Шенеуніктер ауырмайды. Немесе жолдың жайын жүрген біледі
«Дүниеде басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ» деген сөздің түп-төркіні шындық. Төле би ауылындағы аудандық аурухана мен емханаға апаратын жолдың шұрық тесік болып, көлік түгілі жаяу жүргіншіге жүрудің өзі қиындап кеткенін ауру түгіл, сау адамның өзі айтып, реніштерін білдіруде.
«Жол қиындығын халық сайлаған депутаттар, басшы-шенеуніктер көрмей ме, жоқ олар ауырмай ма? Ауырып барған болса, көрер еді ғой. «Көрмес түйені де көрместің» керімен байқамай, жұмсақ әрі жайлы көлікпен сырғытып өте шығатын шығар?! Ешкім ауруханаға қыдырып келмейді ғой, бәрінен бұрын ауруханаға апаратын 200-300 метр жолды үнемі бақылауда ұстап, дер кезінде жөндеп, көпшіліктің талап-тілегіне құлақ асып, жұмыс жасалып жатса, дау қәне?!»,-деп біраз қатқыл сөздерді қосқан Өмірбек ақсақал ренішін білдірді.
Әлеуметтік жағдайымыз әлденіп, күннен-күнге байып жатырмыз десек те, осы жол мәселесінің жыры бітпейтін эпопея ма дерсің?! Басқа мекеме, ұйымдарға баратын жолдардың жағдайын қайдам, күніміз түсіп бармаған соң білмейміз. Салынған жолдың сынама мерзімі бітпей жатып, құрақ көрпе құрағандай тесік жамап жүрген жолшылардың тірлігіне қарның ашады. Жол пайдалануға берілгенде өткізіп жатқан мердігер компанияның жұмысын қабылдайтын техникалық жол сарапшыларының тірлігі «жаны ашымастың қасында басың ауырмасынның» кері ме дерсің? Қазір автокөлік екінің бірінде бар. Көбейген сайын жол мәселесі күрделеніп бара жатқаны бәрімізге белгілі.
Жолға бөлінген қаржының қалай жұмсалатынын зерттемей-ақ қояйық. Басқа мекемелерді былай қойғанда халыққа ең қажетті, қызметі зор ауруханаға жұртшылықтың қиналмай келіп-кетуіне жағдай жасалғаны керек болып тұр. Аурухана төңірегіне егілген гүлдердің кіріп-шыққан автокөліктердің екпінінен ұшқан шаң тозаңына тұтығып, берекесі қашып тұр. Егер жол сапалы асфалтьпен төселген болса, мұндай келеңсіз жағдайлар болмас еді. Емхана жақ бетіндегі жедел қабылдау бөліміне көпшілік жиі қатынайтыны белгілі. Алайда, емге келген көлік иелері үшін тұрақ орны жоқ. Амалсыз, іркес-тіркес тоқтаған көліктер бір-бірінің жүріс қауіпсіздігіне кедергі келтіруде. Аурухана төңірегіндегі жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлардың да жағдайы мәз емес. Жалпы, аурухана төңірегі ғана емес, аудан көлеміндегі жол сапасы көңіл көншітпейді. Аудан орталығындағы Абай көшесінің бойында тура жолдың ортасында су құбырларының қақпақтары шошайып тұрғанына да көп болды. Кез келген көліктің астына тиіп, жүргізушілердің ренішін туғызып жатқанын күн де көріп жүрміз. «Жалпы, жол бұлай жөнделмейді. Жол ортасында ешқандай шошайған нәрсе болмау керек. Соңғы кезде жаяу жүргіншілер мен үлкен жолдың бойына салынып жатқан тротуарлардың бойына орнатылып жатқан бордюрлердің биіктігі стандартты қалыпқа сай емес. Өте биік қып орнатып жатыр. Негізі жол бетінен 5-7 сантиметр ғана биік болу шарт. Сонан соң түрлі жағдайларда автокөліктердің жолдың сыртына шығуына кедергі келтіріп, оқыс жағдайлардың орын алуына себепкер болады. Айта берсең, шыға береді. Мен мұны 40 жыл жол құрылысында істегендіктен айтып отырмын. Жолдардың мерзімінен бұрын бүлінуі, асфальт жабындының астындағы қиыршық төсеніш тастың қатты нығыздалмағанынан болады. Белгіленген норматив бойынша сапалы жол халыққа кем дегенде 4 жыл қызмет етуі тиіс»-деп қазіргі таңда құрметті демалыстағы ардагер Төрехан Асатілдәұлы Сегізбаев өз пікірімен бөлісті.
Көлік қозғалысының басты негізі болып саналатын жол мәселесі күн тәртібінен түспейтін, ең өзекті тақырып. Аудан орталығы – Төле би ауылының Т.Әубәкіров, Т Рысқұлов, Абай көшелеріндегі жөнделеді деп арнайы ойып алынған шұқанақтар апталап емес, айлап жататын әдет болды. Ауылішілік көлік жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары біз жақта қар жауып, күн суытқанда басталатынын көріп жүрміз. «Неге» деген сұрақтың жауабы сөзжұмбақ күйінде қалатыны тағы белгілі. Жолдың сапасы жолшылардың ар-ұятымен, жол сапасын тексеретін ұлттық мекемелердің біліктілігімен өлшенуі тиіс. Десек те, жолдан кертіп жейтін жегіштер жол азабын тартып жүрген елге қиянат жасап жүргендерін білсе ғой… Әй, қайдам?!
Несіпхан Қоңырбаев.