ағзаға өте зиян деп, жылына 1-ақ рет өкпені тексеруден өткіземіз. Дегенмен де, құрылғыдан бөлінетін сәуле ағзамызға әрқалай әсер етеді. Мысалға, іш-құрылысымызды аппарат арқылы тексерістен өткізген соң, 3 жыл көлемінде рентгенге түсуге болмайды. Ал кеуде тұсымыздағы зиянды сәулелер 10 күн көлемінде тарқамайды. Сонда деймін-ау, жыл он екі ай зиянды сәулелер бөлетін құрылғының жанында сағаттап отыратын мамандардың өз жұмысына жанымен берілгендігі, өзінің саулығынан гөрі ел саулығын ойлауы, ерлік емей, немене?!
Сөз басын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзімен бастаған едік, сөз аяғын да Президентіміздің сөзімен аяқтаудың орайы келіп тұр. Ол медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаған сөзінде “Елімізде тұңғыш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы белгіленді. Бұл марапат халыққа қалтқысыз қызмет еткен нағыз майталман мамандарға беріледі” деген болатын. Ендеше, еңбегі бағалауға лайықты жандар Гузалия Увалиева, Дария Алиева мен Шынар Дауренкуловалар “Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері” атағын алып, сүйінші жаңалығымызбен «Шу өңірі» газетінде жазатын күнге жетейік деген ниетімізді жеткізгіміз келеді.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.