Ақпараттық портал

Жоба жаңа бағытта жүзеге асырылуда

 

Газетіміздің өткен сандарының бірінде
осыдан бірнеше жыл бұрын Жамбыл облысының басшылық қызметін Асқар Мырзахметов тізгіндеген тұста осы азаматтың бастамасымен Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасынның іске қосылғандығы, 2019 жылы пилоттық режимде қолданысқа енгізіліп, бұл жобаның күні бүгінге дейінгі жүзеге асырылу жайы туралы сұхбат негізіндегі мақала жарияланған болатын. Алғашында бес бағыттан құралған аталмыш жобаның қазіргі таңда өңірімізде жүзеге асырылу барысы қандай? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде жуырда аудан әкімінің ауыл шаруашылығы саласы бойынша орынбасары
Бақыт Аязұлы Бетбаевпен тілдесіп, біраз мағлұматқа
қанық болған едік.

Жалпы, о баста «Ауыл аманаты» жобасы өңдеу саласына қатысты жобаларды, өсімдік шаруашылығын дамытуды, ауылшаруашылығы кооперативтерін жабдықтауды, өзге де бизнес жобаларды қаржыландыруға бағытталды. Қарапайым тілмен айтар болсақ, үй іргесіндегі егін шаруашылығын дамыту, үй іргесіндегі мал шаруашылығын дамыту, кооперативтер құру және оны техникамен жабдықтау, сол арқылы яғни, кооператив техникасының көмегімен ауыл сыртындағы егістік жерді игеріп, тиімді пайдалану, кәсіпкерлікті дамыту ісіне бағытталды.
Бұл жобаның тиімді тұсы тұрғындардың төмен пайыздық шағын несиемен қамтылуында. Алайда, несиелендірудің өзіндік шарттары бар.
Жобаның бірінші бағытымен үй іргесіндегі егін шаруашылығын дамыту бойынша ауыл тұрғыны шекті мөлшерге дейінгі сомада несие ала алады. Екінші бағыт аясында үй іргесіндегі мал шаруашылығын дамыту бойынша үкіметтен кепілмен 8 млн 600 мың теңге несие ұсынылады. Ал, үшінші және төртінші бағыттар бойынша несие берілмейді, ауыл тұрғындары тарапынан жылжымайтын мүлік кепілге қойылмайды. Өйткені, бұл тұста ауыл сыртындағы жерді пайдаға жарату үшін тек кооператив құрылады да, ол қажетті техникамен қамтылады. Мұндағы лизинг арқылы ұсынылған техника кепіл болып саналады. Ал, кейбір ауылдарда тұрғындардың сұранысы бойынша айналым қаражат беріледі. Жобаның бесінші бағыты жеке кәсіпкерлікті дамытуды көздегендіктен, бұл бағытқа қатысушыға соңғы өзгеріс бойынша кооператив құру ісіне 29 млн. 500 мың теңгеге дейінгі сомада несие беріледі. Егер, кәсіпкер осы соманы 3 жыл ішінде толықтай өтейтін болса, екінші мәрте 100 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік туындайды.
Бұл туралы жоғарыда айтып өткендей, бұған дейін газетімізде бірнеше мәрте жазылып, несие алудың тәртібі мен талаптары жөнінде де нақты мәлімдеме жасалған. Жоба басталған 2019 жылдан бері оған ауданымыздан 5 ауылдық округ қатысып, бес бағыт бойынша 715 өтінім қарастырылып, барлығы 4,2 млрд. теңгеге несиелендірілген.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында 5 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, кооператив мүшелері үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы жерлерді игеру мақсатында 104,0 млн. теңге айналым қаражат алып, ауыл шаруашылығы дақылдарын егуде. Сонымен қатар, 452,1 млн. теңгеге 49 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға өтінім беріліп, 40 дана техникасы жеткізілді. Алдағы уақытта 9 дана техника кооператив төрағаларына ұсынылатын болады. 705 ауыл тұрғыны 3,6 млрд. теңгеге 21 394 бас мал сатып алған (МІҚ – 2168 бас, жылқы – 1093 бас, қой – 18 133 бас).
Бүгінгі күнге дейін жобаның бесінші бағытымен яғни, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 5 адам 34,6 млн.теңгеге несие алып, жұмыс жасауда. Мұның барлығы кейбір тұрғындардың тұрмыс сапасының артуына өзіндік ықпалын тигізіп, нәтижесінде аудан тұрғындары арасында атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны жобаға қатысқан елді мекендерде 175 тен 32-ге яғни 81,8 пайызға төмендеген.
Ал, ағымдағы жылы облыстағы билік өкілдерінің шешімімен «Ауыл аманаты» жобасының мазмұны біршама өзгертілген. Нақты айтар болсақ, Б.Бетбаевтың мәлімдеуінше, жобаның алғашқы төрт бағыты бойынша өтінім қабылдау тоқтатылып, тек бесінші бағыт – кәсіпкерлікті дамыту бойынша өтінім қабылдау жөнінде ұйғарым жасалған. Осы мақсатта жыл басында 96 өтінім (құны 746,8 млн теңге) жинақталып, тиісті жұмыстар жүргізілсе, уақыт ағымында өтінім саны артып, бүгінгі таңда шамамен жүзден астам өтінім қабылданған (сомасы 1 млрд. 150 мың теңге көлемінде). Жоба алғаш іске қосылған жылдары аудан орталығынан шалғайда жатқан ауылдарды қамту мақсатында аудан орталықтары мен Шу, Қаратау, Жаңатас қалалары «Ауыл аманаты» жобасына енгізілмей қалған екен. Енді, биылғы жылы «Ауыл аманаты» жобасының жаңа бағытта жүзеге асырылуына орай, оған Шу қаласы мен Төле би ауылдық округі енгізіліп отыр. Сол себептен, жоғарыдағы өтінім иесінің ішінде қалалық тұрғындар да барын айта кеткен жөн. Жинақталған өтінімдер бойынша жұмыстарды Шу қаласы мен 18 ауылдық округте іске асыру жоспарлануда.
-Жалпы, кәсіпкерлік бағыт дегенде кішігірім өндіріс орнын, балық фермасын, құс фермасын ашу, шаштараз, тігін цехы, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу орындарын ашу сынды бастамаларды жүзеге асыруға болады. Бір әттеген-айы, аудан бойынша бір мезетте барлық ауылдық округтер қамтылмады. Алайда, бастапқыда жобаға қатысқан бес ауылдық округтен кәсіпкерлік саласы бойынша жаңадан өтінім бергендер өз жұмыстарын жалғастыра алады. Мысалы, малы бар, айран, қымыз өндіретін арнайы жабдығы жоқ азаматтар осы бағытта өтінім беріп, кәсібін өрбітуіне болады.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсіпкерлік бағыт бойынша бастапқыда несиеге 5 млн. теңге, бес жыл мерзімге ұсынылатын. Кейін қаражат мөлшері 7 млн., 8 млн. теңгеге артса, қазіргі уақытта кепілге қойылатын мүлік бағасына байланысты берілетін несие сомасы 9 млн 500 мың теңгеге дейін өсті.
Тұрғындар үшін тағы бір маңызды мәлімдеме ретінде үш адамның бірігуімен кооператив құру ісі жобада қалғандығын айта кеткен жөн. Алайда, ол кәсіпкерлік бағытта болуы тиіс. Оған берілетін несиенің шекті сомасы 29 млн. 500 мың теңгені құрайды. Бастапқыда жоба бойынша кооператив құру ісі тек ауылшаруашылығы саласының мақсатына негізделген еді. Яғни, ауыл сыртындағы жерді игеру, оған қажетті техникамен жабдықтау жүзеге асырылған. Енді, бұл бағытқа қалалық тұрғындар да өтініш беріп, жоба қатысушысы болуда. Өйткені, көптеген азаматтар шағын кәсіпкерлік жұмысы ауылдық жерлерге қарағанда қалалық жерде қарқынды дамитынын алға тартады. Сол себептен, жобаның бағыты да тұрғындар сұранысына сай өзгеріп, іске асырылуда. Мұның өзіндік талабы бар. Ашылған кәсіпкерлікте екі жұмыс орны болу керек. Ашқан адам өзін өзі жұмыспен қамтып, оның орны бір жұмыс орны болып есептелсе, оған қоса тағы бір адамды жұмыспен қамтуы шарт. Сонымен қатар, үй маңындағы жылыжай жұмысы да жобада қалуда.
Тағы бір ескеретін жайт, қаражат қолға берілмейді. Шоттан шотқа аударылады. Өтінім қабылдау мамыр айының аяғында басталып, өзіндік себептерге байланысты бізге берілген нұсқау бойынша жедел әрі қысқа мерзімде жүзеге асырылып, қазіргі уақытта бұл жұмыс аяқталып келеді. Алайда, бұл бойынша жергілікті әкімдерге тапсырмалар беріліп, тиісті түсіндіру, насихат жұмыстары жүргізілді, әлеуметтік желіге салынды. Жалпы, өтінім берушілер арасында кәсіпті жаңадан бастап жатқандардың саны басым,-дейді Б.Бетбаев.
Жобаға қатысқан тұрғындар өз кәсіптерін дөңгелетіп, табысты тұрмысқа бет бұрады. 2,5 пайызбен берілетін несиенің бір жыл каникулы бар. Яғни, бір жылға дейін кәсібі бір жолға түскенше несие төленбейді және несие төлеу кестесін әр азамат өзіне ыңғайлы уақытқа белгілеу мүмкіндігі бар. Оны ай сайын, алты айда бір немесе бір жылда бір рет төлейтіндей етіп жасауға болады. Тұрғындарға ең тиімдісі несиеге қойылған кепіл 0,7 коэфицентпен, яғни 70 пайызбен несиеленеді. Жобаға қатысуға ешқандай қаражат төлеудің қажеті жоқ.
Осындай артықшылықтарға қарамастан, өтінім берушілер арасында қол жеткізген қаражатты мақсатты жұмсамайтындар да бар көрінеді. Әсіресе, мал шаруашылығын дамыту бағытына ұсынылған қаражат мақсатсыз шығындалып жатады. Оған қоса, соңғы жылдары мал өсіру, мал шаруашылығын дамыту ісіне облыс аумағында жайылымның тарлығы да өзіндік ықпалын тигізген. Ағымдағы жылы «Ауыл аманаты» жобасының мал шаруашылығын дамытуға арналған бағыттарын қолданыстан шегеріп, тек бесінші бағыт – кәсіпкерлікті дамыту ісін жалғастырудың бірден бір себебі де осы болып отыр.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.