Іскер басшы болатұғын Бейсеев
Жамбыл облысының өсіп-өркендеуіне, экономикасының нығаюына, ауыл шаруашылығының қарқынды дамуына және әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешілуіне үлкен үлес қосқан атпал азамат Бейсеев Халил Сағынбекұлының өмірден озғанын Шу өңіріндегі аға ұрпақ өкілдері де күйзеліспен қабылдады. Қазыналы қария Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін 1985–1991 жылдар аралығында атқарған. Осы кезеңде Халил Сағынбекұлының ұйымдастыруымен ауданның көп салалы шаруашылықтары түпкі нәтижеге
қол жеткізді.
Бұған айта берсек мысал көп. Соның жарқын бір дәлелі, аудандық «Шу өңірі» газетінің 1987 жылғы желтоқсан айындағы бір санында жарияланған аудандық партия комитеті бюросының тезисінен мынадай бір үзінді келтіре кеткенді жөн көрдік:
«Біз ауданымыздың ауыл шаруашылығы өңдірісінің барлық негізгі көрсеткіштері бойынша мемлекеттік жоспарларды орындай алмай келгендігін білеміз. Бұған дәлел ретінде ауданымыздың 1981 – 1985 жылдары мемлекетке 6 миллион 369,6 мың сом қарыздар болғанын айтсақ та жеткілікті. Өткен мерзім ішінде ауданымыздың елді мекендерін көріктендіруге, әлеуметтік– мәдени мақсаттағы нысандарды салуға ерекше көңіл бөлінді. «Новотроицк» селосы мен «Алға» совхозында Даңқ аллеялары жасалды. «Тасөткел» совхозында 280 орындық балалар бақшасы, «Белбасар» мен «Новый путь» совхоздарында әкімшілік ғимараттары салынды. «Дружба» сов-хозында 1176 оқушыға арналған орта мектептің құрылысы аяқталуға жақын қалды. Өткен бесжылдықтың орташа көрсеткіштерімен салыстырғанда 1986 жылы еңбек өнімділігі 2,1 есеге, астық өндіру 2,4 есеге, ет 1,15 есеге, сүт 1,19 есеге , жүн 34,8 тоннаға артты.
Жалпы өнім шығару жоспары 111,5 процент орындалып, тапсырмадан тыс 254 мың сомның өнімдері өндірілді. Бұдан басқа 2060 мың сомның өнеркәсіп тауарлары таратылды. Бұл өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 400 мың сомға көп.
Аудан малшылары үстіміздегі жылдың он бір айында мемлекетке 11187 тонна сүт сатып, жылдық жоспар 107,5 процент орындалды. Соның ішінде сүтті мал ұстаушы 13 шаруашылықтың 10-ы сүт сату жоспарын мерзімінен бұрын орындады. Жүн сату жөніндегі жоспар да асыра орындалды. Әр жүз аналықтан қозы, торай, құлын алу жоспары екі жыл қатарынан орындалып келеді. Малдың өнімділігі де арта түсті. Үстіміздегі жылдың аяғына дейін аудан шаруашылықтары 25 миллион сомнан астам пайда алады деп көзделуде».
Осылайша жыл өткен сайын аудан абыройы артып, Шу елінің мерейі таси түседі. Өзара социалистік жарыста оза шапқан шулықтардың шоқтығы биіктей береді. Ел мерейінің еселене түсуіне партиялық пәрменділік пен бақылаудың дұрыс жолға қойылғандығы негіз болады. Сондай-ақ бастауыш партия ұйымдары мен аудандық партия комитеті пленумдарында қызу талқыланған көкейтесті мәселелер оңды шешіле бастады. Сын мен өзара сын әсері де күшейе берді. Біреуді сынау кезінде қара бастың қамы үшін емес, қоғамдық мүдденің жүзеге асырылғандығы басты міндет саналады. Өйткені, «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп халқымыз орынды айтқан.
Халил Сағынбекұлы аудан басшысы болған кезде ауыл шаруашылығының тиімділігін, оның түпкі нәтижесін қамтамасыз етуді басты назарда ұстады. Сонымен қатар аудан орталығы, бұрынғы Новотроицк селосы мен басқа да елді мекендерді көріктендіруге, абаттандыруға өзі де білек сыбанып кірісті. Қарамағындағы қызметкерлерінен де осыны талап етті. Бірінші басшы талапты дұрыс қойып, оның орындалуын қатаң бақылағандықтан қолға алған істері ел игілігіне қызмет етті. Ол кезде ауыл шаруашылығындағы науқанды жұмыстар қауырт жүргізіліп жатса да, шаруада шалағайлық болған емес. Қант қызылшасы уақытылы суғарылып, агротехникалық шараларға сәйкес күтіп-бапталды. Тәтті түбірден тау тұрғызылып, Шу қант зауыты тонналаған құмшекер қаптарын шығарып жатты. Сүт өндіруде ұлғайып, Шу сүт зауытының өнімділігі арта түсті. Айта берсек, мұндай мысалдар бүгінгі жастарға ертегі естіп отырғандай әсер ететін шығар?! Сол кездегі еңбек адамдарының табан ақы, маңдай терімен ел дәулеті, халық қазынасы толыға түскендігі айдан анық.
– Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Жеңістің қырық жылдығын жоғары деңгейде атап өтуде шулықтар да аянып қалған жоқ. Осы тұста аудан орталығындағы орталық саябаққа алдын ала талқыланып жасаған жоба бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сол кезде ауданда «Чусовхозводстрой» тресі егіншілік мәдениетін арттыруға, осы саланың тиімділігін кеңейтуге көптеген күш жұмсады. Осы треске қарасты жылжымалы механикаландырылған колонналардың ұжымдары аудан басшысының тікелей тапсырмасымен саябақты абаттандыруға қызу атсалысты. Қазіргі тілмен айтқанда, құрылыс ұйымдарының қай-қайсысы болса да өз тараптарынан демеушілік көмек көрсетті. Атап айтқанда, аудандық электр қуатымен қамтамасыз ететін мекеме қазіргі Төле би көшесінің бойындағы электр бағаналарын толықтай жаңартты десе де болады. Қазіргі Балуан Шолақ көшесінің қос қапталына арықшалар тартылып, оның жақтауына бетон төселіп, сылдырап су ағып жатқандығын бүгінгі аға буын өкілдері жақсы біледі. Ең бастысы, орталық саябақтың дәл ортасынан жаяу жүргіншілер үшін кең қанатты жол жасалды. Ауданнан шыққан Кеңес одағының батырлары мен Социалистік Еңбек Ерлерінің құрметіне көпұлтты еңбек адамдарының мүсіндері биік тұғырға орнатылды. Осы бір «Даңқ» аллеясы Шу өзенінің жағасына дейін ұзартылып, әлі күнге дейін шулықтар мен аудан қонақтарының бір сәт демалатын құтты орындарына айналды. Жаз айларында күннің қызуы қырық градустан да асып кететіні ескеріліп, Төле би көшесі мен «Даңқ» аллеясына дейінгі аралықта төрт субұрқақ жасалынып, халыққа пайдалануға берілген еді. Бұған саябаққа кіреберістегі арнайы қойылған белгі айғақ болады.
Шу ауданында Халил Бейсеев бағындырған белестер аз емес. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өндірісінің ұтымды ұйымдастырушысы, Шу ауданының Құрметті азаматы Жұмахан Оспанов бізбен әңгімесінде былай деген еді:
– Халил Сағынбекұлы, ой-өрісі кең, парасатты, жауапкершілігі жоғары, жұмысқа жан-тәнімен берілген азамат болды. Ұйымдастыру қабілеті жоғары, жаңалықты жатсынбайтын азамат еді. Бойындағы ар-намыс, күш-жігерін адал еңбекке арнаған, ой-толғамы жан-жақты, жалпы жөн-жобаны білетін, жақынды емес алысты болжап, келешек үшін әрекет еткен жан еді.
Жұмыс басына келгенде әрқашан механизаторларға жолығып, айдап жүрген техникасын қалай қарайтынын анықтап, ақыл-кеңесін назарынан тыс қалдырмай айтып жүретін. Әділдік пен шынайылықты өмірлік ұстанымы еткен азамат болды. Ауданымыздың шаруашылығының барлық саласына, яғни білім мен өнерге, ғылымға, озық технологияға, ғылыми жаңалыққа жаны құмар болды. Жұмысты әрқашан зерделеп, саралап отырып, жақсы-жаман жағын ажыратып, әрқашан сапалы, тиімді, тиянақты, өнімді жұмыс істеуіне талап қойып, орындата білетін.
Х.С.Бейсеев Шу ауданында Еңбек Ерлерінің аллеясының негізін салып, еңбек адамдарын мадақтау мен дәріптеуді көрсете отырып, аудан орталығының орталық көшелерін көрікті болуына ыңғайлады.
1988 жылдың көктемінде мен күтпеген бір оқиға болды. Ол кезде облыстық «Ақ жол» газетінің меншікті тілшісі болатынмын. Бір күні аудандық «Шу өңірі» газетінің редакциясына жолым түсті. Өз арамызда «Миша ағай» деп атап кеткен кісі Умэлс Шоқалақов қарсы жолықты.
-Ахметжан, келгенің қандай жақсы болды. Менің кабинетіме жүрші деп, жол бастады. Жайшылықта тау қозғалса да қозғала қоймайтын жігіт ағасының табан астында асып-сасқанына таңқалғаным бар. Өкшесін басып келе жатып:
-Ағай, жайшылық па? – деп мен де дегбірсіздендім.
– Саған айтар бір сырым бар,-деп кабинетінің есігін іштен құлыптап алды.
– Айтайын дегенім, редакторымыз Құдабаев аупарткомға қызметінен босату жөнінде өз өтінішін түсіріпті. Естуімше, облыстық «Еңбек туы» газетіне ауысатын көрінеді. Сен қашанғы меншікті тілші болып жүре бересің?-деді.
– Айтар ойыңыз қандай? – дедім.
-Менің естуімше, бір-екі парторг редакторлық қызметке сұранып жүрген сияқты. Бірақ олар сен сияқты журналист емес қой. Еңбек жолыңды редакциядан бастап едің, енді оның басшысы болғаныңды қалаймыз,-деп ойын түйіндеді.
-Ағай, сіз қызық екенсіз, мені кім редактор қоя салады?
-Меншікті тілші ретінде Бейсеевпен талай мәрте бірге жүргеніңді, жиналыстарына қатысқаныңды жақсы білемін. Сол кісіге өзің барып жолықсаң, меселіңді қайтармайтын шығар.
-Миша ағай, сіз мені қолдап тұрғаныңызды түсінемін. Бірақ аудан басшысының алдына барып жауапты қызмет сұрағаным ұят емес пе?!
Өзара әңгімеміз осылайша шорт үзілді. Ертесіне облыстық редакцияның тапсырмасы бойынша көрші Мойынқұм ауылына іссапарға шығып кеткен едім. Бір домалақ арызды тексеріп біткенше арада үш-төрт күн өтіп кеткен. Ауылға қайтар жолда Мойынқұм аудандық «Коммунизм таңы» газеті редакциясындағы әріптестеріме сәлем беру мақсатымен қадам басқан болатынмын. Редактордың қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз мені көре салып, жерден жеті қоян тапқандай қуанғаны бар емес пе?! «Ағай сізді кешелі бері Шу аудандық партия комитетінің қабылдау бөлімінен телефон шалып іздестіріп жатыр» деп, төбеме жай түсіргендей болды. Адамға алдымен жаман ой келеді. Бұдан бұрын ешкім де іздестірген емес, не болып қалды екен деп іштей тебірендім. Ол кезде қазіргідей ұялы телефон үш ұйықтасаң да түсіңе кірмейтін.
Келесі күні Шу аудандық партия комитетінің қабылдау бөлмесіне қадам бастым. Аман-саулық сұрасқаннан кейін хатшы әйелге: «Мені не үшін іздеп жатырсыздар?» деп тесіле қарағаным бар. Әлгі адам: «Не үшін шақыртып жатқанын бірінші хатшының өзі айтар. Ол жағы маған беймәлім. Бейсеев жолдас шаруашылықтарды аралап кеткен еді, қазір келіп қалар» деп жағдайды баяндады. Көп кешікпей аудан басшысы да келіп жетті: «Аздап күте тұр, қабылдаймын» деп жылы жүз танытты.
Басшының шақыртуы бойынша жұмыс кабинетіне бір үміт, бір күдікпен енгендеймін. Ол кісі алдындағы қағаздарын бір жағына сырып қойып:
-Ахметжан Ақбұқаұлы, мен өмір дерегіңмен тағы да танысып шықтым. Екі жоғары білімің бар екен. Екеуі де журналист екеніңді айғақтап тұр. Осы саладағы іс-тәжірибеңнің толысып келе жатқандығын ескеріп және облыстық газеттің редакторы Арғынбай Бекбосыновпен келісе отырып, өзіңді Шу аудандық «Шу өңірі» газетінің редакторы қызметіне тағайындауға ұсыныс жасауға ұйғарып отырмын. Өзің қарсы емессің бе? – деді.
Дәл осындай мәселенің табан астында көтерілетінін күтпеген едім. Бірақ бәзбіреулердей ойланып-толғанып көрейін деп шалқақтамадым.
-Халил Сағынбекұлы, сіз сенім артатын болсаңыз, үмітіңізді ақтауға бар күш-жігерім мен білімімді жұмсаймын,-деп жауап қаттым.
Аудан басшысы ішкі телефон байланысын құлағына тосып еді, ар жақтан сізді тыңдап тұрмын деген жарқын дауыс естілді. Алдағы болатын бюро мәжілісіне Қосақовтың кандидатурасы енгізілсін деп тиянақты тапсырма берді. Бұдан соң Жамбыл облыстық партия комитетінің кезекті бюросынан да өтіп, өзімнің шығармашылық жолым басталған аудандық «Шу өңірі» газетінің редакторы болып тағайындалдым. Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырған себебім, аудан редакторын тағайындауға да үлкен көңіл бөлінетін. Құдайға шүкір, зейнеткерлік жасқа жетіп, құрметті демалысқа шыққанға дейін редакторлық қызметті атқарғанымды мақтан тұтамын.
Ана жылдары Халил Бейсеев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер болып, Шу сайлау округі бойынша тіркелді. Бұл кезде ол кісі де жаңадан зейнеткер атанған болатын. Әйткенмен, туған халқына халық қалаулысы ретінде қызмет көрсете беруді шынайы қалаған. Үміткердің өз өтініші бойынша мен ол кісінің сенімді өкілдерінің бірі болдым. Екеуміз Шу ауданының шаруашылықтарын түгелдей аралап, сайлаушылармен бірнеше кездесулер өткіздік. Ауыл адамдарының Бейсеев жолдасқа деген ықыластарының бөлек екендігін байқадым. Әсіресе, аға ұрпақ өкілдері: «Халеке, сізден басқа кімге дауыс береміз? Ауданды басқарған кезде әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз айтарлықтай жақсарды. Еңбегіңіз ақталып, мәжіліс төрінен орын алыңыз дегендей ақ тілектер аз айтылған жоқ. Өкінішке қарай, сайлау қорытындысы бойынша Халил Бейсеев депутаттыққа өте алмады. Бұл соңғы сайлау емес қой, тағы да бағыңызды сынап көрерсіз деп сенім артқан едік…
Қазақстан Республикасы Инженер академиясының корреспондент мүшесі, техника ғылымының кандидаты болған Халил Бейсеев туралы суық хабарды естігенде мынадай өлең шумақтары ақ қағаз бетіне түсті:
Бір ауданда бірге қызмет атқардық,
Талап қойғыш екеніңді аңғардық.
Тапсырмасын бақылауда ұстайтын,
Үлгі болар өнеріне таңдандық.
Ауыл жайын көзбен көрді аралап,
Олқылықты зерделеді саралап.
Бәрінен де жалқауларды жек көрді,
Бірін-бірі жүретұғын қаралап.
Қабылдаса құлақ қойып тыңдайтын,
Сөз арнасын басқа жаққа бұрмайтын.
Қолдан келсе көмегін де көрсетіп,
Намысың мен жігеріңді шыңдайтын.
Жұмысшыны бағалады, баптады,
Қай кезде де әділдікті жақтады.
Кей басшыға салқын қабақ танытып,
Бюроларда сын отына қақтады.
«Халеке» деп құрмет тұтты ел сеніп,
Кірісті ол іс дегенге белсеніп.
Жоғын жоқтап, Шудың даңқын арттырған,
Іскер басшы болатұғын Бейсеев.
Ахметжан Қосақов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері.